Адам болмысын зерттейтін экзистенциялық философия бүй дейді: «Адамның бәсін өзге мақұлықтан артық ететін бір қасиеті бар. Ол – саналы болмыстың айналасын ақылмен тануы және ақылдың күшімен өзінің ой-санасын бақылап, ой ағысында жүріп жатқан ойлану құбылысын саналы түрде сараптап тұруы. Бұл үлкен мұғжиза саналады.
Енді мынадай сұрақ қояйық. Пенде осы мұғжизаға қалай қол жеткізе алады? Қайтсе оның сергек санасы мүлгіп, жануарлық деңгейге құлап кетпейді? Сырттағы оқиға мен сана ішіндегі құбылысты қатар бақылап, тиімді басқара алатын биік қасиетті қайтіп қолға қондырады?
Жауабы қысқа. Кез келген пенде ҚҰДАЙ алдында, ХАЛЫҚ алдында, АР алдында жауапкершілік арқалауы керек. Жауапкершілік алған сәтте оның санасы ең биік режимде мүлтіксіз жұмыс істейді. Бұл борыштан бас тартып, тоғышарлық өмір салтына өз еркімен берілгенде, ой сананың өзін іштен танып, сезіп, біліп бақылап тұратын адами қасиеті сөнеді». Адамның осындай қасиетін танығыңыз келсе Ілияс ОМАРОВТЫҢ соңғы хатын оқып көріңіз. Бәрі түсінікті.
«Қадірлі достарым! Хәлім ауыр. Ажалмен бір адамдай-ақ алысып едім, ол енді жеңіп барады. Қол жетер жерде менің сағатым жатыр. Оның тиегі менің соңғы алар тынысымды есептеп қойғандай. «Мына өмірмен қоштас!» – деп маған тықылдап ескертіп жатқандай көрінеді. Жанымда балам Алтай отыр. Бұл хатты соған жазғызып отырмын. Өзімнің шамам жетпеді.
Менің өзегімді бір өкініш өртеп бара жатыр. Ол – менің халық алдындағы перзенттік парызым. Оны орындай алмай шерменде боп кетіп барамын. Жатсам-тұрсам сол өкініш жүрегімді өртеп, еңсемді зіл басады. Әттең, өмірім сәл ғана созылса, сол арманды орындар едім деп ойлаймын.
Мені шерменде күйге түсірген арманым – халқымның мәдени өрісі мен бай мұрасын зерттеу, әлемге паш етіп, «Біз де ұлы халық болғанбыз», «Бізден де мықты ер өткен» деп мақтану еді. Мен лайықты еңбек ете алмадым. Жігерімді жалқаулық басып, әлдеқайда аз күш жұмсадым. Соның өкініші өзекті өртейді. Бұл – адам өмірінде бір-ақ рет келетін сәт. Өлген соң, халқымның мәдениетін қызғыштай қорғауға енді мүмкіндігім келмес. Келешек жастардыкі ғой. Мен соларға сенемін. «Ел аман болса ер туғызбай қоймас» деген. Осы мәдениетті қорғайтын әлі талай ерлер өмірге келер. Тек уайымым, олар ішкенге мәз, жегенге тоқ ұрпақ болмаса екен.
Ел сүйгіш ұрпақ болу үшін әуелі үлкен арманды арқалау керек. Ол арман – халықтың мұрасы. Мен үшін қазақ халқы деген – ұлттың әні, жыры, күй мұрасы, аңыз-дастаны, мәдениеті, салт-дәстүрі, тарихы. Егер осылар шашылатын болса, онда қазақ деген халық та болмайды. Ел мәңгі тірі болуы үшін біз оларды жаңғыртып, жаңартып, әр дәуірдің талғамына сай бояуын беріп, кестесін тігуіміз керек. Менің көзімді, көңіл сарайымды халқымның осы мұралары жаулап алған. Мен оларды бір сәт те ойлауды тоқтатпадым. Қазақ мұрасын ойлап ұйықтау, соны ойлап ояну қандай ғанибет әрі абыройлы іс десеңізші?! Оларды ойлаған сайын ел алдындағы үлкен парызым есіме түседі. Олар мені шаршатпай, сусасам шөлдетпей, қарным ашса тоқтығын білдіріп, уайымға батсам жаныма шаттық сеуіп жүрді. Көне мұраны тірілтіп, арғы-бергі тарихты ұрпаққа көрсетіп, әлемге паш ету неткен ұлы іс еді….
Осы идеяны, елсүйгіш арманды бойына сіңірген адам ғана биік жауапкершілікке ие болады. Жауапкершілік неғұрлым терең оймен, ақыл-парасатпен, махаббатпен игерілгенде ғана халық алдындағы парыз өтелмек. Бұл – нағыз азаматтық ерлік жолы…
Ғазиз бауырларым, үзеңгілес достарым! Баршаңызға ақтық рет ой көзіммен қарап, көңіл құсыммен бір қауышып, келмес, көрмес сапарға аттанып бара жатырмын… Ел мұрасы өздеріңе аманат. Мен соңғы хәлім қалғанша бай мұрамызды сақтап, жаңғыртып, паш ету үшін күрестім. Ендігі жол сендердікі»…
«Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабынан





