7 сәуір – қазақ тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының дүниеге келгеніне 155 жыл, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қажымұқан Мұңайтпасұлы – аты аңызға айналған қазақ балуаны, француз және еркін күрестен халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері. Ол қазақ күресін әлемге танытқан тұңғыш спортшылардың бірі ретінде тарихта қалды.
Балуан 1871 жылдың сәуір айында Ақмола облысының Жадық (Қараөткел) ауылында дүниеге келген.
Қажымұқан әртүрлі күрес түрлерінен жоғары шеберлік танытып, әлемдік спорт ареналарында өнер көрсетті. Ол 54 елде өткен жарыстарда ауыр салмақта 48 медаль мен марапатқа ие болған. Қажымұқан Иван Поддубный, Иван Заикин, Алекс Аберг, Пол Понс және Джордж Лурих секілді әйгілі балуандармен күрескен.
Балуан бірнеше жыл бойы Санкт-Петербургтегі күрес мектебінде классикалық күрес бойынша білім алды. 1908 жылы Кельн қаласында алғаш рет әлем чемпионы атанып, кейін бұл жетістігін бірнеше мәрте қайталады.
1909 жылы Ригада өткен әлем чемпионатынан кейін кеңінен танылып, 1910 жылы Варшавада өткен халықаралық додада кіші алтын медаль жеңіп алды. Ал 1914 жылы Парижде әлем чемпионы атағын иеленді.
Қажымұқан «Японец Ямогата-Муханура», «Муканов-Муханура» деген бүркеншік аттармен де өнер көрсеткен. Стамбұлда түрік балуанын жеңгеннен кейін «Қажы» атағына ие болып, Қажымұқан есімімен танылды.
Ол Жапония мен Қытайдың джиу-джицу күресінің әйгілі шеберлерімен де белдескен.
Қажымұқан Мұңайтпасұлы Қазақстанда спорттық және ұлттық күрестің дамуына зор үлес қосқан тұлға ретінде тарихта қалды.





