Жер кіндігі Жидебайдың кеудесіне орнаған ұлы зиратты зиярат етіп келген күллі Алаштың қарақұрым баласы рухани керуеннің құрбандығына Ойсылқара төлін шалды. Ақ түйенің қарны жарылған аяулы күнде сауабын сахараның сафындай болған әрі ғасырлық мұраларды мұғдарлап, дәуірлерді даралаған данышпан Абайының рухына арнады. Кең дүниенің киесіндей Кеңгірбай, ырысындай Ырғызбай, өрісіндей Өскенбай, құдіретіндей Құнанбайдан тартып үшбу дұғаға қосылған текті әулеттен құралып барып, адамзаттың алыбына айналған нәсілі асыл болмысқа Құран бағыштады. Қара сөз бен қара өлеңнің қағбасындай Қарауыл ауылының солтүстігіндегі биік төбеде «Абай елі» деп менмұндалаған жазуды бауырлай өтіп, 200 ақ шаңқан үй мен сахарада орнаған сахнаға бет алған 40 мың адам ұлы тойды бастан өткерді.
Иә, біз қазақ халқының маңдайына біткен данышпан, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойын тебірене термелеп, толқыныспен суреттеп отырмыз.
Жыл басында сауын айтылып, тамыз айының алғашқы мәулітінен елдің түкпір-түкпірінде бастау алып, ұзын-ырғасы 300-ден астам игі шара ұйымдастырылған дана тойы 10 тамыз күні қасиетті Қарауылтөбе мен Жидебайда тұжырымдалды.
Бұл күні ең әуелі Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған ел азаматтары мен Алтай мен Атыраудың арасынан ат арылтып келген қарапайым халыққа дейін түп қотарылып Жидебайдағы Абай мен Шәкәрімнің кесенелеріне зиярат етіп, Қарауыл ауылында ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ел елтіді, жұрт жүрегі тебіреніске толды.
Шыны керек, текшеленіп жиналған қой тастары мен сандық тастарының өзі дала сырын бүккен, жусаны мен жұмыр төсіндегі өскіндері кең өрісін керім еткен ұлы Шыңғыстаудың қойын-қолатынан қоңыр самал ескен. Шарбы бұлттары шашырай қоныстанып, бірде қайта тұтасып кеткен кең аспанның өзінен Қарауылтөбе басына құт құйылғандай. Еріксіз елжірей қарасқан думаншыл жұрт атақты Семейден Жидебайға жетелер, Аягөзден Қарауылға бастар қос тараптан шеру тартып келе жатып осынау табиғаттың Әуезов суреттеген әрбір бейнесін жанарына жылы ұшыратқан. Кеңгірбай, Көкбай болып тұтасар Аягөз тараптан біз де сол көңіл нотасын көкірекке қондырсақ, Еңлік-Кебек зиратын жолда қалдырып, Семей жақтан сөгіле жеткен жұрт та Қарауылтөбе етегінде елжірей толқысады. Әсіресе мұсылманшылық парызын өтеп, баба рухтарына Құран бағыштап, құрбан шалғаннан кейінгі мезірет – «Бала Абайдан дана Абайға» атты театрландырған қойылымды тамашалаған дүйім жұрт асылын шын сағыныпты. Абайын шын ардақтапты. Құндылығын құнттай біліпті. Қара сөзін тұмарына, қара өлеңін шырағына балапты.

Құнанбайдың тектілігінен түзіліп, Ұлжанның ұлағатынан үзік-үзік болып барып ұлы халықтың сом тұлғасына айналған, Зере әженің мейірімімен зеңгірмен бой таластырып, тұтас кеңістікке кең көңірегінің көреген көзін суарған ұлы Абайдың туған сәтінен дана болған кезеңіне дейін қамтылған қойылым рухты жаңғыртты, жігерге шарғы болды.
Өз кезеңінде ұлы ойшыл тойына жиналған көпшілік пен әлемнің түкпір-түкпірінен келген шайырлар мен 15 мемлекет делегациясы салтанатты шараның ашылуына сәп салды.
