Айтжан Түркебаев атындағы орта мектептің ұжымы Абай шығармашылығын жас ұрпаққа ұғындыру мақсатында «Қазақта қара сөзге дес бермедім» атты оқушылар мен ата-аналардың басын қосқан байқау өткізді.
Шараның бір ерекшелігі, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қатар жүргізіліп отырғандығы болды. Байқаудың бірінші бөлімі ұлы ақын өлеңдерін мәніне келтіре оқу болса, қара сөздерінің мағынасын ашу екінші бөлімнің шартына айналды. Кештің үшінші бөлігі ұлы Абай туралы көріністермен қамтылды. Сазгердің әндерін әуелете шырқау байқаудың қорытынды бөлімінен орын алды.
– Абай шығармаларының тілі – көркемдіктің ең биік шыңы. Сөзі аз, мағынасы терең, ақын өлеңдері ауыр екені рас. Алайда ол жаза алмағанынан емес, оқырманның таным-түсінігіне байланысты. Өз заманында тыңдаушы таппағанынан талай күйінген ақын еді. Бүгінгі таңда біз ғұлама арман еткен, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпағымыз. Ендеше Абай шығармаларын өз дәрежесінде қабылдауға міндеттіміз, – деді тарих пәнінің мұғалімі Назгүл Оспанбаева кештің ашылуында. Бұл пікірге математика пәнінің мұғалімі Шамил Сағындықов та қосылды.
Шара барысында Куләсия Нұрқасымова «Көзімнің қарасы» әнін шырқаса, география пәнінің мұғалімі Балауса Тілекметова «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін орындады. Ал дене шынықтыру пәнінің оқытушылары Айбар Айтқұлов пен Бағдат Алпысбаев «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін жанды дауыста нақышына келтіре шырқады. Мұғалімдердің өнері көпті сүйсіндірді.
Байқау соңында мектеп кітапханасының меңгерушісі Жанар Тілеуқабылқызы барлық қатысушыларға алғысын айтып, Абай дариясынан жиі сусындауға шақырды.
Римма ЖҰМАДІЛОВА
Саты ауылы,
Кеген ауданы





