Жазушының жан тебіренткен «Үлпілдек» роман-тәмсілінде «Әдебиетке кірер есік бар да, шығар есік жоқ» деген жалқы сөз бедерленіпті. Мұны «Ақ желкен» журналының ұйымдастыруымен болған сұхбатта жас өскіндерге Дулат Исабеков айтқан екен. Қарапайым ойдың өзі қияндарға самғатып жібергендей көрінді. Осы сөзді алға тарта отырып біраз дүниенің басын ашып алсақ дейміз. Әуелі айтпағымыз, жазушы не ақын емеспіз. Тек әдебиет әлеміне ынтыққан оқырман не жастығының біраз жылын газетке ұрлатқан қарапайым журналистпіз. Бірақ түйсігімізде түннің сырын, күннің нұрын сезетін, жақсы мен жаманды парықтай алатын көз бар. Ол – жанның көзі, рухтың көзі.
Біз де көрнекті жазушының роман-тәмсілінде айтылғандай, әдебиет деген ғажайып шырғалаңға жастай шырмалдық. Бірақ ештеңе жазбадық. Таушалап оқып, тілшелеп тауысқан жүздеген я мыңдаған кітап туралы жалқы сөз айтпадық. Айта алмадық. Әлем әдебиеті сериясымен шыққан томдықтардан тартып, «Бабалар сөзі» сынды 100 томдық, Әуезов, Мұқанов, Мұстафин бастаған классиктердің том-том еңбектерін сүйсіне оқып жүріп өзгеше «дертке» дұшар болдық. «Ойлы оқырман қатарынан шығармыз» деген үміт құшағында жүріп ақырында бір авторды түбімен қопара оқитын рухани сырқат жанды меңдеп алған. Соңғы дертіміз – өткен жылы қыркүйекте жеке кітапханамыздың сөресінің сәнін келтірген М. Мағауиннің 26 томдығы. Бір парағын рәсуа қылмай ынтамен зейін қойдық. Шыны керек «Алтын Орда» мен «Шыңғыс хан» кітабына өзгеше өре керек екен. Әйтпегенде қалған роман-хикаялар мен әңгімелер жанды қозғады, рухты түлетті. Әсересе Мағауиннің «Қозбыз сарыны», «Қыпшақ аруы», «Аласапыран», «Шақан шері», «Көкбалақ», «Мен» секілді студент кезде түгескен ғажайып шығармаларынан бөлек, «Көк мұнар», «Сары қазақ», «Құмырсқа қырғын», «Өмір жыры», «Торғынның портреті» секілді ірілі-ұсақ шығармаларына дейін сүйсіне қабылдадық.
Асқар таудай Мағауиннен кейін кітап оқу күрт тоқтап қалғандай еді. Кекілбаев, Нұржеке-ұлы, Жұмаділов секілді 10-15 томдық еңбек жазған бірқанша қазақ авторларының тұтас еңбегін бұрынырақ түгескенбіз. Жалпы, мақтанғанымыз емес, оқушы кезден бастап бүгінге дейін қазақ прозасын түгелдей дерлік сүзіп шықтық. Соның ішінде бір-екі кітабын ғана оқыған жазушылар бар еді. Қатарында сырттай сүйсініп жүретін авторым – Жүсіпбек Қорғасбек те бар. Осыған дейін «Жансебіл» кітабын парақтап-тарақтап шыққанбыз. Терең әсер, тебіреніске толы сәтті ұры уақыттың тепеңінде жүріп жоғалтып алғандай болсақ та, аталмыш кітапқа енген әңгімелерінің өзінен-ақ жазушының көкжиегіне көз тастап үлгергендей едік. Кейіннен «Жансебіл» фильмін көрдік. Алғашқы ой омартамызға бал тұндырған тәтті сезімді қайта таптық. Бірақ, ол да аздық етті.
