ЖҰМ-АҒА
«Теледидарды ашып қалсаң – Ғафекең»
(Ж.Әбдіраш)
Жұматай Оспанұлына
Жиынға бір бара қалсаң – Жұмағаң,
Жақсылармен жора болсаң – Жұмағаң.
Қырға шығып қой бақсаң да – Жұмағаң,
Жырға асығып ой бақсаң да – Жұмағаң.
Жас сөзінің баламасы – Жұмағаң,
Той болса да тамадасы – Жұмағаң.
Дарындыны жасқамайтын – Жұмағаң,
Домбырасын тастамайтын – Жұмағаң.
Отыратын жоғарыда – Жұмағаң,
Бағдарлама қонағы да – Жұмағаң.
Ең тереңнен толғайтын да – Жұмағаң,
Әр жұмадан қалмайтын да – Жұмағаң.
«Аноу маңда оңаша жүр бір адам»
деп барып ем,
Мұнда да тұр Жұмағаң.
БАРОМЕТР
Есболат Айдабосынға
Өтсе де кемпір, шал, бала, батыр,
Бас киімін басып ап қарап отыр.
Әдебиеттегі ыстық градусник,
Қоғамдағы барометр!
Жолға ұзақ ойланып қарайтыны,
Сан жылғы сағынышты санайтыны.
Жастар үшін бір өзі – «Ұлттық арна»,
Ал шалдармен отырса – «Абай TV!»
Серілікті ел әйтеуір сұрай ма одан,
(Жүре берсе болмай ма былай да адам)
Ұнайды оған – сұлуға сүйінген де,
Киінген де әдемі – ұнайды оған!
Өткен талай өмірде белесі мың.
Іздесең табасың келесі күн.
Жұмысында бар ма екен?
Отыр. Бірақ,
Іліп алып ішінен ол есігін!
БІР БАҚЫТ
Гүлбақыт Қасенге
Туған жерден құрмет көру – бір бақыт,
Думанды елмен бірге өткеру – бір бақыт.
Жалпыға сыр бермей келу – бір бақыт,
Жарты ғасыр сөнбей келу – бір бақыт.
Үкілі елде нұрлану да – бір бақыт.
Бүкіл елге гүл болу да – бір бақыт.
Ауылдаста көрік болса – бір бақыт
Бауыр-дос та келіп қалса – бір бақыт.
Сан тілекті жазбақ болу – бір бақыт.
Бар жүректі қозғап келу – бір бақыт.
Өртеуге өлмей күйіп көру – бір бақыт,
Баркөрнеудей биік болу – бір бақыт.
Бір бақыт қой, нұр бақыт қой,
Бұл бақыт –
Бір әпкеміз бойындағы Гүлбақыт!
Сүлейменов
Асыл Сұлтанғазыға
Допқа аяғы жабысар кілей болып!..
Жатар сосын жыр оқып, түней келіп.
Достарға да нұсқайды кітаптарын –
Асқарға да ұқсайды Сүлейменов!
Бар клубын әлемнің талап келіп,
Бар киносын әлемнің қарап көріп,
Қазақ болып көреді Жумонгты әлі,
Ливерпульге өледі Салах болып!
Тастай алмай жүр, әттең, жыр-қимасын,
Ол болмаса газонға құлдиласын!
Бере салу керек-ақ жаттықтыр деп,
Қазақ футболының бір лигасын!
МИЗАМ
Мұхтар Күмісбекке
Жырларды оқып жұқарған,
Жабығамыз, шаршаймыз.
«Егемендік» Мұқаңнан,
Егемен жыр аңсаймыз.
Жалғанда мың сұмдық бар,
Ақындар бар алайда.
Әр дәуірге бір Мұхтар,
Керек екен…қалайда!
Өткізбейді бос күнді,
Қамшылатып ол бізді.
Сүйе алмай жүр ешкімді,
Сүйдірсе де сан қызды!
Қатырады күліп-ақ,
Қабақ шыта қоймайды.
Қисық қарап жүріп-ақ,
Түзу жолдан таймайды!
Мадақтайды кейде елі:
– Жалғыз өзі мықты күш,
«Мизам» құрды, – дейді оны.
Ал отбасы?
Тып-тыныш!..
Санжар Сұлтанғазы










