Семей сынақ ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай «Жеңіс» саябағында «атом сарбаздары» ядролық сынақ құрбандары мен Чернобыль атом электр стансысындағы апатты жоюға қатысушылардың рухына арналған «Семей – Чернобыль» мемориалына гүл шоқтарын қойды.
Жиында алғыс сөзді облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов алып, 1991 жылғы 29 тамызда Семей сынақ ядролық полигонын жабу туралы қабылданған тарихи шешімнің маңызына тоқталды.
– Еліміз ядролық қарусыз әлемді қолдап, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға өз үлесін қосып келеді. Бұл прогрессивті шешім Қазақстан халқының бейбітсүйгіш ұстанымын бүкіл әлемге айқын көрсеткен жарқын үлгі болды. Гүл шоқтарын қою рәсімі өткенді ұмытпай, ядролық сынақтардан зардап шеккен жандарға құрмет көрсетудің белгісі. Осы сәтте өмірден өткен азаматтардың рухына тағзым етіп, олардың есімдерін құрметтеп еске аламыз. Өткеннің ауыр сабағын ұмытпай, бейбіт өмірді бағалау және оның маңызын келер ұрпаққа жеткізу барлығымызға ортақ міндет, – деді Диас Рахметұлы.
Ядролық сынақтардың зардабын тікелей бастан өткерген жандар үшін бұл күннің маңызы ерекше. Жыл сайын осы күні ардагерлер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері бас қосып, ядролық сынақтардан зардап шеккен және ірі техногендік апаттардың салдарын жоюға қатысқан азаматтардың рухына тағзым етеді.
– Өңірімізде екі жүзге жуық ардагер тұрады. Біз оларды әрдайым қолдауға тырысамыз, – деді «Семей полигоны» облыстық мүгедектер мен ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Толыбек Данабеков.
Еске алу шарасы Тілдер сарайында өткен конференциямен жалғасты. Оған «атом сарбаздары» – Чернобыль АЭС-індегі апатты жоюға қатысушылар, интернационалист жауынгерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен белсенділер қатысты.
Конференцияға қатысушыларға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бауыржан Әбибеков құттықтау сөзін арнады. Жиынға, сондай-ақ халықаралық «Невада – Семей» антиядролық қозғалысы Алматы облыстық филиалының төрайымы Гүлдана Нұрпейісова қатысты.
– Мұндай ұйымдардың көптеген елде жұмыс істейтіні өте маңызды. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында бүкіл әлем болып, жаппай қырып-жоятын қаруды өндіру мен сынауды тоқтата аламыз. Бұрынғы полигон аумағының кейбір жерлерінде әлі күнге дейін радиациялық фон сақталған. Бүкіл әлемдегі бейбітшілік үшін біз осы зұлымдыққа жаппай әрі толық тыйым салуға ұмтылуымыз керек, – деді Гүлдана Хасенқызы.
Конференция барысында тарихи жадыны сақтау, жастардың назарын ядролық сынақтардың зардаптарына аудару және халықаралық антиядролық қозғалысты нығайту қажеттігі сөз болды.
Жиын соңында Бауыржан Бақытұлы қоғамдық қозғалыстың белсенділеріне марапаттар табыстады.
Дастанбек САДЫҚ





