Жетісу облысының Дәнеш Рақышев атындағы филармониясы IV маусымның жабылуына арналған қорытынды концертін Қаратал жағалауында өткізді. Ашық аспан астында ұйымдастырылған мәдени шарада ұжымның жыл бойы атқарған жұмысы қорытындыланып, сахнада дайындалған үздік бағдарламалар ұсынылды.
Кешке қала тұрғындары мен қонақтары жиналды. Жаңбыр жауғанына қарамастан, жиналған жұртшылық концерт аяқталғанша алаңнан тарқамай, орындаушыларды жылы қабылдады. Бұл өңір тұрғындарының мәдени өмірге бейжай қарамайтынын тағы бір мәрте көрсетті.
Бағдарлама бірнеше бағытты қамтыды. Сахнада халық әндері, дәстүрлі музыкалық шығармалар, эстрадалық туындылар, аспаптық композициялар мен би қойылымдары орындалды. Репертуар әр жастағы тыңдарманның талғамын ескеріп жасақталғаны байқалды. Орындаушылардың сахна мәдениеті мен кәсіби шеберлігі концерттің мазмұнын аша түсті.
Филармония қызметкері Кенжекей Әбішқызының айтуынша, кеш ұжым үшін ерекше маңызға ие.
– Бұл концерт – жыл бойы атқарылған жұмыстың қорытындысы. Сондықтан оны есеп беру кеші деп есептейміз. Қолайсыз ауа райына қарамастан келіп, бізді қолдаған барлық қала тұрғындары мен қонақтарына ризашылығымды білдіремін. Осындай қолдау бізге жаңа жобаларды жүзеге асыруға ынталандырады, – деді ол.
Концертке келген Талдықорған қаласының тұрғыны Гүлмира Қасымова кештің мазмұны жайлы ерекше тебіренісін жеткізді.
– Мұндай шараларға отбасымызбен жиі келеміз. Қорытынды концерттің бағдарламасы ұнады. Әсіресе халық әндері мен ұлттық аспаптардың орындауындағы шығармалар ерекше әсер қалдырды. Ашық алаңда ұйымдастырылған концерттің өзіндік атмосферасы да бөлек. Осындай кездесулер қаланың мәдени өміріне серпін береді деп ойлаймын.
Дәнеш Рақышев атындағы филармония өңірдегі мәдени кеңістіктің дамуына тұрақты үлес қосып келеді. Ұжым жыл бойы облыстың қала, аудандарында концерттер ұйымдастырып, түрлі республикалық жобаларға қатысып, ұлттық музыканы кеңінен насихаттады. Сонымен қатар репертуарды жаңартып, жаңа шығармаларды сахналауға басымдық берді.

Қорытынды концерт өткен кезеңге жасалған есеп қана емес, жаңа маусымға жасалған дайындықтың да көрінісі болды. Бағдарламаға енгізілген әрбір туынды ұжымның ізденісін танытса, жиналған жұрттың ыстық ықыласы алдағы жұмыстарға сенім ұялатты. Ал жаңа маусымда филармония көрерменге тың жобалар мен жаңа концерттік бағдарламаларды ұсынуды жоспарлап отыр.
Сарби ӘЙТЕНОВА





