Бір заманда Бөкей ордасы құрылып, Исатайдың ізі, Махамбеттің сөзі қалған қасиетті далада осыдан алпыс жыл бұрын Бақытжан әкей мен Күнсұлу ананың шаңырағын шаттыққа бөлеп, ұл бала жарық дүниенің есігін ашты. Бұл 1960 жылдың 8 қаңтары еді. Небір оғландарды тудырған Орал өңірінің Жәнібек ауданына қарасты Тау ауылында талабы таудай, арманы асқақ Мирболат Бақытжанұлы есімдері елге мәлім мұғалімдер отбасында өсті. Бала кезінен зерек те алғыр перзент әкенің ақылы мен ананың ақ тілеуін жанына азық етіп, қос бәйтеректің саясында ержетті.
Әкесі – Бақытжан Сихов сол өңірге танымал математик болса, анасы Күнсұлу Жармағанбетова өмір бойы Бөкей- орда ауданының Б. Жәнекешев атындағы мектебінде қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, жас ұрпақты ана тіліміздің қайнарынан сусындатып, әдебиет айдынында еркін жүзуіне аянбай еңбек етті. Осындай зиялы отбасында тәрбиеленген Мирболат Сихов та әкеге қарап өскен ұлдың бірі болды. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің математика факультетіне 1977 жылы қабылданып, оны 1982 жылы үздік бітіріп шықты.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Мирболат Сиховтың еңбек жолын бастап, ғылымның қия шыңына көтерген, табан аудармай жарты ғасырға жуық қызмет еткен қасиетті қара шаңырағы. 1988 жылдың қазан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін математикалық талдау, функционалдық талдау және ықтималдықтар теориясы кафедраларының ассистенті, аға оқытушысы, доценті, 2012 жылдың қыркүйек айынан механика-математика факультетінің іргелі математика кафедрасының профессоры, ал 2015-2019 жылдары осы кафедраның меңгерушісі болып қызмет атқарды.
1988 жылы қазан айында математикалық талдау мамандығы бойынша «Тегістік модульдері мен әртүрлі метрикадағы тригонометриялық полиномдар арқылы ең жақсы жуықтау арасындағы кейбір қатынастар туралы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады және сол кездегі аспиранттар арасында Киров стипендиясының иегері болды. Әкесі математика саласының білгірі болғандықтан шығар, Мирболат Бақытжанұлы да қиын да күрделі саланы жанымен жақсы көріп, саналы ғұмырын арнап келе жатыр. Тынымсыз еңбегі мен өлшеусіз ізденгіштігінің нәтижесінде есімі елімізге танымал кейіпкеріміз 2010 жылдың 16 желтоқсанында жоғары кәсіби білім беру федералды мемлекеттік автономды білім беру мекемесі «Қазан (Приволжье) федералды университеті» жанындағы диссертациялық Кеңесінде – нақты, кешенді және функционалдық талдау мамандығы бойынша «Әртүрлі метрикадағы көпөлшемді жуықтау теориясының кейбір есептері» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады және оған 2011 жылдың 21 қазанындағы Ресей ЖАК шешімі бойынша физика-математика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі берілді.
Мирболат Сихов ғылым жолында іздене жүріп, ұлағатты ұстаздардың да қатарынан ойып тұрып орын алды. Екінің бірі тәуекел етіп бара бермейтін салаға өз есімін өшпестей етіп қалдырды. Білімгерлерге ғана емес, жалпы осы сала мамандарына керек математика және актуарлық математика бойынша алпыстан аса ғылыми еңбек жазды.
Мирболат Бақытжанұлының физика-математика ғылымына сіңірген ұшан-теңіз еңбегін бір мақала аясында қамтып біте алмайтынымыз анық. Ол кісі ғылымға енгізген бір тақырыбының шетінен ұстасақ, ары қарай жіпке тізілген маржандай жалғаса беретіні анық. Осы шағын мақалада алпыс дейтін асқаралы жасқа табан ет, маңдай терімен жеткенін тілге тиек ете отырып, мерейтойымен құттықтағымыз келді.
Мирболат Сихов тек ғалым, педагог, ұйымдастырушы, менеджер ғана емес, сонымен қатар, үлгілі отағасы, өнегелі әке. Аяулы жары Ақжарқын Кныкова екеуінің терең білімі, қабілеттілігі, жоғары кәсібилігі және айрықша парасаттылығы балаларының да өмірлік ұстанымы мен үлгілі жетістіктеріне тікелей әсер етті. Үлкен қызы Гүлдана әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ді үздік бітірді, қазір Қазақстанның қаржы секторында белсенді жұмыс істейді. Ортаншы қызы Айдай – Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектеп-интернатын «Алтын белгі» медалімен бітіріп, АҚШ-тың Wisconsin-Madison университетінде экономика бойынша PhD докторы және магистр дәрежесін алды. Кіші қызы Назерке де Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектеп-интернатын «Алтын белгі» медалімен аяқтап, АҚШ-тың Чикаго университетінің математика бойынша PhD докторы және магистр дәрежесін алды.
Зайыбы Ақжарқын Кныкова, «KM Life» Өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ сақтандыру компаниясының басқарма төрайымы, физика-математика ғылымдарының кандидаты.
Қиын да күрделі мамандықтың иесі болып қана қоймай, осы жолда ғылымның сырын ашып, ғалым атанған шаңыраққа тек қана жақсылық тілейміз. Тәуелсіз еліміздің өркендеуіне үлес қосып келе жатқан отбасының алар асуы көп болсын. Бүгінгі технологиясы қарыштап дамып келе жатқан жаһандану дәуірінде Мирболат Бақытжанұлындай білімді маман, зерделі ғалымның еңбектері ұрпақ үшін сарқылмас қазына, сарқылмас мұра. Алпыстың асқарына осындай абыроймен шыққан азаматтың атағы асқақтай берсін.
Зоя СҮЛЕЙМЕНОВА,
Ақмарал МАЖИТОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
іргелі математика кафедрасының аға оқытушылары





