Көктемгі гүлдің жұпарындай жүректі баурайтын жырларды зерделі оқырман аңсап тұрады. Сол аңсаумен кітап атты ұлы мұхитқа бас қойып, рухани шөл қандыруға тырысады. «Кітап оқуды тоқтатқан адам ойлауды доғарады» деген сарындағы қағиданың мың құбылған түрін, сарынын әдебиетші қауым жақсы білсе керек. Онысы рас енді. Қазақтың біртуар жазушысы Әбіш Кекілбаев кітапхананы парасаттылықтың ең биік ғимаратына теңемей ме? Ал, сол биікті барлағысы келген жандар, әсіресе, қазақтың көрнекті ақындарының бал бұлағынан нәр алғысы келген оқырман айдынды Алакөлдің ақжал толқынындай поэзия теңізінде жемісті желкен көтерген Сәкен Иманасовтай дара дарынға жолығып-ақ жүр.
Жолыққан сайын жүрегінде қазақ сөз өнеріне деген риясыз сезімнің жалыны күшейіп, өлеңге деген махаббатының арта түсеріне кепіл болғымыз-ақ келеді. Өйткені Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев сынды Алаш поэзиясының біртуарлары санатында Иманастың Сәкені де бар. Биыл осы бір айтулы ақынның туғанына 80 жыл толып отыр. Осыған орай ақынын ардақтаған ел сырбаз қаламгердің мерейтойы аясында өтетін іс-шаралардың әлқиссасын бастап кетті. Облыс орталығындағы Тіл сарайында өткен алғашқы басқосуда шайырдың 5 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді.
Тұсаукесер жиынының шымылдығын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев ашып, шараны бастан-аяқ жүргізіп отырды. Одан кейін «Құрмет» орденінің иегері, белгілі журналист Мамадияр Жақып, Алматы облысының Құрметті азаматы Наурыз Қылышбаев пен Сәкен Иманасовтың жары Мәриям Иманасова жинақтың лентасын салтанатты түрде қиды.
Туған жердің тасы мен топырағы, шөбі мен шөңгесіне дейін жақсы көріп, жалынды жырына арқау еткен, әр тақырыпты терең қаузап, өлең өлкесінде өзіндік орнын, бедерлі ізін қалдыра білген ақын кітабының тұсаукесер жиынында ақ тілектер ақтарылып, қаламгер шығармашылығы мен өмірі жайлы естеліктер айтылды.
Алдымен рухани кештің алғашқы сөзін айтқан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, «Алатау» баспа-полиграфиялық корпорациясының президенті, жазушы-баспагер Ырым Кененбаев 5 томдықтың қалай жарық көргендігін қысқаша әңгімелеп өтті. Мемлекеттік тапсырыспен шыққан бұл кітапты құрастыру барысындағы түрлі жайтқа тоқталып, бір кездері ақын айтқан аманатты орындай білгенін де әңгіме арқауы етті.
Өз кезегінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы сөз алып, ақын әлеміне парасатты пайым жасады. Ол:
– Жазуы жақсы көрінгенімен мінезге кедей, адамгершілігі төмен жазушылар бар. Ал біреулері керісінше. Ұлы шығарманың тууы жазудың жақсылығына ғана тәуелді емес. Ғасырдан ғасырға жетер жақсы туынды өмірге келу үшін автордың жан тазалығы, адамгершілігі жоғары әрі қаламының қарымды болуы шарт. Бұл тұрғыдан келгенде ойы мен сойы, сыртқы сымбаты мен ішкі жан дүниесі бірдей көркем, сұлу Сәкеннің әдебиеттен алған тұғырын биік деп білемін дей келе, айтулы ақынмен таныстық орнатқан сол бір кезеңдерге, өткен өмірге, қаламгер шығармашылығы мен арда қасиеттеріне тоқталды. Өз кезегінде елімізге белгілі журналист Мамадияр Жақып, облысымыздың Құрметті азаматы Наурыз Қылышбаев, композитор Мұратхан Егінбаев сөз алып, Сәкен Иманасов жайлы сыр бөлісті.
«Алатау» полиграфиялық корпорациясынан мемлекеттік тапсырыспен 5000 дана болып жарық көрген 5 томдыққа ақынның таңдамалы жырлары, прозалық туындылары мен сыни мақалалары, эсселері кірген. Бұл жайлы жан-жақты таныстырылған кеш барысында ақынның жары Мәриям Иманасова сөз алып, көңіл толқынысын, игі шараның ұйымдастырушыларына деген алғысын жеткізді. Өз кезегінде Ақан Жылқышыбайұлы жетісулықтар атынан ақын жарының иығына зерлі камзол, басына ақ жаулық жауып, құрмет көрсетті. Сонымен қатар, Абылай Қармысов сынды дәстүрлі әншілер ақын сөзіне жазылған әнді әуелетіп, жыр-ғұмырға айналған ақынға деген көрермен сағынышын еселей түскендей болды.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ





