Бала жасымыздан естіп өскен қиял-ғажайып ертегілерінде, кейіндері көрген фантастикалық фильмдерде небір кереметтер әңгіме болады емес пе? Соның көпшілігі бүгінде нақты шындыққа айналып, күнделікті өмірімізге дендеп еніп келеді.
Жаңағыдай кереметтердің бірі, тіпті бірегейі десек те болады, жасанды интеллект (ЖИ) деген ұғымға да бой үйрете бастадық. Содан кейін де баяғы фантастикалық фильмдерде көрсетілетін ақылды машиналардың (роботтардың) адамдармен тайталасы тіпті де қиял-ғажайып болудан қала бастағандай сезімдеміз. Жасанды интеллекттің «өкіл әкесінің» бірі саналатын белгілі информатик, Нобель сыйлығының лауреаты Джеффри Хинтон болса, лаулай түскен бұл отқа май құя түскендей болып отыр.
Британдық ғалым Джорджтаун университетінде сенатор Берни Сандерспен көпшілік алдында болған әңгімесінде ЖИ-дің қоғамды күйретуге дейін апаратын алаңдатарлық сценарийлердің бәрін толықтай сипаттап берді. Оның айтуынша, жасанды интеллекттің осыншама қарқынды дамуы бұған дейінгі технологиялық төңкерістердің бірде-біріне ұқсамайды. Басты атап өтетін мәселе – бұрынғы төңкерістерде жұмысшылардың жаңа табы, тобы пайда болатын болса, бұл жерде, керісінше, адамдардың көпшілігі бар жұмыс орындарының өзінен айрылып қалатын сыңайлы.
«Жұмысын жоғалтқан адамдардың көпшілігі басқа жұмысты таба алмауы да мүмкін, – дейді Хинтон бұл жайында. – Егер ЖИ адамдар тәрізді ойлап, жұмыс істей алатын болса, тіпті адамдардан да ақылды болып кетсе болашақта саналы тіршілік иелері істейтін жұмыстың бәрін атқара бермек».
Расында жасанды интеллект бүгінде көп тілден аударма жасап, мақала да жазып бере алады, жансыз суреттерді күлдіріп, кез келген адамның сөйлеу мәнерімен, ұқсас дауыспен мәтін құрайды, күрделі мәтіндердегі сәйкестіктерді анықтап, ғылымда күтпеген жаңалық та ашып кетуі ықтимал. Мұның жанында өндірістегі бірсарынды жұмыстарды атқарудың түкке де тұрмайтын шаруа болып көрінуі әбден мүмкін. Бұған Илон Маск, Марк Цукерберг пен Ларри Эллисон секілді мультимиллиардерлердің ЖИ-дің дамуына қомақты қаржы құйып отырғанын, соған орай оның алдағы уақытта бұдан да жылдам қарқынмен алға басатынын қоссақ, жақын маңдағы болашақты көзге елестетіп көруге болады.
Болашақ демекші, енді біраз жылдан соң он адам жұмыс істейтін бөлімде ақылды машиналардың жұмысын қадағалап отыратын бір ғана адамның қалуы мүмкін.
2018 жылы Хинтон мен Монреаль университетінің зерттеуші ғалымы Йошуа Бенжиоға, Meta-ның ЖИ жөніндегі бас маманы Ян Лекунға Тьюринг сыйлығы берілді. Аталған үштік сол кезден бері ЖИ-дің «өкіл әкелері» саналады.
Осы жерде Тьюринг сыйлығы жөнінде бірер сөз айта кетейік. Көрнекті ағылшын ғалымы Алан Тьюрингтің құрметіне тағайындалып, 1966 жылдан бері беріліп келе жатқан бұл сыйлық компьютерлік қоғамдастыққа ұзақ уақыт бойы елеулі ықпал етіп, дамуына қомақты үлес қосқан адамдарға тиесілі. Өз кезегінде информатика, яғни ақпарат саласында еңбек етіп жүрген оқымыстылар үшін бұл сыйлыққа ие болу Нобель сыйлығын алғанмен пара-пар құрмет болып есептеледі. Осыдан-ақ жоғарыда аталған ғалымдардың бұл жаңалығына қаншалықты маңыз, мән берілгенін байқауға болады.
Айрықша атап өтетін жағдай – аталған ғалымдардың қай-қайсысы да жаңағыдай технологиядан туындайтын қауіп-қатер жайында талмай айтып келеді. Ал Хинтонның өзі болса 2023 жылы Google компаниясындағы қызметін тастап, өзі бүкіл өмірін арнаған жұмысына өзегі өртене өкінетінін білдірді.
