Жаяу жүргіншілерге арналған әлемдегі ең ұзын жол елімізде орналасқан. Алайда Гиннес рекордтар кітабы бұл жаңалықты әлі тіркеуге асығар емес. Бірақ ресми деректермен сандар Петропавлдағы жаяу жүргіншілерге арналған жолдың ұзындығынан бөлек, тарихы терең екенін айғақтайды.
Петропавлдағы жаяу жүргіншілерге арналған Конституция көшесінің ұзындығы – 2,2 шақырым. Бұл бүгінде әлемдегі ең ұзын жаяу жүргіншілерге арналған Данияның Копенгаген қаласындағы Строгет көшесінен (1,8 шақырым) ұзын.
– Жалпы алғанда, бұл көше барлық жағынан бірегей және туристік нысан ретінде әлемдік карталарға енуге лайық. Гиннес рекордтар кітабының өкілдігіне ресми хат жаздық. Одан кейінгі қадамды жауапқа байланысты жүргіземіз. Егер Гиннес рекордтар кітабы өтінімімізді мақұлдамаса, біз басқа мүмкіндіктерді қарастырамыз. Көшеміз әлемдік рекордтарға өтпесе – алдымен республикалық деңгейде мәртебесін бекітеміз, содан кейін ТМД мен әлемдік деңгейде қайтадан ұсыныс жасаймыз. Көбісі өңірімізде туризм тұрғысынан тек Имантау-Шалқар курорттық аймағын жақсы біледі, ал Петропавлды туристік қала ретінде ешкім аса қарастырмайды. Бірақ біз мұнда көретін де, білетін де, таңғалатын да дүниелер жетерлік деп санаймыз, – дейді Петропавлдың тұрғыны, қаланың жанашыры Владимир Витченко.
Петропавлдықтар Гиннес рекордтар кітабына 2025 жылы өтінім берді.

Бұл көшені 1972 жылы қала билігі жаяу жүргіншілер жолына айналдырды. Мәскеудегі атағы мәшһүр Арбаттан (1985 жыл) 13 жыл бұрын жасалған қадам.
Көшенің алғашқы атауы – Вознесенский. Ал 1920 жылдан 1999 жылға дейін Ленин атында болды. 1999 жылдың 30 маусымынан бастап Конститутция көшесі деп аталады.
Көше бойында 6 ескерткішпен 15 шағын мүсін, 10-ға жуық тарихи-архитектуралық ғимарат бар.
Бұл жол бүгінде қызылжарлықтар серуендеп, келген қонақтар аралайтын негізгі орындардың біріне айналған.
Серік ҚАНТАЙ





