Ауылдық округтер мен мекемелер арасында аудан әкімі аппаратының және аудандық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде өтетін «Ел іші – өнер кеніші» байқауы биыл да өз жалғасын тапты.
«Еңселі елдің дарынды жастары» байқауы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру, ел ішіндегі жас өнерпаздарды таныту, халықтың мәдени шығармашылық деңгейін көтеру, өнерпаздардың орындаушылық шеберлігін шыңдау мақсатында ұйымдастырылды.
Өнер байқауына аудандағы барлық ауылдық округ пен мекемеден құралған командалар қатысты. Бес күнге созылған байқауға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әлібек Бөпешбаев, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Мұхтар Әзімбаев және аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Самат Рақышев қазылық етті.
Өңір өнерпаздары 3 номинация бойынша бақ сынады. Алғашқы аталымда өнерпаздар ән салса, келесі кезекте би билеп, үшінші аталым бойынша әзіл-қалжың, пародия көрсетті.
Байқау барысында барлық ауылдық округ пен мекеме қызметкері өздерінің өнерден құралақан еместігін анық байқатты. Себебі, қызметкерлердің бірі әннен шашу шашса, енді бірі мың бұрала би билеп, тіпті әзіл-қалжыңдармен көпшілік көңілін көтерді. Аталмыш байқаудың қорытындысы алдағы уақытта белгілі болды. Айта кететін жайт, байқауға қатысушылардың орындаушылық қабілеттерін бағалау кезінде қазылар алқасы репертуардың ұлттық бояуы мен көркемдік идеялық дәрежесі, орындаушылық шеберлігі, би қозғалысының ритмикасы мен синхрондығы, сахналық мәдениеті мен киім үлгілеріне және таспаға жазылған музыкалық шығарманың сапалылығына баса назар аударды.
Алтынай СЕЙТКЕН
Балқаш ауданы





