Талдықорған: -1°C
$ 494.63
€ 583.22
₽ 6.42
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР РУХАНИЯТ

МӘҢГІЛІК ӨНЕГЕ

13.01.2020
РУХАНИЯТ
МӘҢГІЛІК ӨНЕГЕ
WhatsAppTelegramFacebook

Қолымда белгілі жазушы Мамытбек Қалдыбайдың «Мен қазақ­тың баласы» атты деректі романы. Мұқабаның сыртында аңыз адам, әйгілі қолбасшы, көрнекті жазушы Бауыржан Момышұлының көпке танымал суреті. Батырдың осы келбетіне қарап-ақ ішкі жан дүниесін түсінуге болатындай. Бір нүк­теге қадала қараған өткір де сұс­ты жанары  қадалған жерін ойып түсетіндей! Бүркіттің табиғат­тың қатал сынына шыдаған жұмырт­­қасынан  ғана балапан жарып шығатынындай, 24-ші жел­тоқсанның ызғарлы күндері  дүние­ге келген батырдың мінезі де сол қарлы шың төсіндегі ақи­ық қыранға тартып туғандай. Қыран қабағы, ерлерге тән сұсты келбеті, батырың қайсы десе кез келген қазақ «міне!» деп мақтанышпен көрсететін айшықты сурет! Кітап Ал­маты шаһары, «ОНОН» баспасынан 2018 жылы жарық көрген. Көлемі 24,2 баспа табақ. Мұқабада Алматы Алатауының көз тартар көркем көрінісі бейнеленген. 

Ал, енді ішіне үңілейік. Соғыс жылдары ат үстіндегі әскери өнерімен қолбасшылар Бу­ден­ныйды, Рокоссовскийді, Жуковты  таңқалдырады. Маршал Баграмян  Баукеңнің талантын бағалап, әскери академияға жол­дама береді, оны бітірген соң әскери академияға профессор-оқытушы етіп қалдырады. Ұлы Отан соғысында полковник шені­мен дивизия басқарған батыр Бауыржан Момышұлының өмі­рін жырлау кім-кімге де оңай шар­уа емес-ау. Сол жылдары полко­вник шенімен дивизия бас­қарған екі-ақ қазақ болған ғой. Біріншісі Б. Момышұлы, екіншісі полковник Әбілқайыр Бай­молдин. Батыр туралы А. Бек (1943 ж.) бастап, Ә. Нұршайықовпен жалғасып, біраз қаламгерлер шығарма жазды. Бектің «Волоколамское шоссесін» де, Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызын» да сүйсіне, қызығып, іздеп жүріп оқыдық. Ал бүгінгі күндері Баукең туралы сөйлегендер қиял-ғажайып ертегідегі батырға айналдырып, аспаннан түсірмей қояды. Аңыз адам туралы аңызға бергісіз дүниелердің айтылатыны да, жазылатыны да жарасымды  болар. Дегенмен, белгілі жазушы М. Қалдыбайдың «Мен қазақтың баласы» атты деректі романын оқығанда батыр Бауыржан ертегі кейіпкері емес, өзіміз сияқты ет пен сүйектен жаралған жан екенін сезіндік. Баукеңнің өзі де осыны қалаған ғой. А. Бекке «Менің айтқандарымды өзгертіп жазсаң, қалам ұстаған қолыңды шауып тастаймын» деп талап қойғанын оқырман жақсы біледі. Ол соғыс жылдары еді. Мамытбекке де: «Жаманды-жақсылы атағым да, шатағым да бар кісімін ғой. Кемістіктерім де аз емес. Егер сен менің сол кемістіктерімді орнын тауып көрсете алсаң, риза болар едім. «Кемістігім жоқ, болдым, толдым» деген кісілерді көріп те, естіп те жүрген шығарсың? Өзі туралы әлгіндей пікірге келу – үлкен қателік, үлкен тәкаппарлық» – депті. Ал, Баукеңнің жалған сөйлемейтіні ақиқат! Бүгінгі шешендер Момышұлынан Алпамыс жасап, атса оқ, шапса қылыш өтпейтін етіп бейнелеп жібереді. 

Бүгінгі ел басқарып жүрген басшы адамдарға да: «Үлкен-кіші алдыңа үміт артып, көмек сұрап келеді. Сол уақытта жасы үлкен болса аға, апа, жеңге, жасы кіші болса інім, қарындасым деп жақсы сөйлес. Көңіліне кірбің түсіріп, үмітін үзбе, едіреңдеме. Едіреңдеп елге басшы бола алмайсың», – дейді батыр ағамыз. 

Мен аталмыш кітапты сүйсініп оқыдым. Бауыржан ағамыздың мен оқымаған, естімеген қасиеттерін автор өз құлағымен естіп, қағазға түсіріпті. Батырдың ертегі кейпін емес, адами кейпін осы кітаптан таныдым. 
«Әй, Бауыржан туралы Нұршайықов жазды ғой, Мамытбек те жазып па? –  депті бір редактор. – Қойсаңдаршы, қашанғы жаза бересіңдер?».
– Мұның атын іштарлық  дейді, іштарлық  деген нәрсе ақылды кісінің ісі емес, – дейді Баукеңнің өзі… Осындай іштарлықтар емес пе біздің қазақтың көсегесін көгертпей отырған. 
Жазушы Мамытбек Қалдыбай батыр туралы бес кітап жазыпты. «Жарыққа шықпаған  тағы үш-төрт қолжазба  бар», – дейді автор сөз арасында. Менің қолымдағы бесіншісі. «Ұлы қолбасшы таңғажайып бір жұмбақ адам болуға тиіс; өзі көп сөйлемейтін, тірі жанға сыр бермейтін болуы керек. Күшті болу үшін істеген ісің, жүріс-тұрысың, мінез-құлқың бәрі де шешілмейтін жұмбақ, ашылмайтын құпия сыр болып тұруы, дүние өртеніп бара жатса да бір ұстанған бетіңнен таймауың керек» – депті ұлы қаған Шыңғыстың немересі Бату. Осы сөздерді Бату біздің Баукеңе қарап айтқандай көрінеді маған. Ұлы Отан соғысы кезінде батыр ағамыз өзін дәл осылай ұстаған ғой. Әр замандағы әр соғыстың өзіне тән сыр-сипаты, батырлары мен көсемдері болады. Бұл менің Баукеңді  көзіммен көріп, тіл қатыспасам да оқығандарымнан түйгенім. Мамытбек ағамыз сол «ашылмайтын құпия сырдың» кілтін тауып, жоғарыда айтылған бес кітапқа салып, оқырманға ұсынған екен. Мұндағы мақсаты: келешек ұрпақ білсін, халық қаһарманын танысын, аңыз адамның шынайы өмірінен тағылым алсын деген ізгі ниеттен туған дүние екені белгілі. Жыр саңлағы, майдангер ақын Қ. Аманжоловтың өлеңімен «Мен қазақтың ба­ласы» деп   аталатын  бұл кітап Бау­кеңнің көбіне соғыстан кейінгі бейбіт өмірдегі тағдырынан сыр шертеді.
Бауыржан Момышұлының сан қатерді басынан кешкенін автор мейлінше нақты фактілерге сүйеніп, барынша жинақтап, тұл­­ғаландыра суреттеген. «Баукең қалай дивизия командирі бол­ды?» деген тақырыптағы тартысқа назар аударсақ та көп сырға қа­ны­ғамыз. Кешегі қара домалақ ауыл баласы сұрапыл соғыстың алғы шебінде қолбасшы. Бұл айту­ға оңай, ал оның жауапкершілік жүгі зіл батпан.  Бұған Кеңес одағы  Коммунистік партиясы Орталық комитетінің хатшысы, Саяси Бюро мүшесі Александр Сергеевич Щербаковтың Қазақстан Ком­партиясы Орталық комитеті­нің бірінші хатшысы  Николай Александрович Скворцовқа телефон соғып: «Бізде Бауыржан Момышұлы туралы әртүрлі мәлімет бар. Майданнан бәзбіреулердің оны: «ұлтшыл, шовинист, дөрекі, Отанымызға берілген солдатты сотсыз аттырып, дұшпанға көмектесті»,– деген тәрізді бір десте шағым-хат сақтаулы. Енді біреулер: «Олай емес, ол нағыз батыр, ержүрек, отаншыл, нағыз интернационалист командир»,– деп жазады. Біз кімге сенерімізді біл­мей отырмыз. Дивизияға  сенімді адамымызды жұмсап, істің ақ, қарасын анықтауға көмектесіңіз», – деп өтінуі, Скворцовтың Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Мұхаметжан Әбдіха­лықовты 19 күнге іссапармен Пан­­филов дивизиясына  жіберуі Бауыржан тағдырын біржола күйреп, жоқ болу қаупінен құтқарған болат қорғандай әсер етеді.
Оқырманға түсінікті болу үшін оқиғаны таратып айталық. Мұхаметжан Әбдіхалықов жағдаймен танысып,   Панфилов қаза болғаннан кейін оның орнын генерал Чистяковтың басқанын, ол жоғарылап кеткен соң  шалапай, надан, өркөкірек, шовинист генерал Чернюговтің дивизия командирі тізгінін қолына алғанын, оның  бұрын 10-шы армияның ко­ман­дашысы Юшкевичтің адьютанты болғанын, 8-ші гвардия­лық дивизия сол 10-армияға бағын­ғандықтан Юшкевич генерал Чернюговті таныстықпен жоғарылатып жібергенін,    соғыс жағдайына байланысты дивизияда әр жеті сайын  командирлік оқу-жаттығуының өтілетінін, сол оқу-жаттығу кезінде генерал Чернюговтің командирлердің бәрін балағаттап, тілдейтінін, орыс командирлерінің үндемей төзетінін Бауыржан Момышұлының  қазір атам десе де қайтпас қайсарлық танытып, генералға қарсы шыққанын, тіпті Чернюговтің: «Мен генералмын!» – деп айғайлағанын­да Бауыржан: «Мен – полков­никпін! Генерал бағыныштыларын тілдеуі, өзін ұстай білмеуі қай уставта жазылған?! Сіз неге әскери тәртіпті бұзасыз!», – деп үстелді қойып қалуын, үстел үстіндегі сия сауыттың, қаламсаптың анандай жерге ұшып кетуін көрсету арқылы автор  екеуара тартыстың  қаншалықты шиелініскенін, өзара  ымыраға келместей өреге жеткенін оқырман жүрегіне толық  жеткізуді көздеуі, полк командирі Ломовтың осы келеңсіз жағдайдың бәрін батыл айтып беруі әділеттің салтанат құруына барынша жол ашады. 
Автор шовинист генерал Чер­нюговтің  әскери өнерден мақұрым, дөрекі іс-әрекетін шағын оқиғалар арқылы шебер бейнелеген. Сөзіміз дәлелді болуы үшін мына фактілерге мән берелік.   Оның аңдып жатқан жауға үш мың қазақ жауынгерін ашық даламен ойланбай жұмсап, қырып салғаны, мұндай ауыр шығынның Панфилов тұсындағы ауыр шайқастарда да кездеспегені, дивизияда Панфиловтың рухын қалдырмаймын деп ардагер кадрларды басқа дивизияларға мақтап-мақтап тарата бастағаны, Бауыржан полкінің Талғар полкі деп аталуын қасақана менсінбей «Талғар кішкене қыстақтың аты» деп оны өзгертуге әрекеттенгені, Мұхаметжан Әбдіхалықов, Панфиловтың қызы, тағы бір-екі  командир – Бауыржан полкі жауынгерлерімен жүздесіп, қайтып келе  жатқанда орман ішіндегі  тар жолмен су тасушы арбаның  қарсы ұшырасқанына  бұлқан-талқан ашуланып, арбакеш шалды «неге қарсы келесің?» деп ұятты сөздермен балағаттағаны, тіпті Панфиловтың  қызынан да қымсынбағаны Чернюговтің кім екенін барынша әйгілеп тұр.
