Қазақтың кең даласында ғасырлар бойы үзілмей жеткен домбыраның үнінде бабаның аманаты, елдің рухы, көшпелі жұрттың мұңы мен қуанышы, тағдыры мен тарихы қатар өріліп жатады. Қасиетті қара домбыраның қос ішегінен төгілген күй жан тербетіп, ұлттық болмыстың алтын арқауына айналды. Бүгінгі ұрпақ сол асыл мұраны қайта жаңғыртып, өнердің өрісін кеңейтіп келе жатқаны көңіл қуантады.
Жетісу өңірінде соңғы жылдары дәстүрлі өнердің қайта түлеп, тың серпін алғаны анық аңғарылады. Әсіресе ауыл-аймақтардан шыққан жас таланттардың республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып, ел мерейін үстем етуі, ұлттық өнердің тамыры әлі де тереңде жатқанын көрсетеді. Осындай үміт күттірер өрендердің бірі – Ақсу ауданына қарасты Сағабүйен балалар саз мектебінің оқушысы Айтқұрман Еркеғали.
Жас домбырашы аталған өнер мектебінде домбыра сыныбы бойынша Айгүл Айсаринадан тәлім алды. Өнер жанашыры Азамат Аитов жетекшілік ететін мектептен түлеп ұшқан талапты өрен аз уақыт ішінде өзінің қарым-қабілетін дәлелдеп үлгерді.
Биыл облыста өткен VII халықаралық «Жас шеберлер» байқауында Айтқали Жайымовтың «Шалқыма» күйін орындап, II орын иегері атанды. Талдықорған қаласында Дәнеш Рақышевтың 100 жылдығына арналған республикалық «Қанабек Байсейітов атындағы IV кәсіби шеберлік» байқауында да жүлделі II орынды иеленді. Аталған додаға еліміздің әр аймағынан кәсіби музыка мектептері, колледждер мен жоғары оқу орындарының дарынды білімгерлері қатысқанын ескерсек, бұл жетістіктің салмағы тіптен арта түседі.
Қазір Жетісу жерінде ұлттық өнерге деген махаббат қайта күшейіп келеді. Өткен жылы облыстық мәдениет және білім басқармаларының қолдауымен өңірге кеңінен танымал өнер майталмандары «Ұлттық өнерді ұлықтайық» атты жоба аясында ауқымды жұмыстар атқарды. Облыстың сегіз ауданы мен екі қаласында көшпелі семинарлар өткізіліп, ел ішіндегі өнерлі жастарға бағыт-бағдар берілді.
Бұл игі бастаманың басында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының Жетісу облыстық филиалының төрағасы, ақын Жангелді Немеребай, жыршы-термеші, ұстаз Ләззат Жанаманова сынды руханият жанашырлары жүрді. Нәтижесінде ауылдардан шыққан талай өнерпаз үлкен сахнаға жолдама алып, халыққа танылды.
Музыка саласындағы осындай тың бастамалардың жүзеге асуына Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі композитор, М. Төлебаев атындағы ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижері Әли Алпысбаевтың, Қанабек Байсейітов атындағы Талдықорған саз колледжінің директоры Мергүл Тұрысбек және аталған оқу орнының аға оқытушысы, күйші-домбырашы Болат Дүзкеевтің сіңірген еңбегі атап өтуге лайықты.
Сағабүйен топырағы күй өнеріне кенде емес. Бұл жерден қазақтың күйшілік өнеріне өлшеусіз үлес қосқан саңлақ күйші Рахым Тәжібаев шыққан. Биыл күйші мұрасының 80 жылдығы аталып өтпек. Сол өнерлі ауылдың топырағынан түлеген Айтқұрман Еркеғали сынды жастардың жетістігі – дәстүр сабақтастығының үзілмегенінің айғағы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық өнерді қолдау бағытында қолға алынған бастамалардың маңызын үнемі айтып келеді. Соның ішінде төл өнердің қадірін арттыруға арналған «Асыл мұра» ұлттық сыйлығы талантты жастарға жаңа мүмкіндік беретіні сөзсіз. Бәлкім, ертең сол мәртебелі марапатты Жетісудың осындай өрендері иеленіп жатса, оған еш таңғалуға болмас.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





