Қырық жыл уақытын мектеп қабырғасында өткізген жан ретінде мен бір ақиқатты анық түсіндім: ұстаздық – есеппен өлшенбейтін еңбек. Оның жемісі бірден көрінбейді. Бірақ жылдар өте келе, өмірдің әр қиырынан сенің шәкірттерің бой көрсеткенде ғана сол еңбектің шын бағасы ашылады.
Ұстаз – ұлттың үнсіз құрылысшысы. Ол даңқ үшін емес, ұрпақ үшін еңбек етеді. Ол өз еңбегін жария етпейді, бірақ оның тәрбиесін алған әрбір шәкірт – сол еңбектің тірі дәлелі. Сондықтан мен ұстаз болғаныма мақтанамын. Осы бір ұлы жолда менімен қатар жүрген, өмірдің талай белесін бірге өткерген әріптестеріміз бар. Солардың бірі – география пәнінің мұғалімі Нұргүл ӘБЕЕВА.
Нұргүл Байғұмарқызының өмір жолына сырттай қарасаң – қарапайым. Ал терең үңілсең – тұнып тұрған тағдыр. 1965 жылдың ақпанында Қарабөгет ауылында дүниеге келген ол бала күнінен-ақ өмірдің жауапкершілігін ерте сезінді. Ата-анасынан ерте айырылу – кез келген жанды қажытатын ауыр сынақ. Бірақ сын оны шыңдады.
Жас қыздың иығына отбасының ауыр жүгі түсті. Артындағы бауырларына қамқор болып, ана орнына ана, әке орнына әке бола білді. Бұл – екінің бірінің қолынан келмейтін ерлік. Сол жылдары қалыптасқан сабыр мен төзім – оның өмірлік ұстанымына айналды.
Алғаш еңбек жолын кітапханашы болып бастаған Нұргүл Байғұмарқызы үшін бұл тек жұмыс емес, білімге деген құрметтің, кітапқа деген сүйіспеншіліктің бастауы болатын. Бірақ ол мұнымен тоқтап қалған жоқ. Ізденіс – оның өмірлік серігіне айналды. Уақыт өте келе білімін толықтырып, география пәнінің мұғалімі атанды.
Бұл – жай ғана мамандық ауыстыру емес, тағдыр жолындағы таңдау еді. Ал география – жай пән емес. Ол – әлемді тану, табиғатты түсіну, адам мен жердің байланысын сезіну. Нұргүл ұстаз осының бәрін шәкірттеріне жеткізе білді.
Ол картадағы құр сызықтарды тірілтті. Тауларды – асқақтыққа, өзендерді – өмір ағымына, табиғатты – адамзаттың аманатына айналдырып түсіндірді. Әр сабағында тек білім емес, ой салды. Әр оқушының жүрегіне қызығушылық отын жақты. Ұстаздың шынайы шеберлігі де осында емес пе?!
Ұстаз еңбегінің шын өлшемі – оның алған марапаты емес, шәкіртінің жетістігі десек, Нұргүл Байғұмарқызы тәрбиелеген оқушылар республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жүлделі орындарға ие болып, ұстаз абыройын асқақтатты. «Зерде», «Ақбота», «Мың бала» сынды білім бәйгелерінде топ жарған шәкірттер – ұстаз еңбегінің жемісі.
Абай атамыз айтқандай, «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан». Расында, жақсы ұстаздан тәлім алған шәкірт өмір жолында адаспайды.
Нұргүл Байғұмарқызының ұстаздық жолы – үздіксіз ізденіс пен табыстың жолы. Ол аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі көптеген марапаттың иегері. Педагогикалық шеберлігі мен кәсіби біліктілігі жоғары бағаланып, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарға ие болды. Сонымен қатар, авторлық бағдарламасы жарық көріп, білім беру саласына өзіндік үлес қосты.
Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған Нұргүл Әбеева биыл зейнет жасына жетіп отыр. Бұл – бір жағынан қорытынды, екінші жағынан – жаңа өмірдің бастауы.
Құрметті әріптес, Сізді осы мерейлі кезеңіңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз. Немере қызығына бөленіп, бейнетіңіздің зейнетін ұзақ көруіңізге тілектеспіз. Ұстаздық жолыңыз – кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге болып қала бермек.
Гүлсина НҰРПЕЙІСОВА
Қарабөгет ауылы,
Сарқан ауданы





