Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, қоғам және мемлекет қайраткері Барлыбек Сырттанұлының туғанына 160 жыл толуына арналған «Ұлт көшбасшысы: тәуелсіздік жолындағы тағдыр» атты «Дөңгелек үстел» өтті. Тағылымды жиынды Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырды.
Ғылыми-танымдық кездесудің негізгі мақсаты – Алаш қозғалысының алдыңғы буын өкілдерінің бірі Барлыбек Сырттанұлының өмірі мен қоғамдық қызметін кеңінен таныту, оның құқықтық мемлекет туралы идеяларының тарихи маңызын саралау және бұл мұраның бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік дамуымен рухани сабақтастығын көрсету. Сонымен қатар, шараның басты мақсаты – Алаш мұрасын ғылыми тұрғыда насихаттап, жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға үлес қосу.
Жиынға тарихшылар, ғалымдар, ұстаздар, музей қызметкерлері, сондай-ақ, студент жастар қатысып, ұлт тарихындағы маңызды тұлғалардың бірі саналатын Барлыбек Сырттанұлының мемлекетшілдік идеялары мен қоғамдық қызметі жан-жақты талқыланды.
Шараның модераторы, PhD докторы Еркін Стамшалов жиынды ашып, Алаш қозғалысының тарихи маңызына тоқталды.
– ХХ ғасырдың басы қазақ халқы үшін күрделі кезең болды. Ел тағдыры таразыға түскен тұста Алаш зиялылары ұлттық мемлекет құру идеясының туын көтерді. Солардың қатарында Барлыбек Сырттанұлы қазақ қоғамында құқықтық ойдың қалыптасуына елеулі үлес қосқан қайраткер ретінде тарихта қалды. Оның мемлекетшілдік идеялары мен құқықтық көзқарастары бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның дамуымен сабақтас, – деді ол.
«Дөңгелек үстелде» алғашқы баяндама жасаған тарих ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының ассистент-профессоры Лейла Хасанаева өз баяндамасында Барлыбек Сырттанұлының ұлттық құқықтық мемлекет туралы тұжырымдамасын зерделеді.
– Барлыбек Сырттанұлы – қазақ қоғамында конституциялық ойдың қалыптасуына ықпал еткен тұлғалардың бірі. Ол заң үстемдігіне негізделген мемлекет құруды армандады. Бұл идеялар бүгінгі Қазақстанның құқықтық мемлекет құру жолындағы ұстанымдарымен үндесіп жатыр, – деді ғалым.
Келесі кезекте ҚР Орталық мемлекеттік архиві Әлеуметтік зерттеулер орталығы жетекшісінің міндетін атқарушы, PhD докторант Рамазан Әбілдос «Алаш заңгерлерінің өмірі мен қызметі Омбы облысының тарихи архиві құжаттары негізінде» атты баяндамасында архив деректерінің маңызын атап өтті.
– Омбы облыстық архивтерінде сақталған құжаттар Алаш қайраткерлерінің саяси-құқықтық көзқарастарын айқын көрсетеді. Бұл материалдар арқылы біз олардың қазақ қоғамын жаңғыртуға бағытталған нақты қадамдарын, құқықтық мемлекет құру жөніндегі идеяларын тереңірек түсіне аламыз, – деді зерттеуші.
Жетісу университетінің тарих және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушы-дәріскері Қуанған Өнербек өз сөзінде Алаш қайраткерінің тарихи тұлғасын ғылыми тұрғыда зерттеу керек екеніне тоқталды.
– Барлыбек Сырттанұлы қазақтың алғашқы конституциялық ой-пікірінің қалыптасуына ықпал еткен қайраткерлердің бірі. Оның мемлекетшілдік идеялары ұлттық тарихымыздағы маңызды кезеңдердің бірі – Алаш қозғалысының саяси-құқықтық бағдарын айқын көрсетеді, – деді ол.
Жиын барысында білім саласының өкілдері де өз пікірін білдірді. №25 мектеп директоры Рахат Ибраймова тарихи тұлғалардың мұрасын жас ұрпаққа танытудың жолын тілге тиек етті.
– Мұндай ғылыми-танымдық кездесулер оқушылар мен жастардың тарихи санасын қалыптастыруға үлкен ықпал етеді. Алаш қайраткерлерінің өмір жолы – елдік рух пен отансүйгіштікке тәрбиелейтін тағылымды мектеп, – деп түйіндеді сөзін.
«Дөңгелек үстелде» музей қызметкері Қалқаман Абдрахманұлы «Алаш мұрасын музей кеңістігінде насихаттау мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, тарихи тұлғалардың мұрасын музей экспозициялары мен ғылыми-ағартушылық жобалар арқылы кеңінен танытуды атап өтсе, өлкетанушы Жемісбек Толымбеков барлыбектануда ескеруге тиісті тұстарын сөз етті.
Шара барысында Барлыбек Сырттанұлының ұрпақтары да сөз алып, тарихи тұлғаның өмір жолы мен қызметі туралы естеліктерімен бөлісті. Бұл пікірлер жиынның мазмұнын толықтырып, Алаш қайраткерлерінің рухани мұрасын тереңірек тануға мүмкіндік берді.
Соңында Барлыбек Сырттан- ұлының ұрпағы Бауыржан Ахметов тарихи тұлғаға арналған арнауын орындап, шара қатысушылары естелік суретке түсті.
Қажет АНДАС





