Облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылған бұл тарихи-танымдық шара «Шоқан – Шығыс жұлдызы» атауымен өтті. Ескі сөздің иінін қандырып, жаңаның желігін жаныған бұл басқосуға облыс ардагерлерімен қатар «Jetіsý Jastary» орталығының жалынды жастары Шоқанның мұраларын жинақтап, зерттеу жұмысына белсене атсалысып жүрген Азамат пен Бағдат Ақылбековтер және облыстың бас имамы Керімбек Дәуітов бастаған дін жолындағы абзал азаматтар қатысты.
Сапар алдымен ұлы ғалымның мәңгілік тыныс тапқан қасиетті мекені Көшен тоғанында басталды. Қара жердің қойнауына кеткенмен, халқының жүрегінен кетпеген баба рухына Құран бағышталып, дұға-дәрия оқылды. Сол бір үнсіз сәттерде маңдайдан өпкен самал да сыр шертті, дана аруағымен тілдескендей әсер қалдырды.
Одан соң сапар тізгіні «Алтынемел» мемориалдық мұражайына бұрылды. Құнды жәдігерлер мен сирек суреттер сөйлеп тұрған бұл орын қазақтың тарихына алтын әріппен жазылған кемеңгердің рухани мекені іспетті. Мұнда әр бұйым бір аңыз, әр сурет тұтас бір кезеңнің шежіресі.
Жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт жүргізді. Ол сөз арасында:
– Шоқанды жастарға насихаттау – міндетіміз. Бұл біздің ардагерлік борышымыз. Жастар біліммен ғана шектелмей, ғылымның тереңіне бойласа деген ниетіміз бар, – деді.
Рас, бұл сөз бүтін бір ұрпаққа бағытталған үндеу, елдік мұратқа бастар серт.
Ауыл ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдері Шоқан жайлы бұрын-соңды көп айтыла бермейтін деректерді алға тартты.
Мұхаммед-Қанафия небәрі 29 жас 7 ай ғана өмір сүргенімен, артына том-том еңбектің жүгін қалдырып кетті. Ол қазақтың шамшырағы, адамзаттың айнасы. Жер-жаһанды танып, Орта Азияның картасын сызып, ғылымға тың жаңалық әкелген алып мұхит. Көкжиектен де әрі кетіп, көкпен тілдескен парасат иесі.
Картография ілімін терең меңгеріп, қазақ жерін кесенелер мен ескі молалар арқылы ғылыми дәлелдеген ғалым – Шоқан. Қазақ даласын суретпен сөйлетіп, тұңғыш бейнелеу өнерінің негізін Әбілхан Қастеевтен 80 жыл бұрын салған тұлға да – Шоқан. Әрбір тарихи ескерткішті суретпен хатқа түсіріп, ұрпаққа мұра еткен. Лингвистика мен ономастика саласында қос негізді ғылыми тұрғыда дәлелдеп, қазақ ғылымының іргесін бекіткен бірден-бір білім иесі де – Шоқан. Ол – прозаик. Сөз өнерін меңгеріп, қаламды қару еткен. Демократ, аристократ ел мен жердің қамын жеген. Қиянатқа қас, шындыққа бас иген. Әділдік пен адалдықты ту еткен Шоқан Шыңғысұлы патшалық заманның өзінде-ақ жемқорлықты ашық сынап, сол кездегі жүйенің әділетсіз тұстарын батыл жазып кеткен. Қар мен жаңбырдың астында тынымсыз еңбек етіп, әскери тәртіп пен рухани құндылықты қатар ұстанған, үлгі етерлік тұлға. Бүгінгі және ертеңгі ұрпақтың да темірқазығы.
Мұндай тағылымды басқосулар өткеннің өнегесін келешекке аманаттау жолындағы сауапты істің бір парасы. Шоқан – мәңгілік. Оның есімі – халық жүрегінде хатталған. Ұрпақ оның өнегесінен үлгі алып, ізімен жүрсе, елдігі ерен, ертеңі еңселі болмақ.
Қазақтың біртуар мүсіншісі, Шоқан ұрпағы Шот-Аман Уәлихановтың бір сөзімен түйіндесек: «Шота болып оянамын, Шоқан боп күнім батады».
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





