Қаражиде ауылдық кітапханасында ақын, ағартушы және композитор Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орай «Ұлы халықтың ұлы Абайы» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Кітапханашы Зауре Амреева, Мәдениет үйінің қызметкерлері Жазира Лянова, Жұлдыз Утаршиеваның ұйымдастыруымен өткен әдеби кешке Елтай атындағы орта мектебінің оқушылары белсене қатысты. Оқырмандармен Абайдың өмірі мен шығармашылығынан сұрақ-жауап ойыны ойнатылды. Елтай орта мектебінің оқушылары Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздерін оқып, әндерін орындады. Сондай-ақ, 6-сынып оқушы Нұрсұлтан Бахтыбай Абайдың өмірінен үзінді көрсетіп, бейнесін сомдады. Оқушылар «Құлақтан кіріп бойды алар», «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Ғылым таппай мақтанба», «Мен жазбаймын өлеңді…», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Пайда ойлама, ар ойла», «Қыс» секілді өлеңдерін жатқа айтты. Есбол Елемес ақынның жетінші қара сөзін, Айзада Қайрабай қырық бесінші қара сөзін оқып, мағынасын жеткізді.
Әдеби кеште «Домбыра сазы» ансамблі «Жастар биі» күйін орындаса, «Балауса» би тобы «Қазақ қызы» биін мың бұрала биледі. Жұлдыз Утаршиева шырқаған «Көзімнің қарасы» әні көптің көңілінен шықты. Кеш соңында кітапханашылар «Ұлыстың ұлылығы – Абай» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады.
А. ӨМІРБАЕВ
Қаратал ауданы