Мұның бәрін өз көзімен көріп, өз құлағымен естіген Мұхаметжан Әбдіхалықов Мәскеуге оралысымен Кеңес Одағы Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы, Саяси Бюро мүшесі Щербаковқа мәлімдеп, Чернюговты орнынан алдырмағанда Бауыржан Момышұлының өміріне төнген қатердің қалай сейі­лерін айту қиын, тіпті мүмкін емес­тей. Орталық комитетке Бауыр­жан Момышұлын жамандап хат жазуды ұйымдастырып жүрген Чернюгов өзі қазған орға өзі түсіп, Баукең  абыройы асқақтап,  9-шы гвардиялық дивизияға командир болып жоғарылайды.
Жауынгерлерін шабуылға бас­­тап бара жатқанда Баукеңнің жонарқасына оқ тиіп, дәрігер «госпитальға алып барып, ота жасаймыз» дегенде: «Жоқ, мен ұрыс даласынан ешқайда кетпеймін. Пышақпен денемді кесіп, оқты аласың, алмасаң атамын!» – деген бұйрығын орындатқан сәттегі өлім қаупінен автор «Терең кісілер» атты туындысындағы маршал Баграмян қаһарының жүз есе қауіпті екенін бейнелеуі де бізді терең ойға қалдырады. 
Балтық майданында өткізген әскери кеңесте Бауыржан Момыш- ұлының дивизиясы участогіндегі орманда жасырынған лаңкестердің елу милиционерді өлтіруі, оны Баукең бейғамдығының кесірінен деп ұққан майдан қолбас­шысы, маршал Баграмянның Бауыр­жанды қатаң жазаламақ бол­ғанда: «Жолдас командашы, бұл Прибалтика республикалары үкі­метінің, ішкі істер министрлігінің және ОГПУ-дің міндетіне кіреді. Олардың өздерінің ішкі барлаушылары бар. Лаңкестердің  жасырынған орнын олар менен бұрын білген.  Бірақ маған хабарлаған жоқ. Егер де осылай деп жәрдем сұраса, мен жәрдемімді аямас едім. Әріберіден кейін елудің қырылғанын қазір бірінші рет естіп тұрмын. Сол себепті, жолдас қомандашы, сіздің маған қойған айыбыңызды мойындай алмаймын», – деген Баукеңнің қарсылығын естігенде маршал Баграмянның ашудан қып-қызыл болып кетуі, генералдардың: «Бұлай сөйлеуге бола ма, құрыды», – деп әрі-сәрі күйге түсуі, әскери Кеңес мүшелері, Прибалтика републикалары бас­шыларының: «Бауыржан Момыш­ұлы біздің ішкі ісімізге араласуға өкілеттік алған емес», – деп  Баукеңді ауыр жазадан қорғап қалуы оқырманды қуаныш сезіміне бөлеп ғана қоймай ой тереңіне бастап, жігерлендіре түседі.  Бәрінен бұрын Баукеңнің ештеңеден қаймықпай, өзінің кінәлі емес екенін дәлелдеп сөйлеп, өзін-өзі қорғай білгені қандай құдіреттілік, қандай қасиеттілік?! Баукең өзін-өзі қорғамағанда өте ауыр, рухани өлімге тең жазаға ұшырауы мүмкін еді. Бұл қатерден сақтап қалған Баукеңнің тапқыр, ақылды, батыл шешімі болатын. Егер ынжық, қорқақ командирше кінәсін мойындап, кешірім сұрағанда сөзсіз оңбай жазаланып, оны Прибалтика басшылары қорғай алмас та еді.  Баукеңнің қысылтаяң, шешуші сәтте өзінің кінәсіздігін қаймықпай дәлелдеуі ұрпағымыздың ұрпағын ойлантатын мәңгілік өнеге.  

Баукең туыстық қатынастарға да адами қасиетпен араласқан екен. Үйіне келген адамнан ол, үлкен болсын, кіші болсын, танысын-танымасын, ас ауыз тигенше неге  келдің деп сұрауды әбестік санаған. Бүгінгі біздер ғой есіктің көзінен сығалап, кімсің, қайдан келдің, кім керек деп тергеп, жаратпасақ  теріс бұрылып кететін. Тіпті сол мінезіміздің қалыпты үрдіске айналып, қанымызға сіңіп бара жатқанын кімнен жасырамыз? 

Автор романында  Баукеңнің фило­софиялық ой дүниесін де терең, шынайы ашуға  барынша талпынып баққан. Мысалға,  «Кешірілмейтін кемшілік»  атты шағын туындыда жас журналистің іссапармен Сахалиндегі алтын кеніне баруы, ондағы көп ұлт өкілдерімен бірге еңбек етіп жүрген үш қазақ отбасымен танысуы, олардың бір-бірімен қатынаспайтынын біліп, таңғалуы  сөз болады.  Тәжірибесіз журналистің үш қазақ отбасының араздасу себебін зерттемеуін Баукең кешірілмейтін кемшілік дей келіп: «Мен оның орнында болсам, үш қазақ отағасымен жеке-жеке сөйлесіп, бір-бірімен қатынаспауының сырын ашар едім. Өз болжауымша, олар бір-бірімен қатынасқысы келе­ді, алғашқыда қатынасқан да шы­ғар. Кейін арамзалар араларына от жағып, араздастыруы мүмкін. Неге? Егер олар бірігіп кетсе, едәуір күшке айналады. Онда оларға билік жүргізу күрделене түседі», – деген қорытынды жасауы, Баукеңнің ойшылдығының жарқын дәлелі.
Жазушы «Қалқанқұлақ» туын­дысында Баукеңнің де, ұлы ком­позитор Нұрғиса Тілендиевтің  де тапқыр, дана бейнесін өздерінің бірер сөзімен-ақ тамаша сомдаған. Баукеңе Нұрғисаның телефон соғып, «қазір үйіңізге барамын» деуі, Баукеңнің «сырқаттанып, мазам жоқ» дегенін елемей үйіне баса-көктеп келіп: «Сіз ауырып жатыр деген соң ағамның көңілін сұрағалы келдім», – деп тапқырлық танытуы, «кешір, қарағым,  маған әжептәуір жауап қайтарғаныңа ризамын» деген Баукең кешірімділігі оқырманды түрлі ойға қалдырып,  жан дүниелеріне даналықтың дәнін егеді.  
Батыр болып жаратылған жан соғыс майданында да, еңбек майданында да батыр! «Батыр  ақын болмаса, батырлыққа мін емес, ақын батыр болмаса – көрген күні күн емес» дегендей, бейбіт өмірде де көзге көрінбейтін қым-қиғаш соғыс жүріп жатады емес пе? Бұл енді шындық пен жалғандықтың  соғысы. Жалғандыққа, жағымпаздыққа жаны төзбейтін Баукең бұл майданда да ұлы қолбасшы екенін көрсетеді. «Бақ-дәулет, ар-абырой, атақ-даңқ деген адамға шашынан да көп даруы мүмкін. Абайламаса әлгілердің бәрінен оның бес минутта-ақ айырылып қалуы ғажап емес» – дейді батырдың өзі. Атақ-абырой адамға өзі келеді, ал оны лайықты мінезбен сақтап қалу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Біреулер сол атақ-абыройына мастанып, өмірдегі өз бейнесін жоғалтып алады. Ал, оны қайтаруға оның өмірі жетпейді. Сонымен келешекке кісілік кейпінен айырылған міскін қалпында барады. Баукең жоғарыда соны меңзеп отыр. «Құран-кәрімде: «Ақыл – жолбасшың, сабыр – қорғаның, ұят – иманың, ар – абыройың, нәпсі – жәннатың» делінген. Нәпсіні тыймай, болған үстіне бола берем, осы дәулетім – дәулет, ал басқалар сорлаған үстіне сорлай береді, мен өзімнің ептілігімнен, өзімнің жақсылығымнан болдым деп айтудың өзі үлкен күнә», – дейді кітап кейіпкері.       
Бүгінгі ел басқарып жүрген басшы адамдарға да: «Үлкен-кіші алдыңа үміт артып, көмек сұрап келеді. Сол уақытта жасы үлкен болса аға, апа, жеңге, жасы кіші болса інім, қарындасым деп жақсы сөйлес. Көңіліне кірбің түсіріп, үмітін үзбе, едіреңдеме. Едіреңдеп елге басшы бола алмайсың», – дейді батыр ағамыз. 
Кітаптың 64-ші бетіндегі «Егіз қозыдай едік» деген әңгімеде Баукең Ілияс  Омаровтың ақыл-парасат иесі екенін, ерекше кісілігін сөз жүзінде емес, іс жүзінде,  оның өмірі адамгершіліктің эталоны екенін шынайы оқиғалар тізбегінде табиғи бейнелейді. Басшының бәрі жаман, надан емес, олардың арасында да ізгі ниетті жандардың көп кездесетініне, оны жеке адамдар емес, халық байқап, оған лайықты баға беретініне көз жеткізеді. 
Б. Момышұлының өмірі соғыста да, бейбіт күндерде де оңай болмағанын аталмыш кітапты оқи отырып көреміз. Көреміз дегенім, автордың оқиғаларды соншалықты тартымды, қарапайым, жатық тілмен түсінікті етіп баяндағанына, оқып отырғаныңда  көз алдыңа кино таспа­сындағыдай  жанды суретті елес­тете бейнелегеніне қарай айтқаным.
Әділ адамның  жауы көп. Жиырмасыншы ғасырдағы шын­­­­­дықтың эталоны – Бауыржанға өмірдің жайлы болмағаны белгілі. М. Әбдіхалықов 8-ші дивизияға барған сапарында Бауыр­жанның ұлттық менталитетіне, психологиясына қатты әсер ететін түрлі қысымдардан оның жүйкесінің сыр беріп жүргендігін байқап, еліміздің бір госпиталіне алдыртып емделуіне тікелей ықпал етеді. Айта кетуіміз керек, бұл Әбдіхалықовтың адамгершілігі – халқымыздың адамгершілігі дерліктей  ұрпағымызға ой саларлық үлгі.
Батыр Баукеңнің өмірін толық білу үшін батырдың жанында жиырма бір жыл бірге жүріп, аузынан шыққан сөзін қағып алып қағазға түсіре білген Мәкеңнің, Мамытбек Қалдыбайдың  жазған шығармаларын оқуымыз керек. Олар: «Ұмытылмас кездесулер» – 1984 ж; «Атақ пен шатақ» – 2006 ж; «Мен халқымның Бауыржанымын» – 2014 ж; Сол тақырыппен  2017 жылы екінші кітабы басылған. Осы мақалаға арқау болып отырған «Мен қазақтың баласы» – бесінші кітабы. «Тәртіпке бағынған құл емес» деп  өзі айтқандай, Баукеңнің бейбіт өмірде де тәртіпті қатаң сақтағанын байқаймыз. Бұл пікірімізге Баукең туралы ел ішіндегі әртүрлі әңгімелердің  өзі  куә. Батыр туыстарына, әсіресе өзінің атақ-абыройын пайдаланып бір мәселесін шешіп ала қояйын деген әпкелері мен таныстарына барынша тыйым салған екен. Әлиман әпкесін «сұмырай» деп атап, жеңіл әзілдермен қағытып отырса да жүрек түкпірінде жатқан нәзік ілтипаты  «байғұс  әпкем, үзім нанға зар болып, ой, қиыншылықты көрді-ау» – деген сөзінен-ақ байқалады. Әрине, соғыс кезінде, одан кейінгі жылдары бұл қиындық дүйім жұрттың басында бар нәубет еді ғой. Солай болса да туыстың аты туыс.
Әпке, ағайындары мен  олардың балаларына баға беріп, сынаумен бірге оларға деген қамқорлығын да көрсетіп отырған. «Қан майданда қаншама қан көріп келсе де бейбіт өмірдегі өлімге түршіге қарап, жаны ауыратын», – дейді жазушы. Баукеңнің немере інісі Жуалыдағы Момынқұлдың баласы Әбділда қайтыс болды деп  суық хабар жеткенде батыр ауыр күрсініп: «Әбділда жалғыз немере інім еді. Жеті баласы бар. Оның қазасы жаныма қатты батып жүр. Кезек менікі еді», – деп жабырқауы қаһарлы батырдың жанының  нәзік екенін байқатады. 
Өз үйінде де, өзгенің үйінде де қазақы дәстүрді бұзбай, бұзғандарды  бетің бар, жүзің бар демей қатты айтып, тыйып тастайтыны белгілі (әттең, біздің бүгінгі өмірімізге де осы Баукеңдей батырлар керек-ақ қой деп ойлаймын мен де іштей жабырқап). Баукең туыстық қатынастарға да адами қасиетпен араласқан екен. Үйіне келген адамнан ол, үлкен болсын, кіші болсын, танысын-танымасын, ас ауыз тигенше неге  келдің деп сұрауды әбестік санаған. Бүгінгі біздер ғой есіктің көзінен сығалап, кімсің, қайдан келдің, кім керек деп тергеп, жаратпасақ  теріс бұрылып кететін. Тіпті сол мінезіміздің қалыпты үрдіске айналып, қанымызға сіңіп бара жатқанын кімнен жасырамыз? 
Аталмыш кітаптың 153-бетінде «Ауырып қалдым» деген әңгіме бар. Тюркологтардың дүниежүзілік  конференциясында бір баяндамашы профессор-филологымыз сөзінде «Мысалы, қазақта Бауыржан деген сөз бар. Бұл – есім, – дей келіп, оның қазақтың сөзі емес, екенін тіліне тиек етуі,  – ол «боор»  деген сөз­ден шығатынын, бұл моңғолдың сөзі, біздікі емес…» деуін Баукең:«Дүниежүзілік конференцияда бұлай сөйлеу масқара емес пе?! Қазақта Бауыржан былай тұрсын, бауырым, бауырмал деген сөздер бар ғой», – деп күйінеді. Осы жиыннан кейін ұлттың  намысына тиген әлгіге қатты ашуланып, ауырып қалады. Бұл менің де намысыма от тастап,  ақындық шабытымды қозғап жіберді.

Намыстан да ауырады намысты ер…

Өмірдің азабын ер көтереді,   
ал, қызығын надан көреді. 
Бауыржан Момышұлы.

Тауысқандай майшамының білтесін,
Жел үргендей қу кедейдің күркесін.
Намыстан да ауырады намысты ер,
Қажай берсең, бұрай берсең жүйкесін.

Ал, намыссыз  күйінуді біле ме,
Ұлт сөзін құлағына іле ме?
Ар-намысты таптатпайық аяққа,
Дегендерге жыртың-жыртың күле ме?

Сондайлардың таппаған соң шарасын,
Кімге айтарын білмей ішкі наласын
Ауырады күйік өртеп өзегін,
Тілмен жалап қып-қызыл жан жарасын.

Жан азабын, ойлашы, кім түсінер,
Шын бағалап жүргенімен ісін ел.
Ұлт үшін болатын көп қайшылық,
Арын  қажап, күйзеліске түсірер.

Сол дүмшелер дүниеге семірген,
Намысты ердің азабынан не білген?
Тірісінде түсінбеген әлгілер,
Өкінбейді өткен соң да өмірден.

Есесіне, өзі іздейді халықтың,
Халық деген мәңгі сөнбес жарық күн!
Жылытады суып қалған жүрегін,
Шуақ төгіп төбесінен табыттың…

Қысқасы, Баукең туралы   М. Қалдыбайдың бес кітабының қалың оқырманға берер ұлағаты мол, жас ұрпақты қазақы қалыпта тәрбиелеуге таптырмайтын оқу құралы. Бұл кітап  мектеп кітапханаларына молынан таратылып, сыныптан тыс сабақтарда арнайы оқытылса нұр үстіне нұр болар еді-ау. Тек қана оқиық, оқығанымызды зердемізге тоқиық, достар! Содан кейін осындай асыл дүниені бізге сыйлаған авторға шексіз алғысымызды жаудырайық!

Ислам-Ғали ЖАРКЕНТИ, 
ақын, Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одақтарының мүшесі

Қатысты жаңалықтар

«Конституцияны жүйелі жаңғыртудың ғылыми негіздері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

«Конституцияны жүйелі жаңғыртудың ғылыми негіздері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

06.02.2026
Көксу аудандық орталық ауруханасында «клиникалық фармация» бөлімі ашылды

Көксу аудандық орталық ауруханасында «клиникалық фармация» бөлімі ашылды

06.02.2026
Жазушылар одағы жаңа Конституция жобасын талқылады

Жазушылар одағы жаңа Конституция жобасын талқылады

06.02.2026
Мәжіліс депутаты «тоқал» мәселесіне қатысты пікір білдірді

Мәжіліс депутаты «тоқал» мәселесіне қатысты пікір білдірді

06.02.2026
Алматыда конституциялық түзетулер қолдау тауып, олардың мәні түсіндірілді

Алматыда конституциялық түзетулер қолдау тауып, олардың мәні түсіндірілді

06.02.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.