Қақпақылдап келгенде тәңір тағаланың өзі алқаған ба, әлде жазмыштың кесім-шешімінен кеми жаздап барып тұтасқан тіршіліктің түзу ырғағы солай бедерленген бе, оны болжап білместей еді. Уыз сәбиліктен балалыққа бет бұрған естияр шағынан елгезектік танытты. Ауыр жылдарды бастан өткерген ата-анасынан жырмыштап әрнені сұрай жүрді. Суыртпақтап сауал тастаған шағында айтылған үзік-үзік естеліктерден бір әулеттің тұтас шежірелік дастанын құрап алып, оны санаға сіңірді. Ырысы тасыған әулеттің қазақы қалпынан жаңылмай, сонау «ұлы Ресейдің» алпауыт құшағында дараланып жатқан Омбы облысы, Назыбай ауданын заманадан бері еркін жайлап келеді екен. Өзінің де өскен жер, құтты қоныс, құсни мекені осы Омбы. Қалың орыстың ортасында тірлік кешсе де бір қауым ел құраған қазақтар бұл атырапта Алаштың бар құндылығын құнттап, қасиетті дүниесін қастерлей білген. Бір-бірімен ана тілінде ғана сөйлескен. Дала дәстүрін дәріптеп, дана жұрттың жосын-жоралғысына жүйріктік танытқан. Бірақ…ТЕАТР
Бірағы сол, сайын далада болған солақай саясаттың салқынын орысқа ішкерлей еніп тірлік кешкен қазақтар бастан өткермеді емес, өткерді. Тән тоңдырды. Жан қалтыратты. Жанарынан аққан жас мұсатыр мұзға айналып, омырауына сырт-сырт үзіліп, сүйір ұшы көкірегіне тыртық қалдырды. Тұтас бір елдің, бір ұлттың маңдайына тиген дойыр қамшы бұлардың да жонына айғыз-айғыз таңба түсірді.
Ес білген шағынан елгезектікпен әрнені сұрап, өз әулетінің, ата шежіресінің әр тармағына бойлай білген қаршадай Қарлығаш кейін бәрін саралап көрген. Анасы Гүлғизаның сол кезде жүре айтқан әрбір дүниесіне зейін қойса, парқы мен нарқы тұтас бір романға бергісіз оқиға екен.
Ардақты әкесі Хамзенің ата-анасы (Қарлығаштың ата-апасы) дәулетті тұрғаны үшін «бай-кулак» деген желеумен жазықсыз жалаға ұшырап, «халық жауы» есебінде жарық дүниеден көшіпті. Қорғасын оққа таңылған! «Байдың асын байғұс қызғаныпты» дегеннің керімен сол кезде елге ес, ағайынға атымтай болған қаншама дәулетті, парасатты жан осынау жазықсыз жаламен жалғаннан көшті десеңізші?! Бұлар да сөйткен. Артында аңырап 4 перзенті қара жамылған. Желкілдеп келе жатқан жетімдер бір-біріне сүйеу болса, бәрі үлкен ағаларының қамқорлығымен өсіп-жетілген. Хамзе есейген шағында Кеңес әскері құрамына алынып, азаматтық борышын 3 жыл өтеген. Арада соғыс басталып, ғасырлық қырғынды бастан өткерген. Әскери борыш, ІІ Дүниежүзілік соғыс, қаланы азат ету жолындағы Венгрияда өткерген жылдар, бәрін санамаласа Хамзе Армия қатарында тұтас 11 жылын өткізіпті. Содан елге оралған, өзіне лайықты іспен айналыса жүріп аяулы жары Гүлғизамен өмірлік серт байласқан. Отау тіккен.
Өткен өмір, сүрген тірлік жайлы түу алыстан ой сабақтаған кейіпкеріміз, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Қарлығаш Исаева: «Тірліктің бар ауыртпалығын көтерген ата-анадан ардақты адам жоқ мынау жер бетінде. Әке-шешесі нақақ жалаға таңылған, өзі Армия қатарында 11 жылын өткерген әкем Хамзе талайлы тағдыр иесі болса да кісілігі асқақ жан еді. Анамыз Гүлғиза екеуі бізге адамдықтың асыл қасиеттерін үйретті, ізгілікті бойымызға сіңірді. Үйдің екіншісі болған маған қаршадайдан әкем мейірімін мелдектей төкті. Тізесіне отырып алсам аяғын ырғап, ат қылып ойнатушы еді. Жұдырығын сипасам ет пен терінің арасында бірдеңе сынаптай сусып, арлы-берлі жүгіріп жүретін. Сөйтсем, ол – оқ екен. Соғыста жараланбаған жері қалмапты, майданда атылған оқты тәнімен де арқалап жүрді ғой…», – деп тебіренеді.
Асқар таудай әке өмірінен, түпкі тамырынан тарау-тарау әңгіме қозғаған Қарлығаш Исаева нағашы жұртының да кермек татыған кешегі күнінен ой толғаған. Нағашы атасы жарты қап астыққа бола айдалып кеткен. Көз көргендердің, ауылдағы ағайынның көрсетуімен де баяғы. Содан көп өтпей нағашы апасы дүние салған. Шаңырақтың бар ауыртпалығы Қарлығаштың анасы Гүлғизаның мойнына жүктелген, ол артынан ерген іні-сіңлілерін өсіріп, бәріне аналық қамқорлық пен әкелік тәлімді қатар береді. Сан жылды артқа тастап әкесі айдаудан оралады. Қаусап, қалжырап…
«Міне, менің романға бергісіз жұқана ғымырбаяндық-хамсам, тарихым. Ата-апам «халық жауы» есебінде солақай саясаттың шалғысына оталды. Әкем 11 жыл майдан даласында қару асынды. Анам Гүлғизаның әкесі жарты қап астық үшін абақтыға таңылды, айдауда жігерін сарықты, рухын мұқалтты. Нағашы апамыз ауыр дертпен көз жұмды. Осылайша талайлы тағдыр кешкен ата-аналардың перзенттерінен біз тарадық, желкілдеп біздер өстік, әрқайсымыз өз жолымызды таптық», – дейді Қарлығаш Хамзеқызы.
Иә, кез келген талант тақсыры үшін бұл өмір қиындыққа толы. Оны тарихтан да, ұлы шығармалардан да оқып-біліп жүрміз. Десе де жетісулықтардың жүрегінен орын алған, өнер саласында бір адамдай маңдай терін шүмектеткен Қарлығаш Исаеваның рухани өмірінде осындай тарау-тарау тарих жатқанын аңдамаппыз.
Хош, кейіпкеріміз Омбыда туып, сол жерде мектепті үздік бітірді. Алғаш түскен оқуын саналы түрде тастап кетіп, өнер дарыған тектілерден бойға біткен талантты ұштау үшін Алматыға алып-ұшып жетті. 1971 жылы Республикалық эстрада студиясына Ғарифолла Құрманғалиевтің сыныбына оқуға түсті…
«Ұстазым Ғарифолла Құрманғалиевтің көзіне түсіп, домбырамен ән айтатын үлкен қабілетіме батасын беріп, өнерге баулуы – жаңа өмірдің баспалдағы еді. Алғашқы курста оқып жүріп-ақ өмірлік серігіме жолықтым. Сымбаты мен серілігі жарасқан, білімі қос жанарындағы жарқылынан-ақ аңғарылып тұратын Асан ол шақта Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның актерлік бөлімінде оқитын», – дейді тыңға құлаш ұрған Қарлығаш Исаева.
Алғашқы ұшырасудан, дидар-ғайып кездесуден-ақ қыз жүрегі дір ете түскен. Өлеңдетіп келіп топ қызбен танысқан Асанның тектілігі менмұндалап, азаматтық жігері, алғырлығы байқалған. Жас жігіт те топ қыздың ішінен аққуын адаспай тапқан. Осылайша өнер үшін туған қос жүрек табысып, студенттік кезеңде-ақ шаңырақ көтерді.
