Талдықорған: -2°C
$ 494.63
€ 583.22
₽ 6.42
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР РУХАНИЯТ

СӨЙЛЕП БІР КЕТСЕ ӨТКЕНДЕР

03.04.2020
РУХАНИЯТ
СӨЙЛЕП БІР КЕТСЕ ӨТКЕНДЕР
WhatsAppTelegramFacebook

Өзін кермеде жаратып, таң асқан күліктің кекіліне үкі қонақтапты. Кәдімгі түннің бақылдауық үкісі. Зады – құс. Шаңыраққа қонбаған соң қасаң тағаның кетігінен тасырқаған айуанның бестал қылына қонғаны несі деген күстәнә пікірді ерін ұшында емексіте сыздықтатып, кейіп жүрген күміс сақалдың қайдан тап болғанын да аңғармай қалдық. Білемдей саусақтарына қапсырған тобылғы сапты қамшымен әлгі бақылдауықты қара жерге қонжитамын деп еді, онысын Табиғат-ана қаламады ма, мүлт кетті. Жануардың басынан осып өтті. Онсыз да кер даланың керімсал саф ауасын аңсап тұрған күлік бір осқырына кісінеді де, қос аяғымен ауа тепкілеп барып, шылбыр үзді. Әлгі зәнталақ қарт көзден ғайып болды. Құйрық-жалын дудырата қолтық жазған жануар іле қайырылып, дөң басынан телміреді. Сонадай жерден, делдиген танауы да көрінбес қашықтықтан, о, ғажап, жанар жасын көрдім. Жылқы жасын…

Түн жарымында шошып оянғаннан кейін осы бір түсті неге жоруды білмей, алаң көңілден ұйқы қашып біраз ой құшағына шомдық. Ақыры болмаған соң кітап сөресіне қарай аяңдадық. Шошынғанда не қиналғанда тәңіршіл боласың деуші еді, біз дауасын кітаптан іздеуді мансұқ тұттық. Онсыз да біраз жай-күйден айырылып жүрген соң мұндай түсті де жылы қабылдай алмай көңіл қожырады. Сірескен сөреден қолға түскен кітапты бөлмеге алып келгеннен кейін мұқабасына зер салдық. Қораланған айдың, тұтасқан қою бұлттың суретімен түннің тылсым көрінісін таныта безендірілген «Сөйлеп бір кетсе өткендер» атты кітап екен. Авторы – Құдаш Мұқашев. Бұл жеке кітапханамызда оқылмай тұрған, кезек күткен автор болатын. Дегенмен, көңіл тереземіз ақынның алғашқы жырларынан-ақ жарқ еткендей болды.

Қандай әсем Ақсудың нұрлы алабы,
Майда желмен шалғыны ырғалады.
Жадыратқан жанымды жайсаң жазық,
Жас жүрегім бір сенен нәр алады, – деп жырлапты. Жырлай жүріп жалын атқан жас жүрегінің сыры мен мұңын алқаусыз жайыпты. Ақындық алауын кеудесінде маздатқан талант иесінің осы бір жыры кейіннен әсем әнге де айналып кеткен-ді.
Құдаш Мұқашев 1932 жылдың қазан айында бұрынғы Талдықорған облысы Ақсу ауданына қарасты Сүттікент ауылында туған. Жастайынан қазақ әдебиетінің жақұт жазбаларымен қаныққан ол өзінің қолтаңбасын әдебиеттің әр жанрында қалдырған ақын, журналист, драматург. Қапал педагогикалық училищесін бітірген ақын сол кездегі «Құрақсу» қой кеңшарында партком хатшысы қызметінде, аудандық газет редакциясы мен партия қызметінде болған. Өзегінде өлең бүрлеген ақын кейіннен ел жүрегі Алматыға, әдеби ортаға барып, шығармашылықпен еркін айналысқан. Тағдырдың жазуы солай болған соң пенде біткен жазмыш заңдылығына сай тіршілік кешетіні рас. Құдаш ақын да кеудесіндегі асыл арманын толық хатқа түсіре алмағандай. Бар-жоғы 39 жыл тіршілік тынысын алды да, мәңгіліктің сапарына жөней берді. Неткен келте ғұмыр еді, десеңізші?!
Иә, қазақ әдебиетінің уыған қадап, руханиятқа табиғат берген дарыны мен білімінің арқасында мол мұра қотарып кеткен көптеген қаламгер келте ғұмырда артына өшпестей із түсіре білді. Соның бірегейі саналған Құдаш Мұқашев жанартаудай жалын атқан ақын болған-ды. Ол әдебиетке бастапқы өлеңдерімен-ақ жарқ етіп келіп, дер кезінде қатарластарының, қаламдастарының лайықты бағасына ие болған. Оның:
Шырқай білген балапан, 
Қонуды да біледі.
Сипай білген алақан,
Соғуды да біледі, – деген бастапқы жырларының өзі әдебиетшілердің назарын өзіне еріксіз аудартты. Бұл туралы досы Сабырхан Асанов бір естелігінде айшықтап, «Жас дәуренде» жарық көрген топтамасының өзі талайға таңдай қақтырғанын айта келе, «Сол өлеңдерімен-ақ қазақтың таңдаулы ақындарының санатына кіріп кеткен Құдаш Мұқашев» деп ойын тиянақтайды. Шындығында бойындағы қазынасын толық беріп кете алмаған шайырдың өлең өлкесіндегі болашағы зор болатын. Оған мүмкіндік бермеген тек қана жазмыш секілді.

