Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында дана бабамыздың бүгінгі қоғамдағы алатын орнын кең көлемде, терең талдай отырып, анық көрсеткен. Бүгінгі өскелең ұрпақ, келешек қазақ елінің тізгінін ұстар жастар үшін Мемлекет басшысының осы мақаладағы салмақты, саралай айтқан ойы мен көтерген мәселесі өмірдегі өз ұстанымын анық бағдарлауға жол көрсетер темірқазығы екені даусыз.
Біз де мемлекетіміздің дамыған озық отыз елдің қатарына қосылу үшін жасайтын еңбегімізде Абай атамыздың асыл қазынасын басшылыққа алсақ, қателеспейміз. Абай өмір сүрген кезеңдегі қазақ халқының аяғына тұсау болған келеңсіздіктер бүгінгі күні де арылған жоқ, қайта одан бетер қоюлана түскендей. Данышпан, ғұлама, философ ақын Абай сынап, ашына жазған өрескел қылықтар жаңа дәуірде денемізге батпандап кірген кеселдей шықпауы жақсылық емес. Әрине, бүкіл халықты күстәналап, қаралау ойымда жоқ. «Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» деген бар. Осы бір жағымсыз қылықтардан тезірек құтылып, санамызды қайтсек жаңғыртып, мәдениетті елдердің алдыңғы ондығынан ойып тұрып орнымызды алсақ деген арман бәрімізде бар. Ол үшін мектеп қабырғасынан бастап өскелең ұрпаққа Абай өлеңдері мен қарасөздерін оқытса ұтпасақ, ұтылмаймыз. Сосын тағы бір ескеретін жай – Абай шығармаларын осындай даталы жылдарда ғана емес, ұдайы насихаттап отырсақ, ғибратты сөздері ғақлиясы жас ұрпақтың санасына сыналай кіретініне күмәнім жоқ. Міне, сонда ғана біз дегенімізге жетеміз. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын мектеп бітірер әр жеткіншектің оқуын қадағалап, керек болса арнайы емтихан алсақ та артық болмайды. Ұлтжанды, халқының патриоты болып шығуы үшін қазақ халқының тарихын, өткен ғасырлардағы мәдениетін, салт-дәстүрін білу бірінші кезекте тұруы қажет. Жас ұрпақ ұлтының салт-дәстүрі мен мәдениетін, өнерін, тыныс-тіршілігін жетік білгенде ғана жаһандану үрдісінде өзімізді жоғалтпай ел болып қаламыз. Осы орайда бізге бірінші болып көмекке келетін дана Абай бабамыз деп білемін. «Ғұлама Абай қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер» деп Президентіміз өте жақсы айтты. Әлемге өзінің атымен елін танытқан ойшылдар жетерлік. Мысалы, Конфуций десек, іргеміздегі қытай елін есімізге аламыз. Достоевский дегенде көрші Ресей түссе, Руссо дегенде, француздар ойымызға оралады. Осылармен иық тіресіп, деңгейлес тұрған Абайды өз деңгейінде дәріптесек, өзге жұртқа таныта білсек, еліміздің абыройы артары сөзсіз. Сонда ғана Абай дегенде бізді Ұлы Дала елі деп танитын еді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқанындай, қазіргі уақытта елімізде саяси жаңғыру үрдісі жүріп жатыр. Биліктегі үлкен буынның орнына жаңа жас толқын келуде. Құптарлық іс. Осы бір сәтті кейбіреулер өз пайдасына шешу үшін түбегейлі өзгерту керек деп байбалам салып, популизммен айналысуда. Олардың ойы билікке жету. Мұндай теріс көзқарас, елді алға емес, артқа сүйрейді. Сондықтан босқа даңғаза шуға ермей, әр қадамымызға байыппен қарап, татулық пен бірлікті жоғары қойғанымыз жөн. Сонда ғана діттеген жерімізге жетіп, Мәңгілік ел болуға жақындай түсеміз. Аталмыш мақалада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Абайдың 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады деп жазды. Қазақ елін бүкіл әлемге танытатын, жоғарыдағы ойымызға толық жауап беретін іс-шараның бірі ұлы ақынның жарық көрген шығармаларының 10 тілге аударылуы. Сондайақ, туған өңіріне ерекше көңіл бөліп, Семей қаласын рухани-тарихи орталық ретінде белгілегені қуантады. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» демекші, дала ділмарлары мәңгілік мекен еткен жерді абаттандыру керек деген, тағы бірқатар шаралар қабылдауды тапсырған Президентке алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ел болып қолдап, қолымыздан келгенше атсалысуымыз керек. Ал осы іс-шаралар аясында облысымызда Ұлы Абайдың 175 жылдығына байланысты көптеген іс-шара жоспарланып, алды басталып та кетті. Соның біразы өзім қызмет ететін Ілияс Жансүгүров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде бірқатар іс-шара өткізгелі жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.
Қорыта айтқанда мықты мемлекет болу, өзімізді сыйлатып, өзгелер санасу үшін білімді, мәдениетті ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Ол үшін Абайға тереңірек үңіліп, тарихымызды, салт-дәстүрімізді құрметтейік, ағайын!
Тимур Жұмағұлов,
І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-дің мемлекеттік-құқықтық пәндер
кафедрасының меңгерушісі, философия докторы





