Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінде ардагер ұстаз Мұхаметнұр Есімбековпен, филология ғылымдарының докторы Райгүл Рахметовамен қызықты кездесу өтті. Аталған шараға оқу орнының мұғалімдері мен студенттері қатысты.
Ардагер ұстаз, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мұхаметнұр Есімбеков пен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің профессоры Айгүл Рахметовалар бірлесе отырып гуманитарлық және педагогикалық колледж студенттеріне арнап «Қазіргі қазақ тілі» атты оқу құралын жазып шыққан. Авторлар тәжірибеге бай, колледж студенттерінің ұстанымдарын, талап-тілектерін, сұраныстарын өте жақсы біледі. Олардың бірі колледжде жемісті еңбек етіп, осы ортада шыңдалған. Екіншісі – ғылымның тереңіне бойлаған ғалым. Теориялық негіздері мығым. Екі автордың көзқарастары бір арнада түйісіп, соның нәтижесінде қажетті оқу құралы жарыққа шығып отыр.
Олар бұл кітапты бүгінгі күннің талаптарына сай етіп әзірлеген. Мемлекеттік стандарт, үлгілі оқу жоспарлары, білім беру бағдарламаларындағы теориялық материалдар негізге алынған. Оның басты шарттары толық қамтылған. Сол сияқты, қазақ тіл біліміндегі фонетика, лексикология, морфология, синтаксис салаларындағы тың жаңалықтар ерекше ескерілген. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілгені мазмұндалған. Өмірден алынған қажетті деректерге терең мән берілген.
Оқу материалдары модульдік-блоктік жүйе бойынша топтастырылып, әр тақырыптың соңы соған байланысты сұрақтармен толыққан. Модульден кейін байқау-тексеру тестілері берілген. Оқулықтың педагогикалық және гуманитарлық колледждердің «Негізгі орта білім», «Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі», «Бастауыш білім беру» және «Мектепке дейінгі тәрбиені оқыту» мамандықтарын иеленетін студенттерге арналғаны баршаның көңілінен шықты.
Қос автордың шығармашылық жұмыстарымен таныстыра келіп, колледж директоры Алмас Жылқыбаев қонақтарды сахна төріне шақырды. Содан кейін салтанатты рәсім жағдайында кітаптың тұсаукесері өтті.
Мұхаметнұр Есімбеков және Райгүл Рахметовалармен болған кездесу еркін форматта өтті. Тыңдаушылар көкейде жүрген сұрақтарын қойып, оған тұшымды жауап алды. Әсіресе, мұғалімнің қоғамда алатын орны туралы толғаныстары ешкімді бейжай қалдырған жоқ.
– Бүгінгі таңда ағарту саласына жай ғана мамандар керек емес, ұлтжанды ұстаздар қажет. Сондай адамдар мына сендерсіңдер. Ұстаздық жолды дұрыс таңдағандарыңа көздерің әлі-ақ жетеді, – деді Мұхаметнұр Есімбеков.
Ойларын ортаға салған колледж мұғалімдері – Несіпті Игібаева, Панар Досбаева, Рахия Әбілқасымова, Зиба Нүсіпова, Құралай Құрманғалиева және Алматы колледжінен келген Гүлжанат Тоқтыбаевалар мұғалім мәртебесіне қатысты пікірлерімен бөлісті. Кездесу соңы колледж студенттері дайындаған концертке ұласты.
Болат МӘЖИТ
Еңбекшіқазақ ауданы