Жазушыны бір кітап арқылы тану, оның шығармашылығын білем деп ой қозғау біз үшін о бастан жан ұялтар іс санатында еді. Сол үшін мейлінше ізденіп бағып, түгесе оқуға тырысуды дағды етпедік пе? Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жыл басынан бері Жүсіпбек Қорғасбек шығармашылығына шым батқандай әсерде жүрдік. «Жансебілден» кейін қолымызға жазушының «Мехнат һәм Хикмет» кітабын алдық. Күнделікті қара мақала, ақпараттық дүниелерден қол қалт еткенде жұмыс кабинетіне текшелеп қойған 5 кітапқа жанар қадай бастадық. Қазақ әдебиетінің кешегісі мен бүгінін түгендеген, Нобель сыйлығын алған жазушылар мен әлемге әйгілі қаламгерлер шығармасы хақындағы тың ой, терең талдау арқылы өрілген сырлы сұхбаты адамды жазуға құлшындырады. Бұрындары оқымаған кітапты іздеттіреді. Жан әлемін, рухни болмысын, жазушы қаламгерлігі мен мехнатын ашып көрсете білген Жүсіпбек Қорғасбектің терсіңді еңбегімен келген кітап рухани көкжиегімізді кеңейтуге нағыз бағдаршам іспетті әсер берді. Біраз шығарманы авторымен қосып алдағы уақытта оқып шығармыз деп қойын дәптерге қою сиямен түртіп қойдық. Әдебиетші, тарихшылар, ақын-жазушылармен өрбіген өрелі сұхбаттар арқылы өзіміздің шетсіз-шексіз әдебиет айдынының әлі де жағалауында тұрғанымызды, айдынға аяқ сала алмағанымызды бағамдап бір қынжылып, бір құлшындық.
«Қазақ әдебиеті» газетінде жүргенде мықтыларды айтыстырып қойған. Анда жүргенде бүйткен. Мында жүргенде сөйткен», – деген аңызға құлақ түре өскен біз үшін Жүсіпбек Қорғасбек – жанартаумен пара-пар. Бірде әдебиеттің, бірде сынның өрісіне өрт қояр лавалы жанартау. Қазақ руханиятына ең қажетті жерден керекті сөз суыратын, нақтылы пікір сабақтайтын жанартау.
Осынау маңдай терін шүмектете еңбек етіп жүрген жазушының журналистикадағы жазбаларының өзі қою, қазақ әдебиетіне ең қажетті нүктеде бедерленіпті. «Мехнат һәм Хикметтен» кейін қолға алған «Үндеме» кітабын облыстық кітапхана сөресіне қайта апарып қоюға қимай қалдық. Өзегіміз өртенгендей, жүректің бір тамыры үзіліп түсердей «Үндемені» үндемей өткізудің өзі күнә іспетті сезілді. Әрине, үйдегі жеке кітапханамызда сіресіп тұрған 4 мыңға жуық кітап арасында үнемі бізге бағыт сілтеп, қайталай қарағанда жазуға құлшындырып тұратын еңбектер қатарында «Үндеме» де тұруға тиіс еді. Амал не, сатылымда жоқ кітаптың құтты орны, құсни мекені – кітапхана!
Біз жазып отырған осы мақаланың өзі қазаққа не қоғамға, қалаберді өзіміз секілді қарапайым оқырманға қаншалықты керек екенін бағдарлай алмаймыз. Ал Жүсіпбек Қорғасбек қаламынан туған әрбір эссе біздей оқырманның жүрек қылын шерткенін жасырып қайтейік. Мәселен, бір ғана «Мұртаза мен Мағауин», «Иір саусақ, қиыр жол» немесе «Бейкүнә Бердібек» атты эсседегі дүниелер, естеліктер өрелі жазушылардың, өрісті тұлғалардың келбетін көз алдымызға келтіреді. Бір рет те кездесе алмаған, маңдайымызға алдында тұрып аталы сөзін тыңдауды бұйыртпаған қаламгерлерді тануға негіз болатындай өреде. Биікте. Сондықтан да алдындағы асылын ұрлатқандай солығын баса алмаған сәби көңілдің уызындай кітап – «Үндеме» қимастық сезімін тудырса, одан кейін тілшелеген «Қалам ұшындағы миф» кітабы да соғұрлым жанға салмақ салды. Журналист есебінде, жазуға ынтық, әсіресе Асқар Сүлейменовтей дегдар жазушыға дертті болған қарақан басымыздың алған орны түгілі, «оқып тұрайыншы» деп сұраған жан баласына бергісі келмейтін қызғаныш хәлін де осы кітап тудырғаны рас.
