Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен және облыстық Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Алаш қайраткері, реформатор Барлыбек Сырттанұлының 160 жылдығына арналған «Ұлт көшбасшысы: Тәуелсіздік жолындағы тағдыр» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы
Дөңгелек үстелге ғалымдар, Талдықорған қалалық мектептерінің тарих пәндерінің мұғалімдері, музей мамандары, өлкетанушылар, Талдықорған қаласы құрылыс-техникалық колледжінің студенттері мен мектеп оқушылары қатысты.
Тарих ғылымдарының кандидаты, PhD доктор, тарих ғылымдарының кандидаты Еркін Стамшалов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақстан тарихы кафедрасының ассистент-профессоры Лейла Хасанаева, Жетісу университетінің тарих және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушы-дәріскері, магистр Хуанган Өнербек, ҚР Орталық мемлекеттік архиві Әлеуетті зерттеулер орталығының жетекшісі міндетін атқарушы, PhD докторант Рамазан Әбілдосұлы өз баяндамаларын оқыды.
Шара барысында Барлыбек Сырттанұлының өмір жолы, қызметі, ұлт жолындағы игі істері жан-жақты сараланып, оның ел тәуелсіздігі жолындағы қажырлы еңбегі мен саяси-қоғамдық көзқарастары кеңінен насихатталды. Сонымен қатар қайраткердің қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудағы тарихи рөлі, құқықтық мемлекет құру жөніндегі идеялары мен ағартушылық қызметі туралы тағылымды ойлар ортаға салынды.
Ұлт тағдыры сынға түскен сан қилы заманда ұлт мүддесіне қызмет еткен интеллегенция өкілдері аз болған жоқ. Солардың бірі – алаштың ізашар буыны, реформатор Барлыбек Сырттанұлы. Ол, 1866 жылы Жетісу облысы, Қапал уезіне қарасты, арасан болысы, Қарашоқы жайлауында дүниеге келген. Саналы ғұмырында жоғары лауазымда қызмет атқара жүріп, ұлт жолында еңбек етті. Оның өмір жолы мен қоғамдық қызметі қазақ халқының азаттығы мен өркениетті дамуына бағытталды. Ең маңызды еңбектерінің бірі – қазақ елінің тәуелсіздігін көздеген алғашқы құқықтық құжаттардың бірі саналатын «Қазақ елінің уставы» жобасын жазуы. Бұл құжатта елді басқару, жер, заң шығару, сот жүйесі сияқты бірқатар мәселелер қарастырылып, қазақ қоғамын заманауи мемлекет ретінде дамыту идеясы ұсынылды. Сондай-ақ, Мамания мектебін ашудағы басты идеолог болғаны белгілі.
Талдықорған қалалық № 25 Барлыбек Сырттанов орта мектебінің директоры, білім магистрі Ибраймова Рахат Нығметбекқызы, Ақсу ауданы Барлыбек Сырттанов атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақсубаева Раушан Жұмағалиқызы арнайы келіп, жылы лебіздерін білдірді. Келген қонақтар «Ұлт мұраты жолындағы жетісулық Алаш зиялылары» атты жылжымалы көрмені тамашалады.





