Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл мәртебесі – ел мерейі» атты мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдері арасында облыстық байқау өтті. Орталық басшысы Жеңіс Жолдыбаев құттықтау сөзімен ашып, қатысушылардың білімін ғана емес, қазақ тіліне деген шынайы ықыласын, ұлттық құндылықтарға құрметін, сахна мәдениетін және ойды көркем жеткізу шеберлігін танытатын тағылымды шараға сәттілік тіледі.
Байқауға әртүрлі ұлт өкілі қатысты. Татар, ұйғыр, кәріс, орыс және өзге де этнос өкілдері қазақ тілінде еркін сөйлеп, өлең оқып, бейнероликтер арқылы өздерін таныстырды. Әр қатысушының сахнаға шыққан сәтінен-ақ мемлекеттік тілге деген құрметі анық сезілді. Олар қазақша ой айту, мақал-мәтелдің мағынасын түсіндіру, туған жер мен ел бірлігі туралы ой қозғап, тілдің тек қарым-қатынас құралы емес, халықты жақындастыратын рухани көпір екенін көрсетті.
Алғашқы таныстыру кезеңінде туған өлкенің ерекшелігін бейнеролик арқылы жеткізді. Бұл бөлімде әр қатысушының шығармашылығы, сөз саптауы және өзін еркін ұстауы бағаланды. Екінші, мақал-мәтелдерге қатысты сұрақтарға жауап беріп, Отан, тіл, еңбек тақырыбындағы халық даналығын түсіндіруге тырысты. Ал үшінші кезеңде «Мемлекеттік тіл – ұлт тірегі» тақырыбында шығарма жазылып, қатысушылардың сауаттылығы мен ой тереңдігі сараланды.
Нәтижесінде Текелі қаласынан қатысқан Нина Суковаткина үздік өнер көрсетіп, бас жүлдегер атанды. Оның қазақ тілінде еркін сөйлеуі, сахнадағы жинақылығы, ойды анық жеткізуі көрермен мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Мұндай байқаулар мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп қана қоймай, қоғамдағы өзара сыйластықты нығайтады. Әр ұлт өкілінің қазақ тілінде өлең оқып, мақал айтып, елдік тақырыпта ой толғауы – көпшілікке үлкен үлгі. Себебі тілге құрмет қағаздағы ұранмен емес, нақты әрекетпен көрінеді.
Аяулым Қалижапар
ЖУ филология факультетінің
2-курс студенті