Ұлы ақынның мерейтой салтанатында алғашқы болып сөз алған Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев әуелі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Мемлекет басшысының құттықтауында Абайдың әлемдік ауқымдағы ғұлама екеніне және оның рухани мұрасының келер ұрпақ үшін де өзекті болып қала беретіні айрықша айшықталған.
«Абай – төл мәдениетімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға, халқымыздың сана-сезімін жаңғыртқан ұлы ақын. Ол жаңа әдебиетіміздің негізін қалап, дүниетанымымыздың көкжиегін кеңейтті. Өскелең ұрпақты білімпаз, еңбекқор, адал азамат болуға шақырып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын қасиеттерді кеңінен дәріптеді. Отанға деген сүйіспеншіліктің және ел мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін көрсетті. Хакім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы. Оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды», – делінген Президенттің құттықтау хатында.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Мемлекет басшысының бастамасымен Абай мұрасының кейінгі жылдарда елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде де кеңінен насихатталып жатқанын айтты. Ұлы ойшылдың 180 жылдық мерейтойы – бүкіл ел үшін маңызды рухани оқиға. Бұл ауқымды іс-шара халқымыздың парасат биігіне, адамгершілік құндылықтарға және ұлттық бірегейлікке деген ұмтылысының жарқын көрінісі екені анық.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлы ойшылды жан-жақты ұлықтауға үнемі баса мән беріп келеді. Соңғы жылдарда Абай мұрасын кеңінен дәріптеу үшін көптеген жұмыс атқарылды. Мемлекет басшысының бастамасымен ресми түрде 10 тамыз – Абай күні болып бекітілді. Абай шығармалары әлемнің негізгі тілдеріне аударылды. Осы ретте Президентіміздің тапсырмасымен Алматыда Абай ұлттық мектебі бой көтеріп жатқанын да атап өткен жөн. Бұл бірегей білім ордасы қазақ зиялыларының жаңа буынын қалыптастыруға қызмет етпек. Сондай-ақ ұлы ойшыл бізге «Толық адам» тұжырымдамасын өсиет етті. Қазіргі таңда Абайдың бұл идеясы мемлекеттік саясатымыздың негізгі өзегіне айналып отыр. Мемлекет басшысы жариялаған «Адал азамат» тұжырымдамасы осы негізге табан тірейді. Президентіміз «Ұлттық құрылтайда» белгілеп берген озық ойлы ұлтқа тән қасиеттер де ғұламаның өсиеттерімен үндес. Осындай іс-шараларды Абайға тағзым ету ғана емес, оның ойларын заманауи тұрғыда жаңаша түсініп, өмірде жүзеге асыруға жаңа мүмкіндік деп қабылдаймыз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Палата Спикері мерейлі дата аясында халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде 100-ден астам ауқымды іс-шара өткізіліп жатқанын тілге тиек етті. Олардың қатарында айтыс, ұлттық өнер фестивалі және тағы басқа іргелі жобалар бар. Абай мұрасына арналған «ABAY ACADEMIYASY» алғашқы энциклопедиялық порталы іске қосылып, Семейде инклюзивті кітапхана да ашылды. Бұл ақын өнегесін барлық санатта дәріптеу жолындағы маңызды қадам екені сөзсіз.
Адамзат баласының бәрін бауырым деп сүюге шақырған, нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек тоғысқанда ғана жер бетінде адамдық сипаттың толық болмысын түзетінімізді ғақлиясынды даналықпен дәріптеген ойшылдың мерейтойында Абай облысының әкімі Берік Уәли көпшілікті дүбірлі тоймен құттықтады. Ол өз сөзінде Абайдың 180 жылдығы биыл алғаш рет онкүндік ретінде аталып өткенін айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жаңажылдық құттықтау сөзінде «Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуіміз керек» деп арнайы тапсырма берген болатын. Абай тойы ең алдымен той тойлайтын емес, ой ойлайтын басқосу болмағы ләзім екенін барша жұрт айтады. Мерейтой тек сахналық мереке ғана емес, ұлтқа пайдалы мұра қалдыратын нақты жобалар кезеңі де болуы тиіс. Бұл тойдың бедерінде елге игілікті біраз шаруа атқарылды. Той тарап, әбігер басылған соң да ел игілігіне қызмет ете беретін дүниелер жасауды мұрат еттік, – деген Берік Уәли қазақ руханиятының астанасы болған Семей қаласында алда атқарылар істі де айшықтады.
