Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар қалан! – деп ұлтының рухани тағдырына тебіренген, «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп өкінішімен үлгі болған кемеңгер Абай атамыздың әлеміне тағы бір сүңгіп шықтым.
Ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсын- ұлы 1913 жылы «Қазақ» газетіне жазған мақаласында дана Абай атамыз жайлы: «Абай 1845 жылы туған. Жылы жылан екен. Ибраһим деген атын бұзып, Абай деп ат қойған шешесі екен. Шешесінің сүйіп қойған аты ел арасында шын атынан көбірек айтылады. Абай 10 жасынан 13 жасқа шейін қырда мұсылманша оқыған. 13 жасқа шығарда Семейде Ахмед Ризаның медресесінде оқыған. Медреседе оқып жүргенде 3 айдай орысша да оқыған. 4 жыл мұсылманша оқып, 3 ай орысша оқып, сонымен оқуды қойған. 15 жасында-ақ, балалық қылмай, үлкендердің қатарына кіре бастаған. Қазақты меңгеріп, халыққа араны жүріп тұрған төрелермен әкесі Құнанбай таласқанда, Абай әкесіне серіктікке жарай бастаған. 20 жасында ел ішіндегі белгілі бір шешені атана бастаған. Зеректікпен естігенін ұмытпаған. Ел ішіндегі сақталған қазақтың бұрынғы өткен билерінің билігі, шешендерінің сөйлеген сөзі, көсемдердің істеген ісі, үлгілі сөздер, ұнасымды әзілдер, мақалдар, мысалдар сияқты нәрселерді Абай көп біледі екен», – деген ойымен бөліседі.
Содан бері де 113 жыл өтіпті. Он бесінде би-шешендер мен ұлт көсемдерінің ғибратын жатқа білген, Құнанбай әкесімен қатар тұрып сөйлеген Абай қандай, бүгінгі он бестегі бала қандай?! Таразылай қарасақ, арасы жер мен көктей! Әрине, «бүгінгі баланы Абаймен салыстыру мүмкін емес» дерсіз. Иә, әрбір адам жеке бір тұлға, табиғаты бөлек бір әлем. Алайда, өз дәуірінде ілім мен білімге ерте жастан ұмтылған Абай, ұлы үшін алыстан ұстаз алғызып баласын оқытып-тоқытқан, қазіргі тілмен айтқанда, инвестиция құйған Құнанбай бүгінгі бала мен ата-анаға ғаламат үлгі емес пе? Сол он бестегі Абайдың оқығанын бүгінгі бала да оқи алады, біле алады, тани алады, ұға алады. Мысалы, бүгінгі әкелер мен аналар батырлар жырын мүдірмей оқитын, мақал-мәтелдерді тақылдатып жатқа айтатын, тарихымызды таңға дейін тарқататын, тіпті, жеті атасының шежіресін білетін ұрпақ өсіріп жатыр ма?! Бар мәселе осында болса керек. Жалпы, дінді түсіну үшін Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың жолына, ұлтты түсіну үшін Абайдың жолына үңіліп, өмірін терең талдап оқысаңыз екеуі де тұнып тұрған дүниетаным, иман, сенім, өнеге, ұлағат, тәлім, тәрбие! Руханиятына таңырқап, тағдырларына таңданасыз.
Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма! – деген бір шумағы арқылы данышпан бабамыз бізден нені көргісі келді? Өлең, қара сөздерінде айтылған қасиеттердің бүгінде қаншасы бойымызда бар? Мысалы, ес білгендерге:
Ғылым таппай мақтанба.
Орын таппай баптанба.
Құмарланып шаттанба.
Ойнап босқа күлуге, – деп оқу-білім, ғылымсыз адамның күні қараңғы, рухани дамымайтынын айтып, «бос уақытыңды өткізіп алма» дейді. Бізге осыны түсіну қиын ба? Бұл өлеңін 1886 жылы жазыпты, содан бері 140 жыл өтіпті. Ал біз қоғам болып білім мен ғылымда қаншалықты дамыдық? Оң қолын көтеріп, бес саусағымен санап тұрып «Өсек, өтірік, мақтаншақ», еріншек, бекер мал шашпақ» деп осы бес дұшпаннан қашық болуды санамызға сыналай сіңірді. Шындығында бүгінгі аға буын мен жас ұрпақ дәл осы бес кеселден қаншалықты қашықпыз? «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой» деп тағы да бес саусағын санап тұрып, бес асылға асық болуымызға үндеді. Асықтық па? Жоқ, әрине, өкінішке қарай, сол баяғы жартастың үстіндеміз.
Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік
Ер табылса жарайды, қылса сұхбат, – деп нәпсісіне ерген жастардың көңілімен сұхбат құрып, жүректеріне жол салады да:
Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма, – деп жар таңдаудан қателеспеуге шақырды. Бұл өсиетін бүгінгі жастардан бұрын, қазіргі үлкендеріміз қалай орындап жүр? Дәл осы Абай атамыз айтқандай: «Ары бар, ақылы бар, ұяты бар» ата-ананың қызы болса немесе ұлы болса бүгінгідей шаңырақ көтере салып, ажырасу індеті кең етек алмас еді-ау!
«Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол» – дегені де бар.
Егіннің ебін,
Сауданың тегін
Үйреніп, ойлап, мал ізде.
Адал бол – бай тап,
Адам бол – мал тап,
Қуансаң қуан сол кезде, – деп еңбектенуге шақырса,
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап, – деп адал еңбек пен салқын ақылға үндейді. Бірақ, әлі күнге ақылға ақыл қоса алмай келе жатқанымыз да рас.
Енді бір сөзінде ақыл, жүрек, қайратты бір-бірімен айтыстырып, ғылымға жүгіндіріп, соңында жақсылы-жаманды тұстарын айта келе «Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы», – деп жүректің жағына шығады. Неге? Бәлкім «Әуелі аят, хадис сөздің басы» деген данышпан Абай Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың «Ақиқатында, адам денесінде бір кесек ет бар. Ол жақсы болса, барлық дене жақсы болады. Ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Шын мәнінде, ол – жүрек» дегенін негізге алған шығар. Дана Абай дәуірінде Ұлы Даланы жайлап жатқан отарлау саясатынан халықтың иман-сенімі мен рухын сақтап қалу керек болды. Сол тұста: «Ендi бiлiңiздер, ей перзенттер! Құдай Тағаланың жолы деген жол Алла Тағаланың өзiндей ниһаятсыз (шексiз, өлшеусiз) болады. Оның ниһаятына ешкiм жетпейдi. Бiрақ, сол жолға жүрудi өзiне шарт қылып кiм қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делiнедi», – деп Құдайдың шексіз жолына байлану керегін ұғындыру үшін «толық адам» тағлымын жазып, халқына ұсынды. Демек, данышпан атамыз бізден білімді, ғылымды, имандылықты, адамгершілікті, рухани жетілуді көргісі келді. Содан бері шамамен 130 жыл өтті, рухани өстік пе, өндік пе, толдық па, толғандық па, Құдайдың шексіздігіне байландық па, ортамыздан әулиелер шықты ма?! Тым болмағанда бүгінгі Мемлекет басшысының: «Біз Абайдың «Толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін», – дегенін тыңдадық па? Осыған ойланайықшы, ағайын!
«Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды», – дейді оныншы қара сөзінде. Бұл Құдайдың құлшылығына қарсы келу емес. Бұл жердегі түпкі ой – дінді дұрыс түсіну, ұстану, құлшылық ету, яғни, ақиқатты тану үшін білім қажет, дұрыс жолды таңдау үшін ақыл қажет, сонда ғана құлшылық шынайы болады дегені. Керек десеңіз, бұл өткір ойы қазіргі таңда әлі де өзекті. Мысалы, тәуелсіздік алғалы, бәрімізге еркіндік берілді, мешіттер салынды, намаз оқимыз, бірақ толықтай рухани өзгердік деп айта алмаймыз. Ел болып ораза ұстаймыз, өзгермедік, қажылыққа бір емес, бірнеше реттен барып келеміз, бәрібір өзгермедік. Неге? Айтса айтты дейсіздер-ау, өйткені, бабалардың салт-дәстүрімен үйлестірген саф алтындай асыл дінін сақал мен тоқалдың айналасына байлап қойдық. Діндегі жетістігіміз 4 әйел алу, сақал өсіру, балақ кесу, пікір таласу, бір-бірімізді жамандау, шұқып көрсету, өкінішке қарай, отыз жылда тындырған ісіміз осы. Одан әріге рухымыз көтеріле алмайды, өреміз жетпейді, пенделіктен аса алмаймыз, ащы, бірақ, шындығы осы! Өз дәуірінде дін исламды бір өзі жүріп-ақ зерттеген, қара сөзі мен өлеңі арқылы насихаттаған Абай атамыз пешенемізге біткен жалғыз ғұламамыз десем, асыра айтқандығым болмас.
Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі хаққа жол емес, – дегеніндей, қазір намазды не үшін оқып, оразаны не үшін ұстап жүргенін бәрі емес, кейбір жан өзі де білмейді-ау. Атамыз айтқандай, ынталы жүрек, шын көңіл жоқ, яғни, ғибадатқа ақыл, қайрат жүрекпен келмейді. Ал атамыз бұл үштікті әр кез тең ұстауға шақырады. Бұдан зорында кейбір жүрек кеселденген, таза емес. Құлшылық әдетке айналған, басты ұра береді, бірақ, кеудесіндегі ұлы дүниесі уланған. Мұны әлеуметтік желіде отырып «ағузубилля» дейтіндерден немесе жібі түзулерінің өзі ашық түрде ащы тілімен ауыр сөздерді жазатын дін ұстанушылардың ой-пікірінен көруге болады. Сол үшін «Жаратқанның атымен оқы!» деген алғашқы аятқа орай атамыз құлшылықты Құдайдың құзыретіне жеткізу үшін үлкен ғылым қажет деді. Құдайдың бұл аятын қазір «менікі ғана дұрыс» дейтіндер дауға айналдырып, таласып жүр. Солай болғанның өзінде, Құран мен намаздың түбіне жетсе, олар ендігі әулие болып кетер еді. Бірақ, соңғы отыз жылда ондай нәтижені көрмедік. Құран кәрімде: «Білмесеңдер ілім иелерінен, ғалымдардан сұраңдар», – дейді. Ендеше, дін асылын Абай атамыз сияқты түсінгіміз келсе:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті, – деп басталатын «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңіндегі үш сүю, яғни, «Алланы, адамзатты, әділетті сүй» деген иманымен жүрейік ағайын!
Нұрлан қажы БАЙЖІГІТҰЛЫ,
«Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы,
Астана қаласы





