Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрының сахнасында әлемдік балет мектептерінің арасында жетекші орынға ие, Орта Азиядағы ең үздік классикалық би ұстаханасы саналатын Александр Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі тәрбиеленушілерінің Гала-концерті өтті.
Аталмыш оқу орны құрылған күннен бастап ұлттық өнердің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, би майталмандарының бірнеше буынын тәрбиелеп, республикалық, халықаралық деңгейдегі балет шеберлерін даярлап келеді. Училище басшысы Мұрат Түкеевтің айтуынша, оқу орны алғаш балалар үйі базасында ашылған. Бүгінге дейін училище табалдырығынан 3 мыңға жуық түлек түлеп ұшты. Олардың арасында 10 халық әртісі, 60-тан астам Қазақстан мен Ресейдің еңбек сіңірген әртісі мен өнер қайраткерлері бар. Соңғы 25 жыл ішінде оқу орнының педагогикалық ұжымы 400-ден астам Халықаралық байқаулар мен фестивальдердің лауреаттары мен балет әртістерін дайындады. Училищенің талантты түлектерінің қатарында әлемге әйгілі, Қазақ КСР-дің халық әртістері мен еңбек сіңірген әртістері Дәурен Абиров, Рамазан Бапов, Болат Аюханов, Людмила Ли, Майра Қадырова сынды марқасқалар бар.
– Алғаш рет өнер көрсету үшін әсем қала Талдықорғанға табан тіреп отырмыз. Гала-концертке 120 бала, 20 шақты оқытушы мен техникалық персоналдар келді. Біз Президент Жолдауында айтқан «Жұмысшы мамандықтар жылы» және кәсіптік бағдар беру жұмысы аясында Жетісу облысы әкімдігінің арнайы шақыртуымен келдік. Бұл концерт жетісулық балалардың Алматыда осындай хореографиялық училище бар екенін білсін, білім алып жатқан оқушылардың өнерін тамашалап қана емес, өздерінің де осы оқу орнында білім алуына жол ашсын деп ұйымдастырылды. Концерт жан-жақты құрылған, оған классикалық нөмірлер, яғни таза балет түрі, сонымен бірге Жетісу өңірінде тұратын халықтардың биі мен заманауи хореография да кіріктірілген, – деді А. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің басшысы Мұрат Түкеев.
Училищеге балалар 5-сыныптан бастап қабылданады. «Мектептегі бесінші сынып мұнда бірінші сынып болып есептеледі. Оқу орнында балалар жатып оқитын мектеп-интернат бар. Он жастан бастап қабылданған балалар 18 жасында училищені аяқтап шығады. Өзім де осы оқу орнының түлегімін. Қазір білім ошағында классикалық және халықтық сахналық биден сабақ беремін. Бұл оқу орны еліміздегі ең бірінші кәсіптік білім беру ордасы. Негізі 1934 жылы қаланған училище Қазақстандағы ірі өнер ордаларының басты кадрлық базасына айналған. Қазіргі таңда оқу орнында 350-ден аса бала білім алады, – дейді Хореографиялық училишенің арнайы пәндер бойынша оқытушысы Ботагөз Сарина.
Хореографялық училище оқушыларының өнері көрерменді тәнті етіп, тамаша көңіл-күй сыйлады.
Сарби ӘЙТЕНОВА
Суретті түсірген Дмитрий ЕРОФЕЕВ