«Қалам ұшындағы миф» кітабына енген сырлы жазбалардың кейіпкері Тәкен, Асқар, Қажығұмар, Мұхтар, Әбді-Жамил секілді өзге де біз көзбен көре алмаған классиктердің шығармашылығы тұрғысындағы Жүсіпбек Қорғасбектің жазбасына еріксіз сүйсінесің. «Үндеме» кітабындағы «Жын мен ақын» эссесі Тыныштықбек Әбдікәкімұлы шығармашылығын жаңа қырынан қарауға жетелегені рас. «Ақшам хаттарынан» кейін ақын кітабын қолға алмаған едік. Басы көркем де жеңіл, соңғы жағы күрделі болып кеткен поэзия арқылы Тыныштықбек әлемін тануға екіұдай оймен ынта салмай жүргенбіз. Алайда, қазақ әдебиеті асылының жоқтаушысындай кешегі мен бүгіннің тұтас жаңалығын қаламына арқау етіп, өткір сын, өрелі талдау жүргізіп жүреген, бүгінгі қазақ әдебиетінің ғылыми күшіндей көрінген Жүсіпбек ағаның «Жын» тақырыбын қазақы ұғыммен айшықтап берген талдауы ақынды тануға негіз болды. Жаңалық ашқандай Тыныштықбек кітабын іздей бастадық. Сол секілді «Қалам ұшындағы миф» рухтың жаңаруына, әдеби сананың жетілуіне ғажайып ықпал ете алғанына қуандық.
Рас, Жүсіпбек Қорғасбек прозасы өз уақытында мойындалған, жалпы қазақ оқырмандарының ыстық ықыласына бөленген проза. Жазушы әлеміне жетелеген алғашқы «Жансебілден» кейін «Үлпілдек», «Жынды қайың» кітаптарын қолға алдық. Бұл екі кітаптағы әрбір шығарма жүрекке салмақ салды, өмірдің мәнін жете түсінуге түрткі болды. Әсіресе ұзақ уақыттық әсерден арылтпаған «Үлпілдек» роман-тәмсілдің бізге берері аста-төк. Алдымен жазушы стилінің өзгешелігі оқырманды бірден шығармаға байлап тастайтын болса, екінші түу бастағы тағдырдың тиянақталар тұсын қаламгер қалай суреттейді екен деп өзің-ақ еліге түсесің.
Асқар Сүлейменовтың «Бесатарына» беташар болған Созақтың таңы келін емес кесір болып атқаны туралы тілдей пролог секілді «Үлпілдек» те үзік сөз, үздігер мазмұнды сөздермен басталған. Оқып көрелік:
«Жер ала-құла бұлт көшкен аспанға кішкене көлшік көзімен әлденені айта алмай ішіне сақтағандай тесіле қарап жатты,
күндіз осы көрініс түнде ай жарық болғанда сәл қоңырайып тағы қайталанды,
таңға жуық аспанда сыңар жүзіктей жарқырап Таңшолпан ғана қалғанда көлшіктің жағасына қос тіктірмей «Бензовоз» мінбелеп келіп, әркім әрнерсеге ие болып, оңды-солды жүгірісіп кетті,
олар жарты сағаттай тағы бірдеңеге батылдары жетпегендей, осы істегелі жатқан істеріне күмәнданар-күманданбастарын да білмегендей, өздерімен өздері әбігер болып күйбеңдеп жүрді де қойды,
күткен адамдары келмей қойған болса керек, топ ішінен жоғары көтеріле шолтаң еткен қолмен жарыса әлдебір темір тетік шақ етіп ағытылып, әлдене суға сарқырай төгілді» – деп басталатын прологтан тартып роман-тәмсіл соңына дейінгі сөздер осылай сатыланып өрілген. Сүлейменов «Бесатарын» күрделі, мазмұнды, ойын «мұнардың мұнарының мұнарына бүркеп» жазса, Қорғасбек «Үлпілдегін» үлбірете көркемдеп, мазмұныны мәйекті етіп, тек кейбір жан сезімін, кейіпкердің айтпақ ойын, өміршең көзқарасын ғана мұнарға бүркемелейді. Осылайша байырғы мен бүгінді жалғаған өзгеше кеп, жаңаша сипаттағы жазылған роман қалыптасқан жазу тілінен бөлек адамды жаңаша өріске ынтықтарады. Бастан-аяқ бір деммен оқып шыққан бұл туындыда жазушы адамдардың психологиясын өзгеше өреде суреттеумен, баяндаумен шектелмей, жаны әнге, жырға ғашық қазақ танымының да асқақтығын алаулата көрсете алған.
Қарға адым жүріп шалыс басар пенделік халдің әр сәті өлеңмен өрнектеліп, жырмен айшықталған екен. Өмірдің салқар көшінде періште болып келіп пенделік сорапқа түскен әрбір жұмыр бастының ойланар, толғанар, сағынар, қамығар сәтінің бәрі шайырлық пәлсапаға, ақындық тұжырымға лайықты тақырып бола алған. Біз мұны «Үлпілдек» арқылы жете тани түстік. Өлеңмен өрілген өмір, өмірмен өрілген өлең мәнін, адамзаттық пәлсапаны, тәмсілді бір романның өн бойына тоғыта алған Жүсіпбек Қорғасбек те жырдан алыс емес. Автордың да жазған жырларын ауық-ауық көзіміз шалып қалатынын да жасыра алмаймыз.