Ақсу өзенінің, Балқаш көлінің жағасында сан құстың құйқылжыған үнінен саз естіп, оны өлең ырғағымен сайратқан, қолы қалт еткенде қаламдас достарымен сейіл құрып, жердің маржан көзіндей мөлдіреп жатқан көлден құс атып, жағасынан аң аулауды сүйген ақын табиғатты да ерекше танып-білген. Желмен изеңдеген изен басынан да алғы күннің жай-жапсарын ұғынардай болған. 

Дүниенің шексіз кереметіне жүрегімен бойлаған Құдаш ақын талай-талай өлеңін дер шағында кітап қылып шығара алмаған секілді. Сол кездегі баспаның талабы, оған берер қаржы сынды қолбайлау дүниелер кедергі болған көрінеді. Оны: «Әттең, өз жазғанымды өзім шығаратын болсам, лезде-ақ классик болып кетер едім», – деген сөзі сол ойымызға дәлел болмақ. Дегенмен, көкірегін жарып шыққан нұрлы жырлар бүгінде оқырманның көңіл көкжиегін кеңейтіп, рух беріп, жігер-қуат құйып келеді. 

Ей, тірлік,
Қызуыңмен тарап қанға,
Өзің ғой от қып мені боратқан да.
Сол оттан өзің берген өзің қорықсаң,
Ақын ғып азаматты жаратпа онда.
Қашанғы тым-тырыс боп жүрсін кеуде,
Ол да бір құлақ түріп дүрсілдерге.
Не жетсін бұлт-көңіліңді қақыратып, 
Аспанша «Аһ!» ұра бір күрсінгенге.

Алшаң басып, отта лаулап күн кешкен ақын бойындағы алапат тасқыннан уақыттың өзі именшектейтіндей. Өмірдің өзі қорқатындай. Бұл біздің де көңілде жүрген ой еді. Егер таланты талайларды табындырған ақын біткен ұзақ жасайтын болса, онда жер бетінде болашақта туар жарқын ойлар болмас па еді? Үш-төрт мүшел жасап, жарық ғаламнан жанар тайдырған қаламгерлердің өзі қамшы сабындай келте ғұмырында талай-талай тағдырды термелеп, талай-талай сырды өз парасат-пайымымен өлшеп-пішіп кетпеді ме. Құдаш Мұқашевтың «Сол оттан өзің берген өзің қорықсаң, ақын ғып азаматты жаратпа онда», – деуінің сыры сонда деп топшыладық.

Құйылып жұлдыздарың жанарыма, 
Бір бұтаң бір үйімдей болған далам, – деп Табиғат-ананың төл перзенті ерекше толғанады. Толғана отырып жанына жалау, рухына алау берген тұмса дүниенің тұңғиық сырына еркін бойлайды. Манаураған кештерде, жарқыраған таңдарда арманын арманға жалғап, үмітінің желкенін көңіл дауылына тосқан ақын сол табиғаттың тартуын өзіне өлең қылып қарымта қайтара ұсынғандай. Жанарын арбаған сұлулықтың сиқырына шома түсіп, сол саф көріністі айна-қатесіз ғажайып тіркестермен көмкере өрнектейді. 

Қазақ әдебиетінде әралуан тақырыпта қалам тартқан шайырларды бір шоғыр қылып жіктегеніміз бар. Солардың арасында Т. Айбергеновты сағыныш, М. Мақатаевты сезім, Қ. Мырза-Әліні филасофия, Т. Молдағалиевті махаббат тақырыбында көсіле жазған десек, біз сөз еткен шайырды табиғат сұлулығын суреттеуге жаны құмар болған деп айшықтауға болатындай. Өйткені оның: 
Күн шапақ алтынымен бүркегенде,
Құйылып бір жоғары, бір төменге.
Қанатын жүрек етіп дірілдетіп,
Бір көктем бозторғай боп жүр төбемде. 
Кеткенде алып қашып бұлақты сен,
Егіліп құздарыңда жылапты сең.
Шығам да мұз құрсанып биігіңе,
Биіктен бұлағың боп құлап түсем, – деген ақық жырларына зер сала отырып, сол ойымызды қуаттай түсеміз.

Күні кеше, уа, менің бай далам,
Бір сұрқияң елді мал ғып айдаған.
Солар үшін көктем болып көсіліп,
Соларға сен жұмақ едің жайнаған.
Сол уақытта қайда кеткен кеңдігің?
Бір сорлыны артықсың деп көмді құм.
Кеше өліп, бүгін қайта тудың ба?
Түк көрмеген секілдісің сен бүгін.

Егемендіктің ебісі еркін ескен Ұлы Дала төсінде ұлтым деп ғұмыр кешкен ақын, сол азаттықтың алтын жалқы сәулесін бойына сіңіре алмады. Бірақ, табиғатпен тілдесіп, жұрты үшін мұң кешіп өткен шайыр бай даласына базынасын айтты. Наласын төкті. Ақиқатын кесіп, күлбүлтелемей жеткізді. Аранға құлаған аңдай империяның илеуіне түскен жұртының жырым езуіне қан қатқанын көрген ол «бір сұрқияң елді мал ғып айдаған» деп аузы түкті кәуірдің теперішін баламалы түрде баяндады. Солар үшін көктем болып көсілген дарқан далаға «түк көрмеген секілдісің сен бүгін» деп те ашынады-ақ. Ақтабан шұбырындыда үдере үрке көшкен қамысың үрпегіндей үміті сан-саққа ала қашқан елдің де тарихын ақын осы бір отты шумақтарға сыйғызып жібергендей. Тарих жадын осылайша оятқан қаламерлердің сезімінен пыр-пырлап ұшқан құстай еркін жырлар солайша өзіне еріксіз бас шұлғытады ғой, шіркін!

Алманың исі аңқыған ару қала Алматының құба бақтарында құмара-көңілден маржан сапырған шайырлар шоғыры, сырластары алшаң басып, өлең аулады. Солардың қатарында ақиық ақын Мұқағали, жыр жүйрігі Жұмекендердің шоқтығы биік болғаны сөзсіз. Осы қазақ классиктерімен етене араласқан Құдаш Мұқашев та қазақ поэзиясының көгінде Шолпан жұлдыздай жарық шашуға тырысты. Зады жарық болған соң, алау кеудесінен саф туындылар тудырды. Азаматтықтың ерен үлгісін көрсетті. Тіпті, Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев сынды ағаларымен тонның ішікі бауындай болып кеткен ол, көңіл жақындарын Балқаштың балғын суына бір түсіріп, ауылының дәмін көп татырған деседі. Қаланың қарбаласы қашпайтынын айтып, сырлас достарын өзі туған топыраққа бір аунатып қайтатынын да бірқатар естеліктерден оқып, білдік.

Иә, жан дүниесі мөлдір ақын, табиғатына сай ғұмыр кешті. Жаны жарық таңдай болған соң, ол тылсым дүниені де тап-таза қалпында бедерледі. Сірә, бұл классик жазушы М. Мағауиннің: «Жақсы адам жаман жазушы болуы мүмкін, бірақ жаман адам жақсы жазушы бола алмайды» дегеніне саятын секілді. Өйткені, табиғатты тамылжыта, құйқылжыта, құбылжыта суреттеу, жырлау табиғаты ғажап қаламгердің ғана қолынан келсе  керек.

Құрышын қандыратын құлақтардың,
Күлкісі, күлкісін-ай бұлақтардың.
Келгенде көктем аңсап туған жерге,
Кең далам, қойыныңнан гүл ақтардың.
…Екі елік сонау жүрген түз қонағы,
Жалт етіп, жортып өтсе, із қалады.
Ғашығы – қыз ерніндей қызғалдақты,
Көбелек самалдан да қызғанады.

Міне, Табиғат-ананың сан тіршілігін, мезгіл-мезгіл құбылатын кейпін, қасиетін, кепиетін ақын көңілінде танудың айқын көрінісі. Ақын жырлары. Бұл біздің айтып жатқан алқаусыз ойға айғақ болар мөп-мөлдір туындылар. Осыдан-ақ, табиғаттың төл перзентіндей болған шайырлардың жан дүниесін еркін аңғаруға, олардың таным тереңіне ақық шығармалары арқылы бойлай алуға болатынын түсінеміз. Осыдан-ақ, әлемді, өмірді шексіз сүйген олардың махаббатының алапат екеніне илана түсеміз. Шығармаларына шым батып, жанға қуат дарытпақпыз.

Сезімнің өткірлігі мен драматизм поэмаға да, миниатюраға да қажет екенін өткен ғасыр классиктері жақсы ұғынды. Ұғына отырып уысындағы ырысты төкпей-шашпай шығармаға салды. Ырыс дегеніміз – көңіліндегі сан-салалы жоспар, жазуға, қағаз бетіне төгуге деген құлшыныстың дәнектері деп ұғынған жөн. Бұл тұрғыда Қ. Мұқашев та елеулі еңбек етті. Табан аудармай шоқтығы биік шығармалар тудырды. Солдардың бірі – «Жолаушы» дастаны. Көлемі жағынан да, мазмұнымен де дер шағында көптің ықыласына бөленген бұл туындыда ақынның кең тынысты тұлпардай ұзаққа көсілетін арынын, қарымын, дарынын аңғартар туынды. Ғажайып тағ-дырлар суреттелер боямасыз тіркестермен жан балқытар кесек шығарма. 

Егемендіктің ебісі еркін ескен Ұлы Дала төсінде ұлтым деп ғұмыр кешкен ақын, сол азаттықтың алтын жалқы сәулесін бойына сіңіре алмады. Бірақ, табиғатпен тілдесіп, жұрты үшін мұң кешіп өткен шайыр бай даласына базынасын айтты. Наласын төкті. Ақиқатын кесіп, күлбілтелемей жеткізді. Аранға құлаған аңдай империяның илеуіне түскен жұртының жырым езуіне қан қатқанын көрген ол «бір сұрқияң елді мал ғып айдаған» деп аузы түкті кәуірдің теперішін баламалы түрде баяндады.

Құдаш Мұқашев азамат ақын! Қоғамы меңдеткен терең жараларға жаны күйзелген адамзат баласының басындағы бұлың-бұлың бұлттарды сейілту үшін, елінің тартқан мехнатын айна-қатесіз болашаққа жыр етіп ұсыну үшін ол қалам ұшында қалғыды. Жанын жеген жегіқұрттай талай оспадарсыз әрекетті әшкереледі. Адамның адамгершілігі еліне жасаған жақсылығында, пенде баласына имандылықпен үн қатуда екенін өлеңімен астарлады. 

Күні кеше сен үшін де бір адам,
Бұлшық етін қайыс қылып бұраған.
Содан кейін естіп сенің іңгәңді,
Күліп тұрып осы араға құлаған, – деген жыр жолдарынан да сол ақынның азаматтық үні естіледі. Дәл осы бір жолды қалай талдасақ та қате еместей. Мәселен, зұлмат жылдары сақсыры қанға толған кер заманның батырлары анталаған ойраттардың осқырынғанына кектеніп, шашақты найза қолға алып, ақ семсерін толғанып, тоқтымдай жер топырағын жат табанға таптатпауға тырысты. Солар ұрпақ үшін бұлшық етін қайыс қылып бұрады емес пе? Тіпті, кешегі құмалақтай қорғасыннан ажал құшқан  арыстарымыздың өзі азаттық үшін күресті. Қазақ бостандығы үшін буырқана алып империяның тізесін дірілдетті. Ақыры сұмдардың саясатымен мәңгілікке сапар шекті. Олай болса бұлшық етін қайыс қылып бұраған бабаларымыз азаттық пен қазақтық үшін, ұрпақ үшін нәубетті бастан кешпеді деп ешбір жан айта алмас. Міне, осыны асқақ тұрпатта жырына дәнекер еткен ақын, келесі бір кезекті:

Уа, ұрпағым, күнің ғажап алдағы,
Бізбен кетті тіршіліктің салмағы.
Жерде туып, жерде өлсеңдер ризамын,
Жерге симай жүрмесеңдер болғаны, –
деп жерге симас көркеуделіктен, рушылдықтан, менмендіктен, түрлі түрлі жағымсыз мінезден, ұлт үшін қасіретпен пара-пар дүниелерден аулақ болуды аманаттайды. Сірә, ақын болу бір басқа да, азамат ақын болу екі басқа дүние. Ал бұл тұрғыда Құдаш Мұқашевтың қайраткерлік үні салқар сахарамызға еркін жететіндей жырға жалау болған.

Ескіден қалған жарам көп,
Албырт ем рас ол кезде.
Әне, көз тоқтар шамам жоқ,
Жөнелдім сүңгіп сол көзге.
Қоятын емес еркіме,
Барады тартып тұңғиық.
Мен түгіл оның өртіне,
Кетуі кәдік күн күйіп.

Жанардан  ұшқын атқан сұлуға деген ыстық сезімді  әр ақын әртүрлі жырлайды. Бірі – сезімін ашық айтып, «сүйеді екем, сүйеді екем сені мен»                 (Т. Молдағалиев) деп асқақтата жырласа, бірі «өкінбеймін біреуді өпсе де өліп» (И. Сапарбай) деп арзу айта өлең еспек. Бәрі де жүрек қылын шертерліктей сөз өнерінің өзгеше иірімімен саф туындыларын салмақты етеді. Ал Құдаш Мұқашев махаббат тақырыбын жырлауда өзгелерге мүлдем ұқсамайды. Өзге соқпақтың иесіндей. Ол ұлы өзеннің тынып ағатынындай жұмсақтықпен, шамырқанып шамданып та кетпей, қатты айтып қаңтарып аларлықтай күйге де түспей, салқамдықпен, сырбаздықпен сөз түлетеді. «Көз» деген өлеңіндегі «Мен түгіл оның өртіне, кетуі кәдік күн күйіп» деген қос тармақтағы теңеудің өзі осы бір айтқан сөзімізге, тұжырымға түйін болатындай.

Иә, нағыз талант өз соқпағында ізін ерекше сайрата білуі керек. Ол ұста болса, қолынан шыққан заттарын ұлы жәдігер болып қалатындай мың да бір нақышпен безендірсе игі. Сол айтқандай, ақын да жүрегі тудырған өлеңді қай тақырыпқа бұрса да ол «өлең» болуы хақ. Осы орайда:
Жетектеп сусындыққа бір тұманы,
Жол жатыр шықпен сүртіп мұртын, әні.
Бір тұстан ауып келген бүтін бұлттар,
Тау жақта дар-дар етіп жыртылады, – деп табиғатты тамылжыта суреттеген Құдаш ақын Мұқашевтың қолтаңбасы қазақ әдебиетінде өшпестей бедерленгені ақиқат. Жүрегінен жыр семсерін суырып, отыз тоғыз көктем омырауында гүл-арманын бүрлеткен ақынның сол бір қолтаңбасы бүгінде сан оқырманның олжасына айналды. Дегенмен, саналы ғұмырын қазақ руханиятына арнаған Шерхан Мұртазаның «бір кем дүние» дегеніндей, ақын әлеміне саяхат жасаған біздің де көңілде «әттеген-ай» дегізген бір пікірдің қылаң беретіні бар. Ол ақынның шығармашылығының насихатталуы. Бүгінде әдебиетшілер мен руханиятқа аса жақын адамдар ғана ақын есіміне қанық болмаса, өсіп келе жатқан жас буынның дені ғажайып ақындардың бір парасын жыға танымайды. Егер Құдаш Мұқашевтай ақындардың жыры жалпақ оқырманға тегіс жетсе, онда ұлы өнердің өрісін кеңейткен тұлғалардың тұрпаты кесектеле бермек. 

Хош, үшбу ойдың өрімін ширықтыра отырып бір айтарымыз, Құдаш Мұқашевтың лирик ақын, ғажайып шайыр екені. Болашаққа талай дүниені аманаттап кеткен ақық жырдың иесі бұтарланбас шоқтықты шығармаларымен асқақтап, қазақ әдебиеті әлемінде мәңгі жасай бермек.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

 

Қатысты жаңалықтар

Футбол: «Жетісу» Түркияда жаттығуда

Футбол: «Жетісу» Түркияда жаттығуда

08.02.2026
Алакөл ауданында асыл тұқымды қой шаруашылығы құрылмақ

Алакөл ауданында асыл тұқымды қой шаруашылығы құрылмақ

08.02.2026
Жаркенттік кәсіпкер қой жүнін кәдеге жаратуда

Жаркенттік кәсіпкер қой жүнін кәдеге жаратуда

08.02.2026
Мемлекет және қоғам қайраткері Наурыз Қылышбаев 85 жаста

Мемлекет және қоғам қайраткері Наурыз Қылышбаев 85 жаста

08.02.2026
Ғылым, инновация және мәдениет: Айгүл Сәдуақасова неге бұл құндылықтар Конституцияның негізін құрайтынын айтты

Ғылым, инновация және мәдениет: Айгүл Сәдуақасова неге бұл құндылықтар Конституцияның негізін құрайтынын айтты

07.02.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.