Таба алмай тыныштықты туған елде,
Кете алмай біржолата бөтен жерге,
Тартқанда жалғыздықтан жаны қорлық,
Төсеген талай ерлер оққа кеуде, – деп «Құлагер» жырында жырлаған Ілияс ақынның жаламен атылған күніне орай Жансүгіров атындағы университетте «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» атты еске алу кеші өтті.
Кешті филология ғылымдарының докторы, профессор, «Ілиястанушы» ғылыми-практикалық орталығының меңгерушісі Мұратбек Иманғазынов ұйымдастырды. «Өмір таңы балалық қой. Оны еске алсам өскен жерім ойыма түседі. Боз дала, құла құм. Оларды қақ айыра аққан иір өзен… Міне, менің өскен жерім», – деп жырлаған құдіретті сөз иесінің жаламен атылғанына биыл 87 жыл. Ақынның туған жерінің тамаша табиғаты өмірге, сұлулыққа, ән-жырға құштар болып өсуіне әсер етті. Кеште гуманитарлық факультеттің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ержан Буланов сөз алып, жазушының қазақ әдебиетіне қосқан мол мұрасына тоқталды. Ақынның ұлтты білімге, еңбекке тәрбиелеудегі еңбегін атап өтті. Мұратбек Мүбаракханұлы Ілияс Жансүгіровтің ұрпақтарының халық жауының баласы аталып, қақпайланып, оқу-білім алатын кезде қиналғандары жайлы әңгіме айтты.
Еске алу шарасына қатысушылар ақынның поэмалары, журналистік жолы, балаларға арнап жазған шығармаларына тоқталды. Ілияс Жансүгіров «Тілші», «Еңбекші қазақ» газеттерінде қызмет істеп, қазақ баспасөзіне өлшеусіз үлес қосқандығы жайлы мол мағлұмат айтылды. Қазақтың үш бәйтерегі саналған Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлиннің де еңбектеріне тоқталды. Үшеуінің де жөргегі – бір ұлан-ғайыр даланың топырағы. Үшеуі де бір жазда дүниеге келіп, ызғарлы күні жер құшқан. Университет шәкірттері Сәкеннің «Көкшетау» өлеңін оқыды. Арыстардың ұрпақтары еске алу кешінде Бейімбет Майлиннің «Жазғы кеш» өлеңін нақышына келтіре орындады.
Жетісу университеті өңіріндегі білім ошақтарының қара шаңырағы. Бүгінде университет Ілияс тілшінің ізбасарларын да тәрбиелеп жатыр. Білім ордасының шәкірттері облыстық, республикалық баспаларда абыройлы қызмет істеп жүр. Ақын атындағы оқу ордасынан жүйрік журналистердің шығуы мен бүгінгідей тәлімді шаралардың көптеп өтуі ұстаздардың табанды еңбегі деп білеміз.
Гүлжан ТҰРСЫН




