Талдықорғанда IV Халықаралық «BIKEN FEST» театр фестивалінің салтанатты жабылу рәсімі өтті. Дәстүрге айналған бұл мәдени шара қазақ және кеңес театр өнерінің көрнекті қайраткері, театр мен кино актрисасы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, Қазақстанның халық әртісі Бикен Римованың есімімен аталып отыр.
Төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан бұл ауқымды мәдени жоба өңірдің рухани өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі десе болады. Мұнда әртүрлі елдің театр ұжымдары арасындағы шығармашылық байланыс нығайтылып, ұлттық театр өнері халықаралық деңгейде насихатталды. Сондай-ақ, қазақ өнерінің көрнекті тұлғасы Бикен Римованың рухани мұрасы дәріптелді.
Мерекелік кеш аясында «Ұлытау» этнорок тобы мен әнші Мақсат Рахмет, «Қарақат» мектеп студиясының «Жетігеншілер» ансамблі, облыстық Данеш Рақышев атындағы филармониясының «Жетісу» би ансамблі өнер көрсетті.
Бес күн бойы Жетісу жерінде отандық және шетелдік театрлар өз өнерлерін ортаға салды. Атап айтқанда, Грузиядан Илья Чавчавадзе атындағы «Батум» мемлекеттік драма театры, Түркиядан тәуелсіз «Painted Bird» театр ұжымы, Өзбекстаннан «Қашқадария» облыстық музыкалық драма театры арнайы келіп қатысты.
Фестиваль аясында түркиялық «Painted Bird» театрының өкілдерімен тілдесудің сәті түсті. Әлемге түрік және Батыс Еуропа классикасын жаңашыл көзқараспен сахналауы арқылы танылған бұл ұжым әйелдер құқығы мен гендерлік мәселелерді шығармашылық тұрғыдан көтеріп келеді.
Театр жетекшісі Жале Карабекир:
– «BIKEN FEST» фестиваліне қатысу біз үшін үлкен мәртебе. Өнер жолында өзіндік із қалдырған Бикен Римова сынды тұлғаға арналған фестивальден шақырту алу ерекше қуаныш сыйлады. Ұйымдастыру деңгейі өте жоғары. Түрлі бағыттағы қойылымды тамашаладық. Бізді шақырған ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығымызды білдіреміз, – дейді.
Ал театр әртісі Пелин Оруч:
– Қазақстандық көрермендер бізді ерекше ықыласпен қарсы алды. Халықтың жылылығы мен қонақжайлығына тәнті болдық. Болашақта тағы да келуді қалаймыз, – деп әсерімен бөлісті.
Фестиваль барысында еліміздің әр өңірінен келген жетекші театрлар өнер көрсетті. Олардың қатарында Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры, Түркістан музыкалық драма театры, Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры, Алматы қалалық мемлекеттік академиялық қуыршақ театры, Астана қаласы әкімдігінің «Жастар» театры көрерменнің ықыласына бөленді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Бикен Римова атындағы академиялық драма театрының ардагер актері Кендебай Темірбайұлы фестивальдің маңызына тоқталып:
– Бұл фестивальдің жыл сайын өткізілуі оның бұрынғы бағдарламаны қайталайтынын білдірмейді. Әр жолы жаңа ұжым келеді, мазмұны мен форматы жаңарып отырады. Ең бастысы, мұндай мәдени жобалар мемлекеттерді жақындастырып, халықаралық мәдени байланысты нығайтады. Бұл – әлемнің әр түкпірінен келген өнер жұлдыздары бас қосатын үлкен рухани мереке. Әсіресе жастардың белсенді қатысуы қуантады. Қазақстан театр өнерінің абызы Асанәлі Әшімовтің бастамасымен дүниеге келген «BIKEN FEST» бүгінде халықаралық театр кеңістігінің маңызды орталықтарының біріне айналдырып отыр. Осы ретте театр өнеріне жан-жақты қолдау көрсетіп отырған Жетісу облысының басшылығына және мәдениет басқармасына алғысымды білдіремін, – дейді ол.
Фестивальдің басты ерекшелігі, мұнда жеңімпаз анықталып, жүлделі орындар берілмеді. Өнер бәйгесіне қатысқан барлық театр ұжымы 5 күн бойы көрсеткен жоғары кәсіби шеберлігі үшін арнайы дипломмен марапатталды.
Медет ЖҰМАБАЙ