Салтанатты шараның ашылуынан кейін мұқым елінің мұңын мұңдаған адамзат ақылманының тойына арналған игі шаралар жалғасын тауып жатты. Мәселен, «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» атты концертте данышпанның жырына жазылған әндер асқақтады. Аталмыш концертте Секен Тұрысбек, Досхан Жолжақсынов, Майра Ілиясова, Нұрлан Өнербаев, Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер, Қаракөз Сүлейменова, Ерлан Рысқали, Айгүл Елшібаева, Гүлмира Сарина, Айбек Бекбосын, сондай-ақ «Тараз» триосы мен «Алатау серілері» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.

Алты Алаш баласының ұлы бағдарына айналған данышпан тойында балуандар белдесті, өгіз және түйе палуандар шаршы алаңда кім мықты екенін анықтасты. Қазақтың қанын қыздырар бәйге өтті. 180 шақырымға марафон ұйымдастырылды. Түрлі ойын өрнек тапты.
Қазақылық салтанат құрған ең бір ұлы өлке саналған Шыңғыстаудың бөктеріндегі құндылығы құнтталған, қасиеті қарыштаған ғасыр да бала Абайдан дана Абайға айналған аралықта жатыр екен. Бұған дейін хакім жайлы жазылған М. Әуезовтің 4 кітабын тілшелеп оқып, таушалап түгессек те, одан кейінгі «Абайдың жұмбағы», «Анық Абай», «Абайтану» сынды қадау-қадау еңбектерді ежіктесек те ұшырасар тұсымыз – ұлылық көмбесіндей жарқыраған дала дәстүрінің дәурендеген шағы. Хакім тұсы. Қынамендеден тартып бүгінде ұмыт бола бастаған мың сан ойын, жоралғы, жосынның бәрі атқарылыпты. Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойында да кейбір ұлттық ойын, дәстүрлі дүниелер көрініс тапты.
Жалпы, рухани тойдың дүбірлі өтуіне сеп болған додаларды атап өтсек, «Қыран бүркіт» сайысында Жамбыл облысынан келген Бақдәулет Бабажанның «Қапсалған» атты бүркіті дүйім елді сүйсінтті. Сайыс шартына орай бас бәйгені еншілеген құсбегі 3 жылқы әкетті. Ал Абай тойының ең басты жарысы – аламан бәйгеде 25 шақырымды артқа тастап, сан жүйріктен оқ бойы озық келген тұлпардың иесі – Ардақ Сәрсекеев (Павлодар қаласының) «Hyundai Santa Fe» автокөлігін еншіледі. Өгіз палуандар сайысында қарсыластарын қоғадай жапырған алматылық Жігер Еркінұлы «темір тұлпар» иегері атанса, түйе палуандар сайысында маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғанов жеңімпаз деп танылды. Сол секілді, ұлы бабамыздың тойына орай Қарауылтөбеде ұлттық спорттың бірнеше түрінен сайыстар ұйымдастырылып, аталған доданың бәріне жалпы саны 90 бас жылқы мен 10 автокөлік сыйлық ретінде берілгенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар, ұлы Абайдың жақсы көрген ойыны тоғызқұмалақ сайысы мен 180 шақырымдық ультрамарафонға еліміз бойынша тұңғыш рет автокөлік сыйға тартылды. Семей мен Қарауыл арасын 19 сағат, 9 минутта жүгіріп өткен Баубек Ильясов (Батыс Қазақстан облысы) жарыс жеңімпазы атанды. Тоғызқұмалақ сайысында шымкенттік Ғалымжан Темірбаев 1-орынды иеленді. Жүлдегерлердің барлығы көлікті болды. Ал, «Жеті қазына» фестивалінің жеңімпаздары жылқы мінді.
