Лидия Егорқызы таңғы кофенің дәмін алу үшін террасаға шықты. Уақыт ыстық та қапырық, тапа-тал түске жақын болатын. Алайда бұл менің кейіпкеріме тамағына дейін түймеленіп, қымталған және тұла бойын жіптіктей етіп көрсетер қара жібек көйлек киінуге кедергі келтірмеді. Өзінің алтын түсті бұйра шашы мен келісті пішінін қара түс аша түсетінін жақсы білетіндіктен ол қара көйлекпен тек түнде ғана айырылысатын. Қолындағы қытай кесесінен алғаш рет жұтынғанда пошташы келіп, қолына хат ұстатты. Хат күйеуінен болатын: «Ағайым қара бақыр да бермеді, сөйтіп, сенің меншігіңдегі жер сатылды. Қолымнан келер қайран болмады…», – деп жазылыпты. Түрі қашып кеткен Лидия Егорқызы орындығынан ұмсынып, ары қарай оқи бастады: «Маңызды шаруамен екі айға Одессаға кетіп барамын. Бетіңнен сүйдім».
– Тақырға отырғызды! Екі айға Одессаға… – деп ыңырсыды әйел. – Яғни әлгісіне кеткен ғой… Құдайым-ай!
Жасқа толған көзін бақырайтып, теңселіп кеткен әйел қолымен ағаш шарбақты ұстаған күйі құлап кетуге дайындалғаны сол еді, төменнен әлдебір дыбыс естілді. Терраса баспалдағымен көтеріліп келе жатқан саяжайдағы көршісі әрі жамағайын ағасы, толыстағы генерал Зазубрин көтеріліп келе жатты. Түрі әбден ескірген әнекдот, ілмиген кейпі жаңа туған марғау сияқты ол баспалдақпен әрең көтеріліп келеді, тұп-тура тақтайдың мықтылығына сенімсіз кейіпте қадам басқандай. Оның артынан жыбырлай басып, бойы қысқа, толыстағы профессор Павел Иванұлы Кнопка келеді. Әбден тықырлап қырынған қарияның басына кигені – жақтауы қайырылған, үлкен цилиндр қалпақ. Генерал әдеттегідей қылшық пен қоқымға малшынған болса, профессордың киімі көрген жанды мұнтаздай тазалығымен және жылтырай қырылған иегі таңғалдырады. Екеуі де жадырап тұр.
– Біз сізге келдік, шарманочка! – деп салды салдырлай сөйлеген генерал, «charmante» деген француз сөзін өзіне ыңғайлап алғанына масаттанғандай. – Қайырлы таң періштем! Періштенің ішкені кофе.
Қуақыланған генералдың сөзіне Кнопка мен Лидия Егорқызы күліп жіберді. Менің кейіпкерім қолын жақтаудан алып, құшағын жайған күйі мейірлене жымиып, қонақтарына қос қолын ұсына берді. Оның қолын сүйгіштеген әлгілер жайғаса бастады. Әйел қонақ бөлмеден:
– Ағатай, қашан көрсем де күліп жүресіз! деп дауыстай сөз бастаған. – Мінезіңіз сондай жайдары!
– Қалай айтқанымды естідің ғой? Ах, иә! Періштенің ішкені кофе… Ха-ха-ха. Біз герр профессор екеуміз жуынып алып, таңғы ас іштік, сосын ел аралап жүрміз… Бұл профессор деген бәле болды! Сізге шағынайын, періштем! Бәле болды, бәле! Оны сотқа берсем бе деп жүрмін! Хе-хе-хе… Либерал! Вольтер деуге болады!
– Қойыңызшы?! – деп жымиған Лидия Егорқызы: «Одессаға екі айға… әлгісіне…» – дегенді іштей ойлады.
– Шын сөзім! Сондай бұзық ойларды насихаттайды… бұзық ойларды! Тіптен қып-қызыл! Сіз білесіз бе, Павел Иванұлы, достым менің, қызылға кімнің қызығатынын? Білесіз бе? Хххе… Осыған жауап беріңізші! Міне, сіз секілді либералға сұрақ!
– Қандай генерал десеңші? – деп қарқылдай күлген Кнопка өзінің ғылыми иегін қисайта сөйледі. – Бізде, қымбаттым, сіз секілді консерваторға нақты жауап бере аламыз: жалғыз бұқалар ғана қызылға өш келеді! Ха-ха-ха… Қалай, жеп қалдыңыз ба?
Төменнен:
– Керемет! Не көріп тұрмын! Сіздің олеандрыңыз гүлдепті! – деген әйелдің даусы естілді. Содан көп ұзамай террасаға саяжайлық көрші Дромадерова ханым шықты. – Ах! Сізге ер-азаматтар келіпті ғой, мен болсам аузыма келгенді айтып! Кешіріңіздер, өтінем! Не жайында сөйлесіп жатыр едіңіздер? Жалғай беріңіз, генерал, мен кедергі келтірмейін…
– Біз қызыл жайында пікір таластырып жатырмыз! – деп жалғады Зазубрин. – Айтпақшы, бұқалар жайында… Сіздің айтқаныңыз рас, Павел Иван- ұлы, бұқа турасында! Бірде Грузиядағы баталионға басшылық етіп тұрғанымда бір бұқа менің қызыл астарлы киімімнен қорқып кетті де, маған қарай туралай тартты… мүйізімен былай… Қылышымды шығаруға тура келді. Шын айтам! Жақын маңда тұрған атты әскерге рахмет, найзасымен хайуанды жасқап жіберді… Несіне күлесіз? Сенбейсіз бе? Құдай үшін дейін, жасқап қалды…
Оқиғаға таңдай қаға таңғалған Лидия Егорқызы іштей: «Одессада жүр… азғын!» – деген оймен алысты.
Бұқалар мен буйволдар жайлы әңгіме бастаған Кнопканың айтқанын Дромадерова ханым іш пыстырар нәрсе екен деп тыйып тастады. Сосын қызыл астар жайлы айтылды…
– Дәл сол қызыл астарға байланысты бір оқиға әлі есімде, – деді қытырлақ нанды сорған Зазубрин. – Менің баталионымда бір полковник бар еді, Конвертов деген, Петр Петрұлы… Былай жақсы кісі, тек жақсылығы есте қалыпты, қарапайым, әңгімешіл еді… Қатардағы жауынгерден бастап, ерекше ерлігі үшін жоғарғы шенге жеткен… Соғысқа қатысқан. Өзін жақсы көруші едім, марқұм. Полковник шені берілгенде жасы жетпіске толған болатын, атқа міне алмады, оның үстіне құяңы ұстап, әбден ауырсынды. Әскери салт кезінде қынынан шығарған қылышын қайтып сала алмай қару тасушы көмектесетін… Ышқырын шешсе, кешіріңіздер, қайтып түймелей алмай қиналатын… Соның басында генерал болсам деген жалғыз ғана арман болды. Қартайған, әлсіз, өлейін деп жүр, соған қарамастан армандайды… яғни, мінезі сондай… қаһарман! Генералға жетем деп жүріп, толысқа да шықпады… Полковник шенімен бес жылдай қызмет етуіне байланысты генералдық шенге ұсындық… Содан не болды дейсіздер ғой? А? Тағдыр деген сол! Шен дәл өндіріске шыққан кезде сал болып қалды… Байғұстың сол жақ беті мен оң қолы жансызданып қалды, аяқтары әбден әлсірегендіктен тік тұра алмады… Амалсыз толысқа шығаруға тура келді, сөйтіп, шенқұмарың жаңа шенді тағып жүре алмады! Демалысқа шығып, кемпірімен бірге Тифлиске кетті. Кетіп бара жатып, атқосшының өзін «мәртебелі тақсыр» деп атағанына бір күліп, бір жылады. Сорасы аққан бір бетінде күлкі ойнаса, екіншісі тас секілді қозғалмайды. Қызыл астар сол қарттың жалғыз ғана қызығына айналды. Тифлистің көшелерінде келе жатып, шапанын жайып жіберіп, көпшілікке арқасындағы қызыл астарын көрсетеді. Міне, қара, кімді көріп тұрғаныңды біл! Күні бойы қалада тыпыңдап жүреді де қызыл астарымен мақтанады… Жалғыз қуанышы дегенім сол еді. Моншаға барса, пальтосының астарын анық көрсетіп қояды. Сонысына кішкентай бала секілді қуана жүріп, кәріліктен көзі көрмей қалды. Қалада қызыл астарын көрсетіп, жетелеп жүру үшін адам жалдадық… Көзі соқыр, шашы ағарып кеткен, әрең- әрең баса жүріп, қаттырақ соққан желге ұшып кете жаздайды, соған қарамастан жүзіне шыға келетін паңдыққа шек жоқ. Аязды қыс суық болса да оның пальтосы ашық жүреді… Әпенде шалыс! Көп ұзамай кемпірі қайтыс болды. Жерлеп жатқанда жыламсырай жүріп, бейітке барғысы және қызыл астарын дін басыларына көрсетіп, қорқытқысы келеді. Артынан басқа бір әйелді бағушы қылып қойды, әлдекімнің жесірін. Өзі жесір болса, шаруашылықтағы есесін қайтып жіберсін? Дүниеқұмар қатын… қант салғышты жасырып қояды, шайын бермейді, ұсақ тиынын үнемдейді дегендей… Түгелдей тонап алды. Тыққанын тінте берді, түртінектеп ала берді, ақырында оңбаған қатын, тіптен есіріп кетеді. Шалдың қызыл астарын сөгіп алып, өзіне кофта тіктіреді. Астардың орнына сиса ма, жібек пе, әйтеуір бір матаны жапсырып қояды. Петр Петрұлы баяғыдай көпшіліктің алдына келгенде пальтосын жайып қалады, өзінің көзі көрмегендіктен генералдық астары жолақ матамен көмкерілгенін білмейді!..
Әңгімені қызықсыз деп санаған Дромадерова өзінің поручик баласы жайлы айта бастады. Түскі астың алдында әпкелі-сіңлілі көрші Клянчиндер келді апасымен. Рояльға жайғасқан олар Зазубриннің сүйікті әнін орындады. Түскі ас ішілді.
– Керемет шалқам! – деді профессор. – Бұны қайдан сатып аласыз?
– Ол енді Одессада… әлгі әйелмен! – деп жауап қатты Лидия Егорқызы.
– Немене-е-е?
– Ах… Мен ол жайында емес. Аспаздың қайдан алатынын білмейді екенмін… Маған не болды?
Сөйткен Лидия Егорқызы басын артқа шалқайтып, өзінің алаңғасарлығына қарқылдай күлді… Түстіктен кейін балаларын ерткен толық профессор әйел жетті ентігіп. Барлығы карта ойнауға отырды. Кешкісін тағы қаладан қонақтар келді…
Әбден қараңғы кіргенде соңғы қонағын шығарып салған Лидия Егорқызы кеткендердің басқан қадамы басылғанға дейін қозғалыссыз қалды да баяғы жақтаудан бір қолымен ұстаған күйі теңселіп тұрып, еңіреп жіберді.
– Ішіп кеткені аздай! Оңбаған! Көзге шөп салғаның-ай!
Көзінен төгілген ып-ыстық жас бостандыққа ағылып, оның сұп-сұр беті ашу-ызадан торығып кетті. Енді ешқандай тәртіп сақтамастан еңіреп жылай беруге болады.
Кейде күшіңнің қайда кеткенін білмей қаласың!
«charmante» – сүйкімді (французша)
Аударған Мәди Алжанбай