Осы жерде айтулы ғылыми жаңалықтардың бірқатарының адамзат баласына пайда ғана емес, тікелей зиянын да тигізетінін, ондай жаңалықтарды ашқан оқымыстылардың өмірден өкініп өткенін де еске сала кеткен артық болмайды. Бұған адамзат баласына орасан қуат көзін сыйлайтын ядролық физика саласындағы ғажайып жаңалықтардың әскери мақсатқа пайдаланылып кеткені де дәлел бола алады.
Хинтонның пікірі сол кезден бері де өзгерген жоқ. Оқымысты жасанды интеллектінің жұмыс орындарын жойып, жаппай жұмыссыздыққа әкеліп соқтыратынын қазіргі кезде де қайталаудан танбай келеді. Осы жақында ғана ол ЖИ өндірісінің адамзат баласының еңбегін алмастырмайынша пайда әкеле алмайтынын айтып, тағы бір тағдыршешті болжамын жариялады.
ЖИ-дің дамуына мүдделі болып отырған жаңағыдай мультимиллиардерлер болса мынадай маңызды мәселені ескермей отыр. Мәселен, мына бір жайтты көзге елестетіп көрелік. Кәсіпорындағы жұмыстың бәрін роботтар – жасанды интеллект атқаратын болды дейік. Онда жұмысшыларға, яғни жалпы тұтынушыларға жалақы төлеу қажеттігі де жойылады. Ал жалақысыз, ақшасыз қалған жұмысшылар зауыт шығарған өнімді қалай сатып алмақ? Мұндай үрдіс бүкіл ел, әлем кәсіпорындарында қалыптасқан жағдайда жалпы адамзат баласының шығуы қиын тығырыққа тап болатынын болжау үшін көріпкел болудың да қажеті жоқ шығар дейміз.
Бұл жерде жұмыссыздық проблемасы жаппай сипат алған жағдайда болмай қоймайтын әлеуметтік сілкіністер жайын да ескермей болмайды. Міндетті түрде орын алатын мұндай сілкіністердің тұтас мемлекеттердің іргетасын шайқалтып, тіпті төңкеріп тастауы да әбден ықтимал.
Адамзат баласының дәл қазіргі кезде мұндай қауіп-қатерлерге қарсы тұруға мүлдем дайын емесін дәлелдеп, қызыл езу болудың тіпті де қажеті жоқ. Бұл ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.
Фантастикалық фильмдерде «ақылды» машиналар адамзаттың өзінің жолын кесіп, билеп алып жатады емес пе? Хинтон мұндай қауіпті де жоққа шығармайды. Көп ретте ақылы адамнан да асып кетуі ықтимал жасанды интеллект «әлемді билеп алуға» талпынбас үшін ол барлық ел нейрожүйенің дамуын бірлесе қадағалап отыруы тиіс деп есептейді. Бұл үшін ЖИ қауіпсіздігін қадағалап отыратын халық-аралық зерттеу жүйесін құрмай болмайды. Бұған дейін өзіндей саналы тіршілік иесімен қарым-қатынас жасап көрмеген адамзат баласына енді осындай қадамға да баруға тура келетін сыңайлы.
ЖИ-технологиясын әскери мақсатта қолдану жайы да алаңдатпай қоймайды. Сарапшылардың айтуынша, әскери нейрондық жүйелерді қадағалап отыру ядролық қаруды қадағалаудан да күрделі. Атом бомбасын жасау үшін орасан өнеркәсіптік қуат пен сирек изотоптар қажет болса, автономды әскери жүйені басқару үшін бағдарламалық код қана қажет. Соған орай оны бір-ақ сәтте көшіріп алып, ұрлап кетуге, ғимараттан қарапайым флешкамен де алып шығуға болады. Мұның өзі ондай технологияларды таратпауға тиімді бақылау жасау мүмкіндігін іс жүзінде жоққа шығарады.
Иә, жасанды интеллект туындататын қауіп-қатер аз емес. Соның бірі – кез келген күрделі есептерді шеше алатын, адамзаттың нұсқауынсыз, ақылынсыз-ақ өз бетінше оқып-үйрену, даму үстінде болатын әмбебап немесе жалпы жасанды интеллектісі, яғни Artificial General Intelligence (AGI) ақылды машиналары. Gartner зерттеушілерінің пікірінше, мұндай әмбебап ЖИ небары он жылдан кейін, 2035 жылы дүниеге келуі мүмкін. AGI-дің басты қаупі – оның автономдығында. Егер ол қарым-қабілетін өз бетінше жетілдіре беретін болса, машинаның даму қарқынына адамзаттың таным-түсінігі ілесе алмай да қалуы мүмкін. Соған орай DeepMind пен OpenAI секілді әлемдік зерттеу орталықтары бүгінде машинаның мақсат-мүдделерін адамзат құндылықтарымен үйлестіру үшін жұмыс істеуде.
