Талдықорған қаласында ҚР Президенті телерадио кешінінің 30 жылдығына арналған «Шежіреден – болашаққа» республикалық кинолекторийі өтіп, тарихи ленталар өңір тұрғындарының ыстық ықыласына бөленді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мәдени маршруттың маңызды аялдамасы саналатын City Plus кинотеатрында «ARAL», «Серт», «Қуатты Серіктес» және «Кулалы аралынан шыққан адам» деректі фильмдері көрерменге жол тартты. Ауқымды шарада ел тарихы, табиғат апаты және адамдардың тағдыры шежіре ретінде баяндалды. Жетісу облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Мәди Шәкенов фильмдердің ұлттық жадыны жаңғыртудағы орны бөлек екенін атап өтті.
– Деректі кино арқылы әрбір азамат қоғам үшін маңызды мәселелер төңірегінде ой қозғайды. Аталған ленталар ұлттық жадымызды қалыптастыратын оқиғаларға қайта оралтады. Президент ТРК кинолекторийінің басты құндылығы – жастарға тарихи хрониканы таныстырып, оны келешек ұрпақтың жеке тәжірибесіне айналдыруында, – деді Мәди Шәкенов.
«ARAL» туындысы Арал теңізінің жағасында 50 жылдай өмір сүрген Күнтуған Тұрғанбаев ақсақалдың тағдырын арқау еткен. Фильм авторы Нұрлан Қабдай бұл еңбекті экологиялық апат қана емес, бүкіл бір дәуірдің тынысы ретінде сипаттайды. Теңіздің қайта оралуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей назары мен жүйелі мемлекеттік қолдауының нәтижесі. Туындыны тамашалаған Талдықорған тұрғыны Наталья Денисова туған жерін экраннан көріп, ерекше толқығанын жасырмады.
– Мен Қызылордада дүниеге келгендіктен, балалық шағым өткен мекенді экраннан көру қатты тебірентті. Аралдың қасіреті – тек Қазақстанға емес, бүкіл адамзатқа сабақ. Бастапқыда су тартылғанда табиғаттың қатал үкіміндей көрінген еді. Көкарал бөгеті салынған соң, теңіз қайта оралып, қайта табысудың белгісіне айналды, – деді Наталья Денисова.
Ал «Серт» фильмі 2024 жылғы көктемдегі су тасқыны кезінде бір-біріне қолдау көрсеткен ел азаматтарының ауызбіршілігін көрсетеді. Шарадан кейін талдықорғандық Медет Жұмабай да өз әсерін бөлісті.
– Фильмдер өте зор әсер қалдырады. Нақты оқиғалар мен одан өткен адамдарды көріп, тарихты мүлде басқаша қабылдайсың. Осындай материалдардың сақталып, келешек ұрпаққа жетуі қуантады. Сондықтан тарихи таспаларды жоғалтпай, есте сақтау маңызды, – деді Ерлан Ұшақбаев.
Туынды авторы Нұрлан Қабдайдың сөзінше, әр фильмнің артында журналистер, редакторлар, режиссерлер, операторлар мен архивистерден құралған үлкен ұжымның еңбегі тұр. Еліміздің 20 қаласын аралаған республикалық кинолекторий Талдықорғаннан кейін Қонаев қаласында жалғасып, 24 қыркүйекте Алматыда мәресіне жетеді.