Жалпы алғанда романды тұтас баяндап жатуға міндетті емеспіз. Десе де, өзгеше бітімді шығарманың өн бойында оқырман мен қаламгерлер үшін аса қажетті байлық элементтері мол деп кесіп айта аламыз. Роман кейіпкері Үлпілдек арудың 15 жасында ойсоқты болып әр нәрсені көңіл көзінен өткізе білуі, көршісі Қыранқараның үйленген сайын әйелдері бақиға бет түзеп кете беретіні жас аруды ғана емес, бізді де таңдандырған. Бізді де ойландырған. Үш реткі некеден кейін де үш әйелін де қара жер қойнына аттандырған Қыранқараның да адамдық пен аусарлық жолындағы жұмбақ хәлі ой омартамыздың нәріне у тамызғандай жан түршіктіреді. Ал үр қызындай үлбіреген Үлпілдектің үш мүшелге жетпей жатып өзінен екі есе үлкен еркекті үйіне кіргізіп алуы, бұрынғы әйелдері секілді өмірден мен де үнсіз өтіп кетермін деп алғашқы түннен ажалды аңсауы, Әзірейілді күтуі жазып отырған жазушының түгілі, біздей оқырманның да жанын шыжғыратын ауыр дүние. Сор маңдайы шылқылдап үленген сайын әйелдерінен айырыла берген Қыранқараны ажалдың есігіндей көріп құшағына бас қойған Үлпілдекті өмірден баз кештірген не? Не үшін кектенді және Қыранқараға не үшін іші жылымады? Ақыры немен тынды? «Роман-тәмсіл» болатындай бұл шығарманың не артықшылығы бар? Осындай сауалдарды біз талдап бергіміз жоқ. Оны әрбір оқырман өзі ізденуі керек-ақ. Ал біз бір сөзбен тұжырымдасақ, көрнекті жазушының «Үлпілдек» шығармасы бізді шын тебіренткен, тылсымға жетелеген, қазақ танымындағы «ақ өлім», «өлім», тәсілім, жантәсілім, ажал, кек сынды тылсымият сезімдер туралы толғандыратын, мейлінше көркем түрде ұғындыра алған шығарма.
Жүсіпбек Қорғасбектің прозалық шығармалары, жалпы жазушылық жолы біз үшін ерекше. Қазақ жазушылары арасында, әсіресе бүгінгі прозада айрықша көз тастар көкжиек етуге келетін жол. Дара жол. Жазушының танымындағы дүниелердің дені өлімнің ақиқатын, өмірдің жалғандығын ашуға негіз болатындай. Шындық пен жалғандық арасындағы адам тағдырының мәнін де терең түсіндіре алатын шығармалар қатарында «Жынды қайың», «Өлікөл» секілді тағдырлы туындылар да баршылық. Кешегі күні адам тағдыры арқылы шығарманы көркемдік биікке алып шығу тұрғысында Айтматов пен Шаштайұлының туындыларына ынтық болған көңіліміздің аспанында биыл Қорғасбектің жұлдызы жарқырай түскенін мойындаймыз. Осы арқылы Жүсіпбек аға Қорғасбектің прозадағы мол мұрасы мен журналистикадағы әр жазбасына оқырман регінде сүйсініп жүргенімізді де қайталай айтқымыз бар.
P.S. Әркім өз танымына қарай ой сабақтайды, әркім өзіне лайықты жолда қалам сілтейді. Өз басым классик туралы толғансам да, ұлы суреткер хақында термелесем де бұғып, бүгежектегенді қаламаймын. Жазушы не ойлайды, қалай қабылдайды – бұл мәселе емес. Жаратар, жаратпас – өзі еншісі. Тіпті, оқырман арасынан: «Осынша толғанғанда Жүсіпбек Қорғасбек тұрғысында мардымды сөз айта алған жоқ» деп бұл мақалаға немкетті қарайтындар да табылып қалар. Оқа емес. Бастысы бұрындары жазбаған, жаза алмаған ойдың арнасын ашып алдық. Енді сүйінген, сүйген шығармалар тұрғысында жалқы болса да ой айтпаққа бекіндік. Ал бұл ретте біз Жүсіпбек Қорғасбек прозасына, жалпы шығармашылығына сүйсіндік. Классик жазушы деп көкірекке қондыра алдық.
АРДА БИ





