Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ұлт руханиятының ірі тұлғасы Ілияс Жансүгіров халқымыздың тағдырын, табиғатын, мінезі мен болмысын поэтикалық биікте суреттеген бірегей ақын. Биыл оның әйгілі «Дала» поэмасының жазылғанына 95 жыл толып отыр.
1930 жылы жазылған бұл поэма Ілиястың шығармашылық шыңына көтерілген сәті әрі қазақ поэзиясында табиғат пен тарихты тұтастырған ерекше туынды. «Далада туған халықтың жаны да даладай кең» деген ақынның ойы осы поэма арқылы жарқырай көрінеді. «Дала» – кең сахараны тек табиғи көрініс ретінде емес, тұтас қазақ өмірінің символы, ел тағдырының айнасы кейпінде бейнелейді. Ақын туған жердің тауы мен тасы, өзені мен шөбі арқылы ұлттың мінезін, өткеннің ерлігін, болашағының үмітін өрнектейді.
Бүгінгі таңда «Дала» поэмасы тек әдеби ескерткіш емес, ұлт болмысының көркем айғағы. Жас ұрпақ Ілияс Жансүгіровтің осы туындысынан туған жерге деген сүйіспеншілікті, табиғатты аялау мен отаншылдық рухты сезінеді. Құлагер ақынның «Дала» поэмасы қазақ поэзиясының мәңгілік мұрасы, даладай кең, сарқылмас бай жырдың ерен үлгісі.
Жанар Райханова,
Құрақсу ауылдық кітапханасының кітапханашысы
Ақсу ауданы