Бір мезгілде жасанды интеллект пен адамзат баласының бейбіт қатар өмір сүруін қамтамасыз ету жайы да ойластырылуда. Мәселен, өзіміз сөз етіп отырған ғалым Хинтон ЖИ-ді баласының, яғни адамзаттың қамын жеп отыратын ана орнына қою мүмкіндігін қарастыруды ұсынады. «Сол кезде, бейнелеп айтқанда, анасын баласы басқарып отыратын болады. Бұл ақыл-ойы дамып кеткен тіршілік иесінің (ЖИ-дің) одан гөрі ақылы аздау адамға бағынатын бірден-бір мысалы болып қалмақ», – деген ғалымның бұл ұсынысы да ақылға қонымды тәрізді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келетін болсақ, жасанды интеллекттің адам баласына келтіретін пайдасымен қатар туындататын қауіп-қатері де аз емес. Жоғарыда аталған ғалымдардың болжамынша, ЖИ-технологиясының салдарынан, бұл жерде зардабынан десек те болады, 2055-2060 жылдары адамзат баласының 10-20 пайызының жойылып кетуі мүмкін көрінеді.
Одан да асып түсер тағы бір қауіп – жалпы адамзат баласы дамуының біртіндеп кері кетіп, құлдырау, азып-тозу қатері. Ресей Ғылымдар академиясының вице-президенті, «Ресейлік неврология мен нейроғылымдар орталығы» мекемесінің директоры академик Михаил Пирадов ТАСС агенттігіне берген сұхбатында «Бұл болмай қоймайтын үдеріс, бізді алда технологиялық сингулярлық күтіп тұр», – деп мәлімдеді.
Ғалымның айтуынша, осынау сұмдық қатердің де ауылы алыс емес, қазақша айтқанда төбесі көрініп тұр деуге болады. «Әзілге сүйеп айтатын болсақ, біз алғаш дөңгелек ойлап табылған кезден бері «құлдырау» үрдісін бастап кеттік, – дейді ол. – Кез келген ірі жаңалықтың тіршілігімізді жеңілдететін әсері бар. Әдетте ондай жаңалықтардың арасында ондаған, жүздеген жылдар өтетін. Адамзат баласы оған бейімделіп үлгеретін. Қазір бәрі өзгеше. Әлемнің қас пен көздің арасында түбегейлі өзгеріп кететіні соншалықты, адамдар оның жақсы не жаман екенін сезініп те үлгермей қалады. Соған орай бізді технологиялық сингулярлық – қордаланған ғылыми жаңалықтардың мән-маңызын адамзат баласы түйсініп, түсініп үлгермейтін сұмдық кезең күтіп тұр».
Академиктің сөзін қарапайым тілге аударатын болсақ, оның айтқандары манадан бері өзіміз сөз етіп отырған жалпы жасанды интеллект, яғни Artificial General Intelligence (AGI) ақылды машиналарына келіп тіреледі. Жазу-сызумен, аудармамен, түптеп келгенде шығармашылықпен, ғылыми жұмыстармен, ой түгілі қарапайым дене еңбегімен де шұғылдануды тоқтататын болсақ, нағыз азып-тозу, тоқырау дегеніміздің өзі де осы емес пе?
Адам қабілетін дамытатын оқу-сызу жұмыстарын жасанды интеллектке артып қоюдың мысалын қазірдің өзінде күнделікті өмірімізден байқап жүрген жоқпыз ба? Ересектерді былай қойғанда оқушы балалардың өзінің үй тапсырмасын СhatGPT-дің көмегі арқылы орындап жүргені тіпті де жасырын емес қой…
Бірқатар ғалымдар көгілдір Жер ғаламшары пайда болғалы бергі кезеңнің өзінде адамзат баласының бірнеше өркениеті пайда болып, осындай қатерлердің зардабынан жойылып кеткенін айтып отыр. Әлемнің жеті кереметінің бірі – әйгілі Мысыр пирамидаларын, Стоунхендж монументін адамдар да, өзгеғаламшарлықтар да емес, нақ сондай дамыған өркениет өкілдері тұрғызған деседі. Кім біледі, олай болуы да мүмкін-ау…
Ұшатын кілем мен Жер бетінде болып жатқан оқиғаның бәрі-бәрін көрсетіп тұратын сиқырлы айна, желдің өзінен озып кететін Желаяқ дегендер бүгінде қиял-ғажайып болудан қалып, күнделікті өмір шындығына айналды. Ертеңгі күннің қандай керемет жаңалық алып келерін болжап білудің өзі мүмкін еместей. Дәлірек айтқанда мүмкін емес те. Тек жаңағыдай күтпеген қауіп-қатерлерін туындатып жатпаса дейміз. Жер бесігінде алаңсыз тірлік кешіп жатқан адамзат баласының ондай қауіптің алдын алуға шамасы мен қарым-қабілеттері жететін болар-ау деп үміттенеміз.
Нүсіпбай Әбдірахым,
Қазақстанның Құрметті журналисі





