Көп толғанудың, әрбір дүниеге тереңдеп тоқталудың қажеті шамалы. Талайдан бері талмауыр жерден соққы алғандай қынжылып жүрдік. Ойландық. Сарапқа салдық. Іштей салмақтадық. Сонда да ұшығына жете алмадық. Соңыра Оралхан Бөкейдің «Атау-кересіндегі» Тағандай «Неге біз осы?» деп күбірлейтін күйге жеттік. Бәрібір хәкімдік биікке көтерілген Абайдың: «Адам ақылы шектеулі. Шектеулі санамен шексіздік құдіретін түсіну мүмкін емес» деген тұжырымына табан тіредік. Сондықтан бірден осы қысқа қайырар дүниеге ойысайық.
Рас, данышпанның даһлия суындай даналық дариясынан амалсыз сусын қандырғандаймыз. Әйтпесе, «Неге біз осы өз тарихымызды жоққа шығарып, тұлғаларды болмаған, өмір сүрмегендей қылып көрсетуге құмармыз?» деген ойға салынамыз ба? Бұған екі себеп бар. Біріншісі – Абайға жағылған күйе болса, екіншісі – Біржан мен Сара хақында.
Қашанда кері сөйлейтін, кейбір дүниеге сыңарезулей сынық пікір саптайтын тентегіміз бен теліміз бар. Ол қадым заманнан жалғасқан. Әр заманның өз сұрқылтайы болған. Десе де бабаның аруағына қаратып ұшқары ой сабақтау біздің дәстүрге жат еді. «Өлгеннің артынан жақсы сөйлеңдер, болмаса үндемеңдер» деген адамзаттың басындағы асыл тәждей тәңірісінің сый қып ұсынған елшісінің де емеурініне құлақ аспады. Тұтас бір ұлттың маңдайына басқан адамды терістеді. Шығармаларын мансұқтады. «Абайды Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялылары қолдан жасап шыққан…» деген қауесет желдей есті. Кейбір мүйізі қарағайдай ғалымдар да бұған екіұшты пікір білдірді.
Қайран, Абай! Қазағым деп қайғы алған дәуір данышпаны осылайша солқылдақ көпірде тұрып соны соқпақ түзгісі келген «жаңалық ашқыш» жандардың жартыкеш пікіріне тақырып болды. Ел ұлардай шулады. Пайғамбардан кем көрмеген жақсысын кім қиянатқа қисын? Дәуір данышпанынан кім теріс бұрылсын? Мұғдары әлімсақтан шеру тартып келген ауызекі әдебиетімізді қалыптаған жазба әдебиеттің бастауынан кім қашсын? Жартыкеш ой берекемізді алғанмен ақиқатында бізді, рухымызды Абайдан алыстата алған жоқ. Десе де өз асылына асылық сөйлеген кейбір жан тағанның монологын айтқызғаны рас.
Қазақ руханиятының зәу биігінде қою бұлттай ұйысқан тағы бір тақырып бар. Біржан сал мен Ақын Сара хақында! Нақтырақ айтсақ, айтысының болған, болмағанында.
Бұл тұрғыда да біз бабадан, оның мұрасынан бас тартпақ кепке еніппіз. Ұлылардың ұлағатты дүниесін жоққа шығаруға ұмтылыппыз. Бір дәуірдің қайнарындай, қыз бен жігіт айтысының бастауында тұрған қос тұлғаны тарихта болмаған дей алмасақ та, олардың мұрасын керекке жаратпағандай кергіппіз. Сонда не ұтамыз? Неден ұтыламыз? Ұтарымыз жоқ, ұтыларымыз көп екенін қалай аңдамайды осыны айтқан адамдар, жазған жазбагерлер? Түсініксіз.
«Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясы мен «Қазақ энциклопедиясы» сынды том-том еңбектерді ақтарып қарасақ Біржан сал мен Сараның айтысы туралы нақты деректерге ұшырасамыз. Өткен жылы әртүрлі берілгенімен айтыстың болғаны, нұсқасы бар. Мәселен, «Біржан мен Сараның айтысы 1871 жылы Алматы облысындағы Қапал-Ақсу өңірінде өткен. Айтысты ең алғаш 1898 жылы Қазанда «Қисса Біржан сал менен Сара қыздың айтысқаны» деген атпен Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы жариялаған. Кейін Зайсаннан екінші нұсқасы табылып, «Біржан сал мен ақын Сараның айтысқаны» деген атпен Қазанда жеке кітап болып басылды. Айтыстың алғашқы нұсқасы – 969 жол, екінші нұсқасы – 1080 жол. Әріп Тәңірбергенұлы жазған тағы бір нұсқасы 1907 жылы жарық көрген», – деген деректі ұшырастырдық. Сол секілді бірқатар жазбаға жіті мән берсек, қыз бен жігіт айтысының алғашқы әрі классикалық үлгісі қай жылы болғаны ғана күдік тудырады.
Хош, қысқа қайырар дүниеміз тізбектелген көштің шуда-шуда шаңындай шұбатылып барады. Келтесінен түйейік. Сонда бірден бастапқы сұраққа оралайық, «Біржан мен Сара айтысының болмағанынан не ұтамыз?». Ештеңе. Тақырға отырамыз. Ұлы өнер айтыстың айрықша үлгісінен айырыламыз. Қымызымызды басқа жұрт, көкпарымызды басқа ұлт тонағанындай өзімізді-өзіміз тонаймыз. Гюго бастаған ғажайып жазушылар мен ақындар ұлы Гомерден бас тартты ма? Жоқ. Жюль Верн секілді жазушылар ғана «Гомер заманындағы боямадан бас тартуымыз қажет» деп қана ой айтты. Ұрпақ үшін, әдебиеттің көркемдігі өсуі үшін. Солай істеді де. Гомерден тартып бүгінгі қаламгерлеріне дейін қуатты әдебиет түзді. Біз де Абайдың көркемдігінен биікке көтерілдік. Мазмұн, құнарына жете алған жоқпыз. Бірақ көркемдік, тереңдік жағынан кемелдене түскені жасырын емес. Біз де өзге ұлт секілді өз құндылығымызды көздің қарашығындай қорғауымыз керек. Бабалардан, олардың мұраларынан сарай тұрғызуға тиіспіз, жас ұрпаққа – ертеңгі төлге сол мұраны оқытуға тиіспіз. Басына орнаған тасына дейін құрметпен қарауға тиіспіз.
«Басына орнаған тасына дейін» демекші, қасиетті Қапал өңіріндегі Біржан мен Сара айтысқан жерге орнатылған белгітас бүгінде етпетінен түскен күйде жатыр. Құлаған. Кім құлатқаны, неден құлағаны белгісіз. Болжам жасай алмаймыз. Бірақ төңкеріліп түскені ақиқат. Жазушы, тарихшы Жемісбек Толымбекұлы бізге суретін жолдады. «Тарихи орындар мен ескерткіштерге аса жауапкершілікпен қарау керек қой» деп налыды. Біз де қынжылдық. Толғана келе осылай тілдей мақала жазуды жөн санадық. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы қаперіне алса, белгітасты мызғымастай етіп орнатып, қалпына келтірсе деген үмітпен толғандық.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ





