«Ай көрдім, аман көрдім» деп көңілді жұбатуға болады. Алайда бүгін бұл сөз жүрекке медеу бола алмай тұр. Өйткені руханият аспанындағы, баспасөз бетіндегі ең жарық шоқжұлдыздардың бірі Оралханша айтқанда «Үркер» ауып барады.
Жылдар бойы сөз қадірін бағалаған жұрттың серігіне айналған, әдебиет пен ой кеңістігінде бағдаршам болған басылым тарих қойнауына бет түзеді.
Уақыт алға жылжыды, заман түрленді. Бірақ сол өзгерістің екпінінде ұлттық ойдың мінбері, қалам мен парасаттың ордасы саналатын журналдың тоқтауы – ауыр қасірет. Бұл деген бір ғана редакцияның тағдырынан бөлек, тұтас қазақ руханиятына түскен салмақ, ауыр қаза.
Осы орайда кеше біз журналдың бас редакторы Жарас Сәрсек ағамен байланысқа шықтық. Қабырғасы қайысқан қаламгер басылыммен қимастық көңіл күйде қоштасуға мәжбүр болғанын жеткізді. Оған дәлел журналдың соңғы санында ол былай деп жазыпты:
– Бұл сан әркімге әрқалай әсер етуі мүмкін. Ал, мен үшін 16 жылдық ғұмыр. Журналдың осы уақытқа дейін 207 саны жарық көрді. Аз емес. 16 жыл алғашқы редакторы, белгілі жазушы – Қуандық Түменбай ағаммен бірге отын жағып, қазанын қайнатыппыз. Қазанда бірге қайнадық. Отыны таусылып, қазаны төңкерілмеп еді…
Алғашында 7000 тиражбен жарық көрген басылым республикамыздың түкпір-түкпірінде бұйығы күй кешіп жатқан жүздеген жас таланттың жарқырай көрінуіне сеп болды. Жұрт іздеп жүріп оқитын басылымға айналды.
Одан да бөлек бірнеше қоғамдық ұйымдардың шығармашылық байқауларында оза шапқан «Үркер» еді.
Сөз соңында осы жылдар ішінде бізбен бірге болған аяулы авторлар мен мейірімді оқырмандарға алғыс айтқым келеді. Рахмет сіздерге!
Осымен «Үркер» жабылды. Әрине, қимастық сезімді сөзбен жеткізу қиын. Әйткенмен шешім солай болды.
Ел аман, жұрт тыныш болсын! Қазақтілді басқа басылымдар жабылып қалудан аман болсын! – дейді.
Әрине, бұл қоштасу сөзде бір ғана редактордың ғана жүрегі сыздаған жоқ. Онда он алты жыл бойы әдебиеттің отын маздатып, жас қаламгердің үмітін оятқан, мәдениет туын биік ұстаған басылымның тоқтауы жалпы қазақ елінің көңілін мұңайтты.
Шынтуайтында «Үркер» жай журнал ғана болған жоқ. Ол – ауылдағы ағайынның санасына жарқырап түскен алтын сәуле, өңірдегі жас авторға берілген үлкен демеу, әдебиетке енді қадам басқан жас талапкерге ашылған бірден бір мүмкіндік еді. Бір кездері ел ішіндегі елеусіз жүрген талай талант осы басылым арқылы көпшілікке танылды, танытылды.
Міне, осылай, көңілге ой салатын журнал «жетімдік» көріп, оның орнына жеңіл әсер қуған дүниелер алғы шеп пен алдыңғы қатарға шықты. Салмақты ой сұраныстан тыс қалып, терең мазмұн шетке ығысты. Руханиятқа қатысты дүниелердің қадірі көмескі тартты. Қысқасы, «Үркер» жабылды. Бірақ ол жаққан шырақ өшкен жоқ. Ол дем берген жас қаламгерлер, ойға жетелеген мақалалар, сананы серпілткен ойлы дүниелер барда журнал ешқашан өлмейді, өшпейді. Бәлкім, қайта туар.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