Исі қазақтың өнері үшін туған актер, режиссер, қолы қалт еткенде өлең өрнектейтін ақын, тарланбоз талант Асан Исаевты театр әлемін терең зерттеген жандар жақсы білуі керек. Небары 42 жыл ғана ғұмыр кешсе де соңына өшпес із тастаған ол Бикен Римова атындағы драма театрының ең алғаш іргетасын қалаған актерлердің бірі. Қасиетті Түркістан жерінде өмірге келіп, білім қуып, бойындағы телегей талантымен қасиетті Жетісу жерінің орталығында ғұмыр кешті. Сынаптай сырғыған уақыттың 42 жылын ғана еңсерді.
Үлкен әжесі Арыстан бабтың қасына жерленген, текті шаңырақтан шыққан Асан Исаев 1975 жылы Шолпан Жандарбекованың сыныбынан бітірген талантты топпен келіп, Талдықорған драма театрының шымылдығын түрді. Ғұмырбаяндық дерегіне көз жүгіртсек, алғашқы қарлығаштың бірі болған ол 15 жылға созылған актерлік ғұмырында талай рөлді сомдады. Әрбір образды ерекше айшықтап, кейіпкердің өміріне енді. Театр шымылдығы ашылғанда «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» қойылымында Қарабайды сомдап шықты.
Өнер жолын Талдықорған театрынан бастап, сол жерде табаны күректей жылдарын жылыстатқан талант тақсыры Асан Исаев Валентин Ежовтың «Бұлбұлдар түні» қойылымында – Тимофеев пен Фирсов, Есмұқан Обаев пен Роллан Сейсенбаевтың «Өзіңді тапта» – Әділет, Құттыбек Баяндиннің «Жаңғырығында» – Жәкей, Ш. Айтматовтың «Арманым – Әселімінде» – Әлібек, «Ана – Жер -анада» – Майсалбек пен Жанақ, Ғ. Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқты» екі бөлімді драмада – Қорамса, Ә. Рахмановтың «Опасыздың ойранында» – Досбайдың ары, Б. Тоғысбаевтың «Батыр бала Болатбегінде» – сыған, Т. Ахтановтың «Әке мен баласында» – Санжар, «Күшік күйеуінде» – Қабанбай, М. Әуезовтің «Түңгі сарынында» – Кәрім, Т. Қалилахановтың «Алтын бесік» екі бөлімді тарихи хроникалық драмасында – Төле би, Т. Есімжановтың «Жолда қалған жолаушысында» – Ертай, Р. Сейсенбаевтың «Қазақстан тұңғышы СТ-75» драмалық повесте – екінші цех бастығы Владимир Ким, Қ. Найманбаевтың «Тышқан жарысы» екі бөлімді қайғылы комедиясында – Сәбит, Ғ. Мүсіреповтің «Ұлпан» драмасында – Саврасов секілді сан түрлі образдарды сомдап, бұдан бөлек, өзге қойылымдарда да бірегей рөлдерді шеберлікпен алып шықты.
Қасиетті театр табалдырығынан аттаған бір топ жас таланттардың ішінде өнерге деген асқан ынтызарлығымен, табандылық һәм ізденімпаздығымен ерекшеленген Асан Исаев Жетісу облысының (бұрынғы Алматы облысы) мәдениеті мен өнеріне өлшеусіз үлес қосты. Театрсүйер көпшіліктің жүрегінен актерлік шеберлігі тұрғысында ойып орын алған ол театрдан актер болып жүруді місе тұтпай, Мәскеуде оқып «Театр және теледидар режиссері» мамандығын бітіріп келді.
«Жастық арманы мен махаббатын ұсынған Асанның көкірегі көріктей жалын беріп тұрушы еді. Ол өнер үшін туды. Сол өнер жолында маңдай терін шүмектете төкті. 1975 жылы ерлі-зайыпты есебінде оның курсымен Талдықорған драма театрын аштық. Сол жерде бірге жұмыс істедік. Ол қолы қалт еткен уақытта шығармашылықпен айналысты. Сан кітапты парақтап, режиссерлікке қатысты әрбір дүниеге мұқият зер салатын. Үйге кітап, журналдарды жайып тастап, мамандығына қатысты бүкіл дүниені тегіс адақтап отырып шығармашылыққа берілетін. Сондай қажыры, қайратының арқасында екі бірдей телеарнаның ашылуына мұрындық болды, режиссерлік етті», – дейді бекзат болмысты жары туралы тебіренген Қарлығаш Исаева.
Расында талантқа тосқауыл жоқ. Қай салада, қандай қызметте болсын шынайы дарын иесі дода алдында маңдайы жарқырап жүреді. Бұл – заңдылық! Ел руханияты үшін күні-түні толғатып, терең ізденістерге барған Асан Исаев актерліктен кейінгі кезеңде көпшілік үшін маңдай терін сарықты. Талдықорған облыстық теларнасын ашқан талантты азаматтармен бірлесіп, айтары айшықты арнаны жолға қойды. Тынысын енді алған телеарнаның бас режиссері болды. Сондай-ақ, Көкшетау телестудиясының басшыларының бірі ретінде өңір БАҚ саласының тарихында қалды. Бас режиссер ретінде ақтық демін алғанша қызмет етті.
«Өмірдегі мақсатым – туған ауылдан өнер деп қанат қақтым ба, өнер төріне қанатымды қатайтып, шыңына шығу. Отбасым, әке-шешем, сүйген жарым, балаларым – көзімнің қарашығы. Туған-туысым, достарым – жанымның жартысы. Кеңпейілді, үлкен жүректі азамат болу. Өнердегі мақсатым – жерінің көлеміне сай көгілдір күмбез аспанына тілі мен ақыл-ойы теңелген, жүзден астам ұлттың басын құрастырып отырған Абай, Біржан, Ақан, Шоқан, Құрманғазы, Сара, Дина, Махамбет пен Исатай, Қажымұқан, Сәкен, Төлеген, Мәншүк, Қаныштарды дүниеге әкелген, жерінен ғарышқа корабль ұшырған, әл-Фарабидей ұстазы бар қарапайым Қазақ халқын Одаққа, әлемге паш ету», – деп сонау 1978 жылы жазған күнделігінде тебіренген Асан Исаев бұл ақық арман жолында аз ғана еңбек етті. Телегей шабыт үстінде тер төгіп, небір тұлғаның жолын жоғары деңгейде өткере білген оған тағдыр мүмкіндік бермеді. 25 жасында жалынға оранып отырып осылай күнделік жазған оны Жаратқан ие өз құзырына шақыртып алып кетті…
Иә, өмір бар да өлмек бар. Тірісінде ел мұратын ақтау жолында арманын айшықтап, үлкен құлшыныспен еңбек еткен Асан Исаевтың істеген жұмысын, тірлікте табандылықпен түсірген ізін түгел жазып бітуге уақыт тар. Десе де оның соңында 3 ұлы, абзал жары қалды. Майданда Отан үшін от кешкен асқар таудай әкесі Ахмет қалды.
Жанын жалынға орап, өнер үшін барын аямаған Асанды жоқтап артында қалған Қарлығаш Исаева ерге тән қажырмен екілене тірлік кешті. Майдангер атасына өзі бас-көз болып, келіні емес, қызындай қарады. Тоқсанға келіп бақиға бет түзеген Ахмет ақсақалды абыроймен жөнелтті. Асан екеуінің ғұмырының, махаббатының нұрындай болған 3 перзентті оқытты, әрқайсысын бір-бір отау қылды. Ал оған дейінгі ғұмыр-дерегіне үңілсек, Қарлығаш Исаева Жетісу жерінің мәдениетіне бір адамдай үлес қосты.
