Жалпы қара өлеңге бүйрегі бұрып тұратын жастардың қатары аз емес. Оларға жігер беріп, қолдау көрсетуге аға буынның ықпалы керек. Осы орайда Балпық би ауылында оқушылар арасында алғаш рет «Адамдық борышың» атты байқау өтті.
Көксу ауданында 7-9-сыныптар арасында Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдерін жатқа оқудан жарыс ұйымдастырылды. Жарысқа аудан, ауылдардан 18 оқушы қатысты. Жас өрендер аудандық Мәдениет үйінде 2 кезең бойынша сынға түсті. Бірінші кезең ақынның өлеңдерін жатқа оқудан басталды. Екінші кезеңде жастар өлеңнің мағынасын ашуға тырысты.
– Өзім елімнің патриоты ретінде жастарға қолдау көрсетуге міндеттімін. Бұл жердегі басты мақсат – өлеңді жаттау емес. Шәкәрім бабамыздың қалдырған өсиетін келешек ұрпақтың санасына сіңіру. Көптеген жасқа ата-бабамыздың ұстанған жолын үйретсек дамыған мемлекетке айналамыз. Кішкентай істер үлкен жобалардың бастауы секілді, бүгінгі шара да ертеңгі үлкен жолашардың бастамасы. Осы қолға алып отырған Шәкәрім оқулары енді ауданымызда жылда дәстүрлі түрде өтетін болады, – дейді мүшәйра демеушісі Олжас Смағалиұлы.
Байқаудың басты мақсаты – Алаш зиялыларының бірегейі Шәкәрім Құдайбердіұлының еңбектерін өскелең ұрпаққа насихаттау. Жастар арасында өнерге деген құштарлықты арттыру.
3 сағатқа созылған байқауда қазылар алқасы бірауыздан Н. Алдабергенов атындағы мектептің 7-сынып оқушысы Арафат Таңжарықұлын жеңімпаз деп жариялап, 150 мың теңгелік ақшалай сыйлықты табыс етті.
Бұл шараға республикалық Шәкәрім оқуларының жеңімпазы, блогер Бағлан Ерғали бастамашы болып отыр. Сондай-ақ, кеште алаштанушы, ғалым Елдос Тоқтарбай да бой көрсетіп, қатысушыларға жылы лебізін білдірді.
Шалқар Ақсақал
ЖУ студенті
Көксу ауданы





