Қай тақырыптан бастасақ та, қай мәселеден сөз қозғасақ та ақыр түбінде Абайға ораламыз. Бірақ Абайдың өзіне емес, сөзіне қайырылып, хакімнің шын сөзіне шөліркейміз. Көкейге кіріп, көкірегімізге ұялаған: «Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын кесері бар» деген бір ауыз ғибраты бүгінде тұтас қоғамға айтылған ескертудей. Дәл айтылған. Дәлелді де. Абай дананың ескерткенін елеместен, елді «құлақ кесер» әндермен еліктіріп жүргендер аз емес. Бір таңғаларлығы, оларды көбі жек көрмейді. Қайта мақтап, еліктеп, есіріп тыңдайтын жұрт та жетіп артылады.
Қазіргі таңда халықтың құлағы құлақ болудан қалды. Ұятты сөзге, ұрда-жық ұйқасқа үйреніп кетті. Әйтпесе «Шымкенттің қыздары зың-зың» дегені не сұмдық?! Бұдан қандай тәрбиелік тағылым алмақпыз? Тұтас өңірдің нәзік жандыларын жарты әлемге жарнамалаудың жаңа үлгісі осы ма? Әлде бүгінгінің «әлеуметтік өнері» хайп пен күлкіге құралған кекесін бе?
Сол секілді, Ерке Есмахан деген әнші «Алматыда жоқ-жоқ, Астанада жоқ-жоқ» деп ел кезіп жүріп, ақыр соңында «сыңарын» тапты. Жарайды, жолы болды. Бірақ сол іздеген еркегі Райм атты тағы бір «сөз зергері». Оның әнінде:
«Көз қорқақ, қол батыр,
Сені көргім кеп баратыр», – дейді.
Ал енді өзіңіз ойлап көріңізші, бұл қандай тіл? Бұл тіліміздің «мүгедектенген» бір мысалы ғана. «Баратыр» деген не сөз?! «Ұйқасқа» бола тілдің көркемдігін осылайша тұншықтыру сауатсыздықтың сорақы түрі.
Тағы бір мысал Бейбіт Қорған мен Аргония деген қос әнші бар. Бір әндерін тыңдап көрсең, «Кірмей қала ма деп қорқамын» деген жол жеті рет қайталанады. Сегізінші жол күтесің жоқ. Енді не айтпақ? Не жеткізбек? Бұл ән бе, әлде эмоциямен өшкен WhatsApp хат па? Эротиканың да естісі де болады ғой. Есенқұл Жақыпбектің:
«Көйлегің қандай әдемі,
Кимей-ақ қойшы сен бірақ» дегеніндей, ең құрығанда салмақ болса ше. Мәселен, ақынның бұл өлең жолында иірім бар. Образ бар. Сол арқылы тұтас нәзіктік, наз, ұяңдық, тіпті ұяттың өзі әдемі өріледі. Қазіргілер ше? Ашықтан-ашық, жалаңаштап беретін «лирика» ғана.
Тағы бір Қанай деген әнші:
«Пух, атып тастадың мені,
Жүрегіме оғың дәл тиді» – деп жатыр. Бұл не? Құмарын аша алмай жүрген кімнің арманы? Жарайды, бұл ән де «өтіп» жатыр. Себебі оған сұраныс бар. Сұраныс болса, барлығы жасалады. Бірақ осы «сұраныс» дейтұғын пәлекетті кім жасап жүр?
Біреулер «жастар тыңдайды» дейді. Сол жастардың тіліне қарап отырып біз бүгін «қатыраш болд миымды» деген сөз тіркесіне де куә болып отырмыз. Бұл түк емес, өткенде (клипі әлі шықпаған болуы керек) бір әннің сөзін әлеуметтік желіде естіп қалдым. Онда «сен менің зайыбымсың, мен сенің айғырыңмын» дейді. Осындай «ән» деп аталатын шимайлар интернет кеңістігін толтырып тұрғанда, Мұқағали атамыздың «Шәмшіге айт, тағы да бір таңдандырсын» деген сөзі есіңе түседі. Себебі Шәмші таңдандыра білді. Ол таңдай қақтырды. Ол тыңдарманның талғамына тарлық қылмайтын сазгер еді. Ал қазіргілерді тыңдасам, «әнші» Алина Шакиева айтқандай, «Ұйқым келмейді». Мүмкін «махаббат маза бермейді». Содан кейін осындай әндерге «қош бол дегің келеді, тағы бірдеме дегің келеді».
Иә, өкінішті жалаңаш жолдар. Жансыз ұйқас. Жайдақ ырғақ. Осының бәрін ән деп қабылдап, елге үлгі көріп отырмыз. Ганвест деген (ұлты кім екен?) әнші «На рахате» деген әнде былай деп соғады:
«Қойше-е, қыздар на рахате,
Балдар на рахате».
Не деген рақат! Бірақ ол рақаттанған ұрпақ ертең кім болады? Мәдениеттің мәйегін көрмей өскен санасыздың келбеті қандай?!
Бұрын қазақтың келіндері ошақтың маңында ыңылдап жүріп, баласының бесігіне ән арнайтын. Бүгінгі әндерді қосып қалсаң, құлағыңнан ұят кіріп, бетіңнен шығады. Кешегі қайран жеңгелеріміз ыңылдап:
«Ебелектей жел аңсаған,
Көбелектей гүл аңсаған,
Келем саған» – деп Шәмшіге оралатын еді.
Қазіргі кей әндерде автор, композитор кім екені белгісіз. Тек бір түсініксіз псевдоним, бір шулы клип, басты кейіпкер бір тырдай қыз, бітті. Бұрын әншіні ақын іздейтін, бүгін ақынды әнші «жазып» алады. Енді ешқашан Қадыр Мырза Әлидің:
«Бұрымың Мыңбұлақта туған ару,
Сол жердің мың бірінші бұлағындай» – дегені қайталанбайды. Ондай теңеу де жоқ, түйін де жоқ. Ең қиыны, ақындықтың арқауы үзіліп, өнердің өзегі шіріп барады.
Классиктер кем. Қадірлілер сырт айналған. Марқұм Есенғали Раушанов ағамыз «Мен 1991 жылдан бері теледидар қарамаймын, соның ішінде қазақ дидарын қарамаймын» дегеніндей, қазіргі әншілерді бүгіннен бастап тыңдамауға болады.
Қазір бізге әннің шынайылығы емес, шулығы маңызды. Мағынасы емес, маркетингі өтімді болсын дейді. Сондай заманда Абайдың сөзі ғана емес, бүкіл рухы сағынышқа айналды. Хакім айтқан: «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деген тілек бізге аманат, бұйрық.
Ән – заманның айнасы. Ал егер бүгінгі айнамыз күңгірт болса, біз өз бейнемізден безіп, өз сөзімізден жеріп бара жатқан шығармыз. Онда бір-ақ амал бар – қайта Шәмшіге оралу. Қайта Мұқағалиға үңілу. Қайта Абайға жүгіну. Өйткені, рухтың тынысы – сөзде. Ал сөз түзелмей ел де түзелмейді.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





