Бүгін Жетісулықтар Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, хакім рухына тағзым етті. Салтанатты шараға облыс басшылығы, зиялы қауым өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
Қазақ халқының ұлы ақыны, жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл шара жоғары деңгейде өтті.
Шара шымылдығын облыстық Б. Римова атындағы драма театр әртістері ашты. Олар ұлы ақынның балалық шағынан бастап, бозбала кезі мен егде тартқан шақтағы өмірінен көріністер көрсетті.
Биыл еліміз бойынша ұлы ақынның 180 жылдығына арналған Абай онкүндігі 1–10 тамыз аралығында өтті. Жетісу өңірінде де осы мерейтой аясында көптеген игі шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі — «Өлең – сөздің патшасы» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы. Байқау жеңімпаздары бүгінгі жиында өз жырларын көпшілік алдында оқыды. Бұдан бөлек, шарада Абайдың әндері шырқалып, қара сөздері мен өлеңдері дәріптелді.
— Шындығында, Абай атамыз қазақ халқының дамуына, өркендеуіне үлкен үлес қосқан тұлға. Жай ғана ақын емес, дана адам. Сол даналығымен күллі елге темірқазық болып тұр. Абай бабамыздың 180 жылдығы ерекше аталып өтіп жатқаны бәрімізді қуантуда. Кемеңгер тұлғамыздың рухы шат болсын, халқымыздан береке-бірлік кетпесін, — дейді мерекелік жиынға арнайы келген зейнеткер Жомартқали Жексембіұлы.
Мерекелік басқосу әрі қарай концерттік бағдарламамен жалғасты. Онда өңір өнерпаздары ақынның әндерін орындап, Жетісу көгін күйге бөледі.
— Қазақтың біртуар перзенті Абай Құнанбайұлының шығармаларын насихаттайтын жыр мен сазға толы әдеби-сазды кешке отбасыммен арнайы келдім. Осы шараның өтуіне мұрындық болған жандардың бәріне алғыс айтамыз. Жас буын Абайды осындай рухани жиындар арқылы танып, біліп өседі. Ұлы ақынның өмір жолы бізге үлгі, шығармашылығы — ғұмырлық азық, — дейді қала тұрғыны Жәнібек Балташев.
Айта кетейік, бұл күні Абайға тарту ретінде ақынның туған жерінде өткен он күндік мерейтойға барлық облыстар атсалысып, өз үлестерін қосып жатыр. Сол мерекелік шараға Жетісу облысынан арнайы делегация қатысуда. Сонымен қатар, «Абай» саябағында Жетісу халқының атынан ақ шаңқан киіз үй тігіліп, Семей өңірінің жұртшылығына өнерпаздарымыз өз өнерлерін көрсетеді.
Медет ЖҰМАБАЙ
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай





