Міне, тағы бір Жаңа жыл есігімізді қағып тұр. Тәуелсіздігін тәу етіп, азаттықтың ауасымен тыныстағалы бері де отыз жылға таяпты. Осы уақыт аралығында елімізде қадау-қадау игілікті істер жүзеге асырылғанын көріп келеміз. Әрине, «әттеген-ай» дегізер тұстарымыз да аз емес. Ең бастысы, іргемізді бекітіп, әлемдік өркениеттен өз орнымызды алып үлгердік.
Жарты әлем үшін жыл басы саналатын Наурыз мерекесінің мен үшін орны бөлек. Себебі, қазақтың ғажап әншісі, менің ұстазым Дәнеш Рақышев азаттығымыздың алғашқы жылында осы Наурыз тойына арнап ән шығарып, ұлы мерекені ұлықтауға өз үлесін қосқан еді. «Наурыз тойы» деп аталатын сол әнді маған аманаттап, айтып жүруімді тапсырған да өзі болатын. Көп ұзамай бақилыққа аттанған ұстазымның сол шығармасы менің репертуарымнан түскен емес. Ұлыстың ұлы күні жақындағанда осы әнді қайта шырқап, Дәнеш ағаның рухын бір асқақтатып алатыным бар.
Жер жаннаты Жетісудың төл перзенті ретінде жаны жайсаң жерлестерімді осынау ұлық мерекемен құттықтаймын. Ойға алған ізгі мақсаттарың орындалып, бай-қуатты ғұмыр кешулеріңе тілектестігімді білдіремін. Ұлыс оң, ақ мол болсын!
Нұржан ЖАНПЕЙІСОВ,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері





