Ескелді ауданындағы Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы орта мектепте ерекше рухани кеш өтті. Қазақтың ұлы ойшылы, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «Сөзі алтын, ойы теңіз» атты басқосу елдің рухани байлығын дәріптеген, жастарға өнеге болған тағылымды кеш болды. Шараны орыс тілі пәнінің мұғалімдері ұйымдастырды.
Кеш шымылдығы «Желсіз түнде жарық ай» әуенімен ашылып, оқушылар жүрекке жетер жырын төкті. Сахнаға шыққан жүргізушілер қазақ және орыс тілінде Абайдың өмір жолы мен мұрасының мәнін таныстырып, көрерменді бірден ғибратты ой әлеміне жетеледі.
Абай сөзінің шынайы қадірін жастарға жеткізуге келген қонақтар қатарында «Jetіsý» газеті әлеумет бөлімінің меңгерушісі, ҚР Ақпарат саласының үздігі Гүлжан Тұрсын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мұхтар Күмісбек, тарихшы, ақын Қалқаман Абдрахманұлы болды.
Оқушылар дайындаған «Абай мен бүгінгі жастардың тілдесуі» атты шағын көрініс көпшіліктің ықыласына бөленді. Бір жағында – даналықтың символы болған Абай бейнесі, екінші жағында – бүгінгі заман жастары. Уақыт алшақтығына қарамастан олардың ойы тоғысып, ақиқаттың, білімнің, әділдіктің мәні ашылды.
Абай өлеңдері қазақ және орыс тілінде оқылып, әр буынға аманат болған жырлар жүрекке жетті.
Кеш барысында оқушылар қонақтарға сауал қойып, әрқайсысы өз ойымен бөлісті: «Абай шығармашылығының қай қыры сізді толғандырады?», «Бүгінгі жастарға ең қажетті өсиеті қайсы?», «Абай сөзін күнделікті өміріңізде қалай қолданасыз?». Бұл сұрақтарға берген жауаптарда да ұлы ақынның өлмес мұрасы мен бүгінгі күннің сабақтастығы айқын сезілді.
Тарихшы Қалқаман Абдрахманұлы сөз алып, Абай мен жетісулық Жәлменде ақынның «Қоянды» жәрмеңкесінде кездескендігі жайлы естелікті тілге тиек етіп, оқушыларға екі тұлғаның да сөзге шешен екенін түсіндірді
Кеш соңында қонақтар өздері де Абайдың өлеңдерін оқып, даналыққа толы жырларымен жүректерге шуағын шашты. Ал мектеп хорының орындауындағы «Көзімнің қарасы» әні рухани басқосуды қорытындылады. Ұстаз Әния Бекжанова тағылымды шараға арнайы келіп, оқушылардың қойылымын ынтамен тыңдап, өмірлік ұстанымдарымен бөлісіп, балаларға адалдық жолын сілтеген қонақтарға алғыс білдірді. Ақын Мұхтар Күмісбек Абай өлеңдерін түсіне, түсіндіре оқыған балаларға ризашылығын білдірді. Жан дүниелері бай, рухани әлемге сусындап өсіп келе жатқан балаларды «Мизам» жылжымалы әдебиет мектебіне шақырды.
Абай сөзі – мәңгілік. Ол әр ұрпақтың жүрегіне шамшырақ болып, адалдыққа, білімге, ізгілікке жетелей бермек.
Г. Мұқашқызы





