Кеше ғана тектілік пен тәрбиеге сүйенген қазақ қоғамы бүгінде рухани дағдарыстың табалдырығында тұрғандай күй кешуде. Өйткені, қоғамды алаңдатқан ең ауыр дерттің бірі – қорғансызға қол салу, әсіресе, бейкүнә балаларға жасалатын зорлық-зомбылықтың үдеуі. Бұл – адамдық болмыстың күйреуі, ар-ұяттың аяққа тапталуы. Ең сорақысы мұндай сұмдыққа құлақтың үйрене бастауы. Жантүршігерлік жаңалықтарды естіп, жағамызды ұстау азайып, жүрек селт етпейтін күйге жеткеніміз қоршаған ортамыз үшін ең қауіпті белгі.
Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз болды, зәре-құтты қашыратын тақырыптар алдыңыздан шыға келеді: бесіктен белі шықпаған балаға жасалған зорлық, мектеп жасындағы қыздың тағдырын тас-талқан еткен қаныпезерлер, туғанына қорған болудың орнына, қорлық көрсеткен жақындар жайлы ақпараттар… Бір кездері жатсынатын мұндай сұмдықтар бүгінде жиілеп, қалыпты құбылысқа айналып бара жатқандай әсер қалдырады. Бұл үнсіз қалған қоғамның, селт етпеген сананың салдары емес пе?
Өзегіңді өртейтін осындай оқиғалар көбейген сайын, ел ертеңіне деген сенімге селкеу түсетіні анық. Қорланған, жәбір көрген балалардың тағдыры тұтас ұлттың жарасы. Олардың жан дүниесіндегі жара жазыла ма? Әлде өмір бойы көлеңкесінен қорқып, қоғамнан шеттеп өтетін жандарға айнала ма?!
Заң қатайып, жазалар күшейтілгенімен, мәселенің түп-тамырына балта шабылмай отыр. Қылмыскерлер темір торға қамалғанымен, уақыт өте қайта оралуы мүмкін. Ал олардың құрбандарының жанына түскен дақ өшпейді. Демек, бұл тек құқық қорғау органдарының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ мәселесі.
Осы тұста отбасының рөлі ерекше. Үй ішіндегі ұрыс-керіс, жылулықтың жетіспеуі, мейірімнің аздығы бала психологиясына салмақ түсіретін басты факторлар. Махаббат пен қамқорлық көрмеген бала сырттан жылу іздейтіні жалған емес. Ал мұны өз пайдасына асыратын жандардың бар екені анық. Айлакерлікпен арбап, сенімге кіріп, кейін сол сенімді аяққа таптайтындар қоғамның ең қауіпті элементтері.
Бұл дерттің тамыры тереңде. Ол – тәрбиеден, руханияттан, қоғамдық жауапкершіліктен ажырап бара жатқанымыздың көрінісі. Сондықтан мәселені тек жаза арқылы шешу жеткіліксіз. Ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, отбасы институтын нығайтып, бала тәрбиесіне деген көзқарасты түбегейлі өзгерту қажет.
Ендеше, бүгінгі таңда әрбір саналы азамат өз-өзіне сұрақ қоюы тиіс: біз қайда барамыз? Қай бағытты бетке алдық? Қоғамның келешегі қандай болмақ? Егер үнсіз қалсақ, ертең кеш болуы мүмкін.
Қара бұлттай торлаған қатыгездік бұлтын сейілту баршамыздың ортақ міндетіміз. Өйткені қорғансыздың көз жасы ұлттың намысына түскен дақ. Сол үшін де осы орайдағы екінші бір мәселе – мейірімнің азайып бара жатқаны. Технология дамып, тұрмыс түзеліп, материалдық игіліктер артқан сайын адам жанының жылуы кеміп бара жатқандай әсер қалдырады. Бір қарағанда, бәрі бар: мүмкіндік те, жағдай да, таңдау да мол. Бірақ сол молшылықтың ортасында адамдықтың өзегі – жанашырлық пен қайырымдылықтың жоғалып бара жатқаны алаңдатады.
Осы тұста қазақтың көрнекті жазушысы Шерхан Мұртаза айтқан бір сөзі ойға оралады: «Қиын заманда, нәубет тұста адамдар бір-біріне мейірімді еді. Бір уыс талқан мен жарты нанды бөліп жеп өмір сүрді. Ал қазір бәрі бар, бірақ мейірім жоқ»
Расымен де, таршылық заманда адамдарды біріктірген ортақ бір-біріне деген жан жылуы еді. Ал бүгінгі күні әркім өз қамымен жүріп, өзгенің мұңын естуге де, түсінуге де асықпайтын күйге жеткендейміз. Қоғамдағы қатыгездік пен немқұрайлылықтың тамыры да осы рухани жұтаңдықтан бастау алады.
Сондықтан бүгінгі буын үшін ең үлкен міндет материалдық байлықтан бұрын, адамдық құндылықтарды қайта тірілту. Егер әр адам өзінен бастап жанашырлық таныта білсе, қоғам да біртіндеп жылына бастайды. Өйткені адамзатты сақтап қалатын дәл осы мейірім.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





