Ар-ұят. Обал-сауап. Тәлім-тәрбие. Міне, біз қазақ деген текті халыққа ғана тән біртұтас тәрбие жайлы сөз қозғағанда бірден осы құндылықтар еске түседі.
Егер біз ұлымыз ұлықты, қызымыз қылықты әрі текті болғанын қаласақ, білімнің ең биік тұғырын, яғни, тәрбиені дұрыс беруге міндеттіміз. Бала бойына тәрбие ең бірінші ата-анадан берілетінін ұмытпағанымыз жөн. Ұлттық болмысты, ұлттық құндылықты бала бойына дарытқанда ғана біздің ұрпақ ұлағатты болады. Ойшыл, ағартушы, әлемнің екінші ұстазы болған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз: «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп текке айтпаған. Балаға білім емес, бірінші тәрбие қажет екенін сол заманда-ақ тілге тиек еткен.
Қадір-қасиет, ар-намыс, адалдық, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету қажеттігін ұстаздар қауымы ғана емес, отбасында ата-әже, әке-шеше де үнемі баланың көкейіне құйып, санасына сақтауына ықпал еткені дұрыс. Бала ел іргесінің кетігіне бір кірпіш болып қалануы үшін қоғам болып атсалысуымыз қажет. Біз бүгінгі таңда мықты тұлға қалыптастыру жолында тынбай еңбек етіп келеміз. Себебі, бүгінгі жас балалар ертеңгі еліміздің тізгінін ұстайтын тұлғалар.
Жас ұрпақтың рухты болғаны аса маңызды. Ал рухты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз өткен күннің мұрасын бүгінгімен байланыстыра отырып, жастардың санасына сәуле жағу. Ең бастысы – ата-ананы сыйлап, құрметтейтін, өсиетін аяқсыз қалдырмайтын, отбасы деген киелі ұғымға терең мән беретін, Отанына опасыздық жасамайтын, туған жерге ту тігіп, туған елден безбейтін нағыз азаматтардың қатарын арттырамыз. Ол үшін тәрбиеші, ата-ана, жалпы қоғам бала тәрбиесіне бейжай қарамауы керек.
Гүлзат ТАЙКЕНОВА
«Ерке Нұр» балабақшасының тәрбиешісі
Алакөл ауданы
Фото: azattyq-ruhy.kz




