Қазақстандықтардың өмір сүру жасы ұзарды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі (ДСМ) мәлім етті.
1991 жылдан 2025 жылға дейінгі демографиялық деректерді талдау халықтың өмір сүру сапасы мен денсаулық жағдайында түбегейлі өзгерістер болғанын көрсетеді. Қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы (КӨҰ) 75,97 жасқа жетіп, тәуелсіз мемлекеттің тарихындағы абсолютті рекордты орнатты, – деп хабарлады ДСМ баспасөз қызметі.
Министрліктің дерегінше, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, 1991 жылы өмір ұзақтығының орташа көрсеткіші 67,6 жас болған (2001 жыл – 65,6, 2011 жыл – 68,98, 2021 жыл – 70,23). Осылайша, үш жарым онжылдық ішінде ел азаматтарының орташа өмір сүру ұзақтығы 8 жылдан астам уақытқа артты.
Өмір сүру ұзақтығына әсер ететін маңызды факторлардың бірі – инфекциялық емес аурулармен (ИЕА) күрес бойынша іске асырылып жатқан шаралар. 2025 жылы Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Еуропалық өңірінде инфекциялық емес аурулардан болатын өлімді 25%-ға төмендеткен елдердің алғашқы ондығына енді. Бұл көрсеткіш ДДҰ-ның Еуропалық жұмыс бағдарламасының нысаналы индикаторы болып табылады. Оң динамика денсаулық сақтау жүйесін дамыту, халықтың өмір сапасын жақсарту және өлімді төмендету бойынша мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін айғақтайды, – делінген ведомство хабарламасында.
Қазіргі таңда Қазақстан Үкіметі 2029 жылға дейінгі денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде елдегі күтілетін өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін жеткізу жөнінде өршіл мақсат қойып отыр.
Дереккөз: BAQ.KZ





