Әр істің өз бастауы бар. Бірі – арманнан басталса, енді бірі – талпыныстан тамыр тартады. Ал талпыныс табандылықпен ұштасқанда ғана үлкен нәтижеге жол ашылады. Бүгінде елімізде қанатын кеңге жайып келетін armback спорты осының айқын дәлелі.
Алғаш рет Астана төрінде тұсауы кесілген спорт түрі бүгінде республика көлемінде кеңінен танылып, елдің әр өңірінен спортшыларды бір алаңға тоғыстырып отыр. Күш пен жігерді, төзім мен табандылықты таразылайтын үлкен доданың өзегінде спортшының жеңіске деген құштарлығы, тынымсыз еңбегі мен сарқылмас құлшынысы жатыр.
Игі бастамадан Жетісу өңірі де шет қалған жоқ. Облыс намысын арқалаған жігіттер жарысқа тыңғылықты дайындалды. Олардың жаттығудағы әр қимылына, әр белдесуге деген жауапкершілігіне қарап, бұл еңбектің нәтижесіз қалмайтынына сендік. Оның үстіне, мен де осы дүбірлі додаға қатысушылардың қатарынанмын. Спортшы ретінде жарысқа дайындалу бір бөлек те, ел намысын арқалап, татамиге шығу мүлде бөлек сезім. Себебі сол сәтте сен тек өзің үшін емес, артыңда тұрған командаң, туған өңірің үшін күш сынасасың.
Тартысты бәсеке Түркістан қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде өтті. Спорт кешенінде бірде қуаныштың, бірде өкініштің үні естілді. Бірі – жеңістен кейін қуаныштан бөркін аспанға атса, енді бірі – жеңілістің ащы дәмін сезініп, көз жасына ерік берді. Өз басым жарыс барысында бір нәрсеге анық көз жеткіздім: физикалық дайындық қаншалықты маңызды болса, психологиялық дайындық та соншалықты қажет. Жетісу құрамасының физикалық тұрғыдан жақсы дайындықпен келгеніне қарамастан кейбір сәттерде психологиялық тұрғыдан әлсіздік танытқанымыз байқалды. Бұл алдағы жарыстар алдында ерекше назар аударуды қажет ететін дүние. Дегенмен командалық есеп көңіл көншітті. Чемпионат қорытындысында Өскемен қаласының құрамасы қола жүлдеге, Ақтөбе облысының командасы күміс жүлдеге, ал шырайлы Шымкент қаласының құрамасы чемпиондық атаққа ие болды. Жетісу облысының құрамасы да жүлделі орыннан көрінді. Бұл команданың еңбегі мен табандылығының нәтижесі.
Түркістан сапарына тәжірибе жинадық, өзіміздің әлсіз және мықты тұстарымызды таныдық, жаңа мақсат қойдық. Халқымызда «Жүргенге жөргем ілінеді» деген жақсы сөз бар. Ендеше, бүгінгі сүрінуіміз ертеңгі үлкен жеңіске бастасын. Бәлкім, біз үшін арман болған Олимпиада шыңының төрінде бір күні Жетісудың Көк туын желбіретерміз. Өйткені спорттың жолы осындай.
Ал armback жай ғана спорт емес, адамдарды бір мақсатқа жұмылдыратын, өңірлерді жақындастыратын, достық пен бауырластықты нығайтатын үлкен орта. Түркістандағы республикалық чемпионат соның бір дәлелі.
Жәнібек ЕМБЕРГЕН,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенті





