Жетісу төрінде өткен Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған облыстық «Есіңе мені алғайсың…» атты әншілер байқауы биыл да руханият пен өнерді тоғыстырған тағылымды мәдени мерекеге айналды.
Ақын жырына жазылған әндер арқылы ұлттық рухты асқақтатуды мақсат еткен бұл байқау – поэзия мен саздың, өткен мен бүгіннің арасын жалғаған рухани көпір іспетті. Шара басында Мұқағали өмірі мен шығармашылығына арналған бейнебаян көрсетіліп, көрерменді терең ойға жетеледі. Экраннан көрінген сырлы бейнесі, тағдырлы жолы мен жыр әлемі залдағы жұртты ақын рухымен қайта табыстырғандай әсер қалдырды.
Бұл байқау осымен 28 рет ұйымдастырылып отыр. Өткен жылдар легі оның уақытша шара емес, халық жадында орныққан үлкен мәдени құбылысқа айналғанын айқын көрсетті. Осы орайда Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Бүкіләлемдік Шыңғысхан академиясының академигі, белгілі ақын Әміре Әрін байқаудың тарихы мен маңызы туралы жүйелі ой қозғады. Ақынның айтуынша, бұл игі бастама 1999 жылы қалыптасқан.
– Ол кезде Алматы облысын басқарған көрнекті мемлекет қайраткері Заманбек Нұрқаділов Мұқағали мұрасын кеңінен насихаттау жөнінде нақты тапсырма берген еді. Мен сол жылдары облыстық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқаратынмын. Бір күні басшымыз шақырып, облыс әкімінің тапсырмасын жеткізді. Біз түске дейін «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты байқаудың шартын жасап, түстен кейін оны өткізу туралы бұйрыққа қол қойдық. Осылайша бұл үлкен дәстүрдің негізі қаланды, – деп еске алды ол.
Сол бір күнгі шешім кейін бүкіл елге тараған рухани шараға ұласты. Жыл сайын Мұқағали жырымен тыныстаған кештер өтетін болды. Поэзия халықпен қайта қауышып, ақын сөзі ұрпақ жадында жаңғыра түсті.
– Бүгінде тақырыбы жаңарғанымен, сол рухани сарын сақталып отыр. Бұл – халықтың Мұқағалиға деген шынайы құрметінің белгісі. Осындай шаралардың жалғасуына мұрындық болып жүрген облыс басшылығына, мәдениет саласының қызметкерлеріне ризашылығымыз шексіз, – деді ақын.
Әміре Әрін байқауға қатысқан өнерпаздардың шеберлігіне де жоғары баға беріп, Мұқағали поэзиясының тылсым тереңдігіне ерекше тоқталды.
– Мұқағали – әулие ақын. Ол – қазақ әдебиетінде Көк Тәңірімен тілдескен, көктен қуат алған тұлға. «Мен ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын» деген сөзі бар. Бірақ ол тек бір ғасырдың емес, қазақтың мәңгілік ақынына айналды. «Поэзия, менімен егіз бе едің?» деген Мұқаңды қазақтың қара өлеңімен егіз демей көріңіздер, – деді ол тебірене.
Ақын пайымынша, Мұқағали жыры – халықтың жүрек соғысы, ұлттың рухани паспорты. Оның өлеңдері уақытпен тозбайды, ұрпақпен бірге жаңғырады.
Шара барысында Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов те ақжарма тілегін білдірді. Ол өз сөзінде бұл байқаудың халқымыздың поэзияға, өнерге деген шынайы құрметінің айқын көрінісі екенін атап өтті.
– Аудан-қалалардан келген барлық өнерпазға және оларды қолдаған көрерменге алғысым шексіз. Осындай шаралар арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық өнерге деген сүйіспеншілік қалыптасады. Бұл – болашаққа салынған берік рухани негіз, – деді ол.
Байқауда шырқалған әрбір әннен Мұқағали жырының мұңы мен қуанышы, сағынышы мен үміті сезілді. Қатысушылар дәстүрлі және эстрадалық бағытта өнер көрсетіп, ақын поэзиясын бүгінгі заман үнімен үйлестіре білді. Әрбір орындаушы сахнаға жай ғана ән айту үшін емес, Мұқағали рухына тағзым ету үшін шыққандай әсер қалдырды.
Тартысты өткен өнер додасы нәтижесінде екі жанр бойынша үздік орындаушылар анықталды. Аудан-қалалардан эстрада жанры бойынша өнер көрсеткен 9, дәстүрлі әннен 4 өнерпазға Алғыс хат табысталды.
Дәстүрлі ән және эстрада жанры бойынша жүлделі бірінші орынға ақсулық Айбота Серікхан мен Айберген Болатхан лайық деп танылып, 200 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Екінші орынды көксулық Сәбинұр Қаһарман (дәстүрлі ән) мен талдықорғандық Ошан Қасен (эстрадалық ән) иеленіп, 150 000 теңгенің сертификатына ие болды. Үшінші орын Ескелді ауданынан қатысқан Амантай Алғар (дәстүрлі ән) мен «Самғау» тобына бұйырып, олар 100 000 теңге жүлдені қанжығаларына байлады.
Ал байқаудың бас жүлдесі кербұлақтық Нұрдана Сәлімхан (дәстүрлі ән) мен көксулық Дәурен Берікболовқа (эстрада) табысталып, 300 000 теңге ақшалай сыйлық пен арнайы статуэтка берілді.
«Поэзия, менімен егіз бе едің?» деп толғаған Мұқағали жыры бүгін де жаңа тыныс алып, жас ұрпақтың жүрегінен орын табуда. Оның өлеңдері ән болып шырқалып, халықпен қайта қауышып, рухани кеңістікте мәңгі жасай бермек. Ал «Есіңе мені алғайсың…» байқауы – сол мәңгілік мұраға деген адалдықтың, рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі. Ұлы ақынның жыры мен жас ұрпақтың үні тоғысқан бұл кеш қазақ руханиятының тағы бір биік белесіне айналды.
Сарби ӘЙТЕНОВА