1975 жылы театрды жары Асан Исаевпен бірге келіп ашқан Қарлығаш сахнада бірқатар рөлді сомдады. Дара дарынының арқасында театрдағы 80-нен астам қойылымының музыкамен әсемделуіне ықпал етті. 1982 жылы І. Жансүгіров атындағы педагогикалық институттың музыка факультетін бітірді. Қолтаңбасын қалтырды. 1997-1999 жылдары Ғ. Мүсірепов атындағы мемлекеттік балалар және жасөспірімдер театрының музыка меңгерушісі болып жұмыс істеп, «Ескерткіш операциясы», «Әзірет сұлтан», «Алтын ажал», «Қаңбақ шал», «Мұңым менің», «Бөлтірік бөрік астында», «Жаңажылдық ертегілер», 1999 жылы Бикен Римова театрынан қол үзбей ресжиссер М. Ахманов қойған «Қос мұңлық», М. Мақатаевтың «Райымбек! Райымбек!», М. Әуезов пен І. Есенберлиннің «Кенесары – Наурызбай» қойылымдарын музыкамен әрледі.
«Ол шақта бүгінгідей жұмыс қолжетімді болған жоқ. Әрбір музыканы, таспаны қиып, көшіріп, тұтас бір шығармашылық туынды жасау үлкен қажыр-қайратты, табандылықты талап ететін. Судың сылдыры, әтештің шақыруы, қасқырдың ұлығаны секілді дүниенің бәрін мұқият тауып, жазып, қойылымды әрлеуің керек. Мұның бәрі мехнатты шаруа. Десе де мен өз жұмысымды асқан шабытпен орындай білдім», – дейді барды бар деп айтса да асыра толғанбайтын бекзат болмысты Қарлығаш Исаева.
Шындығына келгенде Жетісу жеріндегі бүкіл мәдени, әдеби шаралардың өтуіне, олардың сазбен сырланып, музыкамен көркемделуіне тек кейіпкеріміз себеп болған. Ол 2002 жылдан бастап Талдықорған қаласы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның бас дыбыс режиссері болып жұмыс атқарды. Облысымызда өткен «Жігіт сұлтаны», «Қыз сыны» секілді барлық іс-шараларынан бөлек, Қабанбай батыр мен Ескелді бидің 300 жылдық мерейтойы, Нұрмолда Алдабергеновтің 100, Мұқан Төлебаевтің 90, Ақын Сараның 100 және 115, Ақан серінің 150, Райымбек батырдың 300 жылдық мерейтойлары секілді ел көлеміндегі талай дүбірлі думанды өткеріп, ондағы әрбір дыбысқа, ғажайып музыкаларға бір өзі жауапты болды. Әр қойылымның музыкасын жазды, көркемдеді.
Сонау Омбы топырағында қасиетін қастерлеп, дәстүрін даралаған отбасынан бастау алған талант тұғырын Қарлығаш Исаеава биіктетті. Бір ғана Қабанбай батырдың 300 жылдық мерейтойы бүкіл қазақ даласында театрландырылған қойылым жағынан, форматы жағынан ең үлкен той еді. Алғаш осыған ұйытқы болған, музыкамен әрлеген Қарлығаш Исаева болса, мұны таспаға түсірген, тарихқа таңбалап қалдырған, өзі өңдеп-монтаждаған жұбайы Асан Исаев екенін бірі білсе, бірі білмейді. Ал бүгінде ел ішіне кеңінен тараған Шәмші Қалдаяқовтың жарқын сұхбаты, ой-толғамы, оның жылы жүзі қалайша таспаланып еді? Мұны да Бикен Римова атындағы драма театрда музыка бөлімінің жетекшісі болып жүрген кезінде Қарлығаш Исаева жазып алған еді-ау…
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ





