Апам ол кезде тың, тып-тиянақты еді, бойынан қайрат пен төзім төгіліп тұратын. Мен 5-сыныпта оқып жүрген шағым, қиырдағы ауылда тұрған кезіміз әлі күнге көз алдымда сайрап жатыр.
Таң бозынан тұрып алатын апам күн еңкейгенше тыным таппайтын. Қи ойып, тезек теріп, қора-қопсының арасында алаөкпе болып жүгіріп жүретін-ді. Қыстың қақаған аязында мектептен келгенімше қатар тұрған бес-алты қораның қатып қалған қиын тазалап үлгеретін. Маядан шөп суырып, тау-тау қылып жинап, қара терге түссе де тағдырға бір рет шағым айтқанын естімеппін.
Көктем келсе жаңа туған төлдерді бауырына басып, өз перзентіндей мәпелеп, мауқын басатын. Өз баласы деймін-ау… Тағдыр апамды ерте сынады. Жалғандағы серігі Кәкім атамнан көз жазып қалып, жеті баласының төртеуінен айырылғандағы қайғыны көтеру кез келген адамның қолынан келмейді. Бірақ апам сынбады. Қайта тіршіліктің тізгінін тартып, жалғанның жалына жабысып, қалғанымызға тірек бола білді.
Жаз шықса күйбең тіршілік тіпті қызатын. Сиыр сауып, сүт пісіріп, құрт қайнатып, май шайқап, дамылсыз еңбекке кірісетін апам. Қолы бір сәт босаса кесте тігіп, көрпе көктеп отыратын ісмерлігі тағы бар. Апамның қолынан шыққан дүниелердің әрқайсысында мейірім мен махаббаттың табы қалатын.
Біздің қара биеміз болды. «Біздің» дейтінім оның күтімі апам екеуміздің мойнымызда еді. Жалын тарап, желіге байлап, сауу екеумізге ортақ жұмыс. Жаз бойы биенің саумал-қымызын сатып күн көретінбіз.
5-сыныпты аяқтар тұста апамды сиыр теуіп, қолын сындырды. Сол күннен бастап тіршіліктің салмағы біртіндеп менің иығыма ауысты. Қой қырқу, бие, сиыр сауу секілді істерге бала болсам да етім үйреніп кетті. Ауыл тіршілігі ерте есейтеді екен. Уақыт өте келе тіршіліктің күйбеңінен қажыған соң қаладағы нағашы ағамның үйіне көштік. Малдың бәрін саттық. Бірақ қара биені қимай ұзақ толғандық. Ол біз үшін отбасымыздың бір мүшесіндей болып кеткен еді. Атам оны мен 2-сыныпта оқып жүріп, әкем мен шешемнен айырылып, жетім қалғанда алданыш болсын деп әперген. Содан бері сегіз жыл бойы жанымнан қалмай, балалық шағымның куәсіне айналған. Қоштасар сәт әлі есімде. Көрші ағамыз жүгенін ұстап жетектеп бара жатқанда есік алдында тұрып еңіреп жылағаным… Сонда жүрегімнің бір бөлшегі бірге кетіп бара жатқандай еді.
Жақында апам ауылға барып келді. Ауыл баяғы қалпында екен. Біздің ескі үй де сол күйі тұр дейді. Сол үйдің іргесінен өзіміз сатып кеткен қара биені көріпті. Жақындағанда үрікпей, қашпай, жалынан сипатыпты. «Басын изеп, әлденені айтқысы келгендей болды» дейді апам. Бәлкім, мені іздеген шығар.
Апа, сен болмасаң:
Бар уайымды басқа салар едім ғой,
Маңдайымды тасқа соғар едім ғой.
Ажарым да сартап болар еді ғой,
Базарым да тарқап қалар еді ғой,
Жолдарым да бірге болмас еді ғой,
Қорғаным да мүлде қалмас еді ғой.
Сұлулықты көрмей кетер едім ғой,
Жылулықты бермей кетер едің ғой.
Айбыным да шөгіп құлар еді ғой,
Қайғы-мұң да төніп тұрар еді ғой.
Күлемін бе? Күлу болмас еді ғой!
Жүрегімде жылу қалмас еді ғой.
Болашағым бөлектейтін еді ғой.
Бала шағым ол өтпейтін еді ғой…
Жетімдердің күйін кешер едім ғой,
Жетімдердің үйінде өсер едім ғой…
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





