Қазақ құндылығының ұрпақтан ұрпаққа жалғасқаны игі дәстүр десек, өнердің де атадан балаға даруы жүрекке қуаныш ұялатады. Өнердің кеніші саналған Жетісу жерінде бұған мысал етерлік жандар көп. Соның бірі – босағасына жыр ұялаған Бұлғақовтар әулеті. «Хәйләйлім» деп өткен ғасырдың соңғы ширегінде алты Алашты аузына қаратқан Айтақынның ақтаңгерлік жолын баласы Жандарбек жемісті жалғастырды. Енді сол сара жолға түскен немересі Нұрлы Мұхамедиден көп үміт күтеміз...
Айтыс өнерінің туын биікте желбіретіп, бір өзі театр бола білген ақтаңгер Айтақын Бұлғақовтың тәлімі ерек. Баласы мен немересін балапандай баптап, ел алдында ақындық деген абзал жолға салды. Бүгінде Нұрлыны айтыс өнеріне баулып келе жатқаны жүрекке нұр ұялатқандай болашақ бір ділмардың өсіп келе жатқанын ұқтыратыны айқын.
Иә, ақтаңгердің хас өзі болған Жандарбек туралы айтылар сөз көп. Біз оған тоқталмаймыз. Өйткені ел жүрегінен жалынды жырымен орын алған ақын туралы көп толғанудың қажеті шамалы. Ал, Нұрлы туралы сөз басқа.
Бұдан біраз уақыт бұрын Талдықорған қаласында «Жетісу – жырдың бұлағы» атты облыстық ақындар айтысы және жыршы-термешілер байқауы өткен болатын. Тәуелсіз еліміздің жетістіктерін паш ете отырып, өз алдына отау құрғанына 3 жыл толуына орай Жетісу облысының жетістіктері мен әлеуметтік-экономикасын және мәдениетін тілге тиек етуді көздеген, сондай-ақ, Бақтыбай Жолбарысұлы мен Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл және Қанабек Байсейітовтің 120 жылдығын көркем жырмен әспеттеп, болмысын ашуды мақсат еткен айтыста жастар жаңа қырынан көрінді.
Одан кейін 21 өнерпаздың қатысуымен өрнек тапқан жыршы-термешілер байқауында біз сөз еткен Нұрлы Мұхамеди топтан озып, І орынды еншілеп еді.
Тегінен ақындық үзілмеген әулеттің ендігі болашағы деп білетін Нұрлы қазірдің өзінде жыр-дастандарды жаттап, қазақ ауыз әдебиетінің бізге жеткен үлгілерін жадына тоқып үлгерген. Үкілі үмітімізге айналған бұл балапан бүгінде Қ. Қасымов атындағы №28 IT мектеп-лицейінің бастауыш сыныбында (сыныпжетекшісі – Бағдат Джамбаева) оқыса, өнер мектебінде жыр-терме бойынша Ләззат Жамановадан, ал домбырадан Айнұр Нұрбергеновадан тәлім алуда.
Ендеше, бүгіннің өзінде Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, айбоз ақын Әміре Әрін секілді Жетісудағы зиялылардың ақ батасын алған жас өркеннің ертеңі нұрлы, болашағы жарқын болсын демекпіз.
Таңдайы тақылдаған жас талантты тіл-көзден жаратушы ие сақтағай!
АРДА БИ





