22-февраль 1973-жыл.
…Адамдардың арасында болған алауыздық мені де шарпымай өткен жоқ. «Жұлдыздың» делосын өткізіп беріп, поэзиямды өзім алып қалдым… Әзірге немен тынары белгісіз, барым менің, балам менің, жарым, жақсылығым менің – поэзиям, тек сені сақтап қалсам екен. Сені де өлтіргісі келе ме, қалай?! Олай бола қоймас, егер бола қалса, қалған өмірдің қызығы не маған. Ойлап отырсам, менде бір арман бар екен. Ол – қалайда халқыма жағыну, ұнау соған. Тек соған ғана жасырмай шынымды айтсам деп едім. Халқым, үнімді қалай жеткізем саған?.. Айналам тарылып, құрсауланып барады. Жағдай қиын, өте қиын…
Келесі жылы жаңа жинағым жарық көре ме, жоқ па?
– Ей, қалам ұстаған, қаламдас бауыр-қарындастарым, халықты ұмытпаңдар! Халықсыз күндерің қараң! Оны сүйемін деп байбалам салмаңдар. Оған тек ғашық бола біліңдер!
6-март 1973-жыл.
…Поэзия – ғылым. Зерттеу керек. Адам өмірінің, адам жанының зерттелмеген, қалам тартылмаған несі қалды? Соны табу, соны зерттеу керек. Адам сезімін жан-жақты зерттейтін кұдірет болса, ол тек – поэзия. Басқа ешқандай да ғылымның қолынан келмейтін шаруа бұл!
17-март.
Өткен аптада Мүсіреповте (үйінде) болдым. Бұл адаммен жақын келіп сұхбаттасқаным осы. Үйінде өзі жалғыз екен. Жылы қарсы алды. Екі сағаттай әңгімелестік. Мен Ғабеңді бойындағы дарынның барын беріп болған адам деп айта алмаймын. Ал бойында жасырынып жатқан жанар тауы бар екеніне күмәнім жоқ. Уақыт-ай!.. Әдебиет, жалпы искусство жөнінде болар-болмас шолу жасап, пікірлестік. Қарт әріден ойлайды. Қазіргі қазақ поэзиясы қатты толғандырып жүрген көрінеді. Бірдеме десем бе дейді.
«Аққулар ұйықтағандаға» тебіреніп пікір айтты, сүйсініп қалды, мен ыңғайсыздандым, онымды түйе қойды да, қоя қойды. Өлеңдер оқыдым. Кетерде маған қалам сыйлады (алтын қалам).
Қарт қартайған екен. Бүкіл үйде жалғыз өзі отырғаны қатты әсер етті маған… кабинеті жұпыны, жазу столы тіпті жұпыны, басы артық дүниелер, әлеміш-жәлеміштер жоқ. Ұзынды-қысқалы, бір түстес, үшкір ұшталған қара қарындаштар. Тілдей параққа арапша жазып тастапты, жаңадан жазылған, сірә. Қорапқа салған екі мылтығы тұр. Кіреберісте саятшының сауыт-саймандары… Ретін тауып, өзімен ұзағырақ сөйлесер ме еді, біраз бірге болып, достасар ма еді. Тәңірім-ай, бұлар деген аяғын үзеңгіге салып тұрған адамдар ғой…
(Абай, Жамбыл өмірбаяны…)
Енді өзім туралы. Жыр түсінер қауым өлеңдерің жақсы дейді, әр тұстан қолпаштаған хаттар да алып жүрмін, бірақ сенуім қиын. Жаман жыр жазу қиынға түсіп барады. Жақсы жыр басылмаса, жарық көрмесе, қайтем?! Білмеймін… Тәңірім әзірге шешемді тірі қоя тұрса екен. Өстіп, тұралап жүрген кезімде қисая қалса, ел-жұртқа масқара болам ба деп қорқам…
20-март.
Құрбы-құрдас, замандастар мен туралы көп-көп қәуесет таратады. Біріне бірі айтады, «өзімсініп» өзіме де айтып қалады. Көбісін бояп, бірінен бірі жаңартып айтады, ал мен олардың кай қырымнан қасығысы келіп тұрғанын түсінбейді ғой дейсің бе?.. Түсінем. Бекер обалдары не керек, бәрінің сыйлайтынын да білем. Білем де қоям, қарсы болмаймын, айта берсін, арамдық ойласа, өздерінің басынан артылмасын. Тек менің жұртқа зиянсыз екендігімді түсіне ме, жоқ па?!
Мен үшін дүниенің ең қорлығы – адамның айыбын бетіне басу, оның нашарлығын дәлелдеу. Бұл – бір. Екінші – болмайды, жарамайды, жоқ деп айта алмайтыным. Қорлықты осыдан тартып жүрмін. Көңілшектік – менің осал жерім. Сірә, сүріне беретінім де осыдан болар.
Уақыт өз рөлімді маған да бөліп берген, соны дұрыстап ойнап шығу жолында мен де тырбанып бағам, әрине. Демек, мінездегі жасандылық (артистік) маған да бөтен емес-ау…
6 октября 1974 г.
Әдебиетімізді арамшөптерден тазартатын күн туар ма екен?! Қайдам?! Осы күнгі әдебиет – нағыз таланттардың әдебиеті емес, пысықтардың, жерлестер мен достардың, жағымпаздар мен қорқақтардың шатпағы. Әдебиеттің көкжиегіне өйтіп-бүйтіп бір алаяқ іліне қалса, ол өзі сияқты бір Санчо-сыншысымақты сүйрелей келеді. Ол «сыншысымақ» белгілі бір уақытқа дейін өз шәркейін сол салада сүйретіп жүріп жатады. Жағдайы барда айпап-жайпап қалуға тырысады. Біреуге жағымпазданады, біреуді қорқытады (өзі де қорқады), содан соң жан-жағына қарайды: жоқ бұдан ары бүйте беруге болмайды екен; ол өзінің шатпақайшыл серіктестерінің көмегімен ұялмай-қызармай үлкен әдебиетке аяқ салады, сөйтіп енді өзі шығармалар жаза бастайды. Сондықтан бізде ай сайын әдебиетімізде жаңа, бірақ өзі белгісіз, аты-жөнсіз бір «жұлдыз» пайда болып жатады. Ал біз құнарлы топырағымыз тағы бір арамшөпті өсіргенін елемейміз. Қашанға дейін осылай созыла бермек? Арамшөптерді түп тамырымен жұлып тастауға әлдекімнің батылы жете ме? Менің ойымша, ол бір ғана кісінің қолынан келетін іс емес. Сондықтан мен әдебиетіміздің тазалығы үшін қаналатындарды, азшылық таланттарды мынаған шақырам: Достар, таланттар! Бірігіңдер! Барлық шатпақайшыларға қарсы майдан ашыңдар! Олардың жебеп-жебеушілерін түгелдей әшкерелейік! Ұқсаңдаршы, біздің әдебиетіміз тұншыға бастады!