Анық Абайымыздың, ардағымыздың, маңдайға басқан ұлы тұлғамыздың тойында ас берілді. Алыстан ат арылтып келген меймандар 200 үйдің әрбіріне еніп, ұлы дастарқаннан дәм татысты.
Жетісу жерінен келген меймандарды Аягөз ауданының әкімі Данияр Шәкәрімов бастаған өңір азаматтары күтіп алды. Жер жаннатынан келген делегация құрамында Қазақстанның халық әртістері Алмахан Кенжебекова мен Әлихан Ыдырышова, Қазақстанның Құрметті жазушылары, көрнекті ақындар Әміре Әрін мен Нүсіпбай Әбдірахым, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі композитор Әли Алпысбаев секілді зиялы қауым, филармонияның дауылпаз өнерпаздары, музей, мәдениет қызметкерлері болды. Осынау жерұйық мекеннің көшін бастап келген Жетісу облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт ұлы Абай тойы күллі қазаққа ортақ екенін айтып, Аягөз ауданының қонақжай азаматтарына ақ батасын арнады.

Иә, шын мәнінде ұлтымыздың қаймағы, рухымыздың байрағы болған алып Абайдың 180 жылдығына арналған той осылай тамамдалды. Бірегей шараны бастан-аяқ тамашалай жүріп рухани көкжиегімізді аспанмен астастырған салмақты тойдың салтанат құрғанына куә болдық. Абай тағылымын тереңдетер кітаптардың тұсауы кесіліп, той тұжырымдалардан 1 күн бұрын «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» тақырыбында Дүниежүзілік поэзия фестивалі өткен. Онда Түркі әлемі Жазушылар одағы мен Конго, АҚШ, Мексика, Италия, Швеция мемлекеттерінің ақындары мен жазушыларымен қатар Ұлықбек Есдәулет, Светқали Нұржан, Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай, Ханбибі Есенқарақызы, Ақұштап Бақтыгереева, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы сынды отандық әдебиеттің көрнекті өкілдері Абай әлемі туралы айрықша толғанды. Бұл фестиваль аясында «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» атты дүниежүзілік поэзия антологиясының (қазақ және ағылшын тілдерінде), Ион Диаконескудің «Ол құс – Мен» романының (қазақ тілінде), Ұлықбек Есдәулеттің «Ақыннан сағат сұрама» атты румын тіліндегі кітабының, Сауытбек Абдрахмановтың «Алып Абай» кітабының тұсаукесері өткізілді. Сол секілді, данышпан тойына орай рухымызды жанитын айтыс ұйымдастырылып, «Адамзаттың Абайы» атты сөз додасында Мақсат Ақанов дараланғанын да айта кеткеніміз жөн.
Қалың елі қазағы үшін қайғы алған данышпан тойы жүрек тулатты. Қоңыр самалға қойны-қолатындағы өскінін билеткен ұлы Шыңғыстаудың тұтас алабы мен Қарауылтөбені, Жидебайды жағалай бір күнде 40 мың адам жосылыпты. Бәрі де Абайын сүйеді, ардақтайды. Бірақ сол жеткілікті ме? Жүздеген шақырымды салт атпен артқа тастап Семейдің кітапханасында ұлы ойшылдарды түгескен, сан мың білімнің қайнарын санада бүлкілдеткен сахара саңлағын біз терең білген сайын ұлт ретінде асқақтай берерміз. Онда біз Абайдың еліненбіз, қайсар қазақпыз деп тебіренерміз. Ғылымға, білімге ұмтылармыз. Толық адам болуды асыл арманға айналдырармыз, соған аршындап ұмсынармыз. Абайша болашаққа бағдар жасармыз. Қарауылтөбенің қалқасындағы дала сахнасында сол күні түнімен мерекелік концерт өтеді екен, біз оған қарайламадық. Тек, Қарауылтөбе басындағы «Абай елі» деген жазудан жанар тайдыра алмай қимастықпен Талдықорғанды бетке алдық… Көзбен көргенімізді осылай қысқаша жазып өттік.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Талдықорған – Қарауыл – Талдықорған





