Бұрын Алтын Орданың бізге қатысы жоқ сияқты айтылып келді, дегенмен Тәуелсіздік алған соң нағыз тарихи деректерді айтатын кез туды. Алтын Орда империясының қалыптасуында қазақ халқының рөлі жоғары әрі біз оның тікелей мұрагерлерінің біріміз.
Алтын Орданың құрылуы Талас құрылтайынан бастау алған, оны ешуақытта ұмытпауымыз керек. Екіншіден, Жошы хан бүкіл қазақ қастерлейтін Ұлытау ауданында жерленген. Оның үстіне Алтын Орданың байтақ территориясының басым көпшілігі – қазіргі біздің жеріміз. Атырау облысындағы Сарайшық қаласы да Алтын Орда астаналарының бірі болды.
Қазақстанда Шыңғыс ханның 25 мыңдай ұрпағы бар, тіптен одан да көп болуы мүмкін. Шыңғыс хан ұрпақтары таққа көп таласқан және оларға қауіп-қатер де жоғары болған. Біздің жер кең, әсіресе, төрелерге қауіп төнген кезде бір жерден екіншісіне көшіп, жан сақтаған. Сондықтан бізде олардың ұрпақтары көп болуы – заңдылық. Шыңғыс хан ұрпақтары қазақ елін 600 жылдай билеген және ең соңғы билігі де біздің жерде сақталған.
1822-1824 жылдардағы Ресей империясының хандық билікті жою жөніндегі қаулысын ескермегеннің өзінде, 1845 жылғы Жәңгір хан басқарған хандық Еділ мен Жайық арасында сақталды, ол да Жошының ұрпағы. Ал хан Кене 1847 жылға дейін халықтың сайлауымен қазақтың ең соңғы ханы болды. Сондықтан Қазақ хандығы аспаннан түскен жоқ, ол да Алтын Орданың тікелей мұрагерлерінің бірі.
Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры





