Бақытты бай дала, шабытты қайда да,
Жетісудың аймағы-ай.
Бірі – қант, бірі – бал, өсірген бірі – мал,
Сарадай жыры бар,
Зылиха, Күләштай, Мәрия, Жұмаштай –
Жетісудың қыздары-ай!
Жетісудың аймағы-ай.
Бірі – қант, бірі – бал, өсірген бірі – мал,
Сарадай жыры бар,
Зылиха, Күләштай, Мәрия, Жұмаштай –
Жетісудың қыздары-ай!
А. АСЫЛБЕКОВ
Жетісу, айналайын, түсін мені,
Бұл өмір от пен суға түсіргелі,
Байтағымды байыппен
жырлап келем,
Бойыма Тәңірімнен күш ілгелі.
Қаламым бойға асынған қаруымдай,
Асыл сөз бабам берген дәруымдай.
Өлеңмен сезім жырын себелетем,
Қазанның ұзақ жауар жауынындай.
Сол жауын неткен жылы, нұрлы еді,
Түсіме ылғи кемел күз кіреді.
Кең-байтақ ен далама көзім салсам,
Жанарым жатырқамай түзді іледі.
Сол түзім – Жетісудың жон арқасы,
Шабытты шалқытқаным
ел арқасы.
Арқарлы асуынан көзді салдым,
Сірә, бұл осы өлкеде жол ортасы.
Көрінді сонадайдан Алатауым,
Басында бір күні қар, бір күн жауын.
Атақты Аңырақай жатыр, әне,
Тарихқа тағзым еткен қалың қауым.
Алыстан Алакөл де ағарады,
Ебі мен Сайқан соғып қабарады.
Балқашым бұйра-бұйра толқынданған,
Сағымы Сарыесікті аралады.
Алтындай жарқырайды Алтынемел,
Күз түсе сай-саласын салқын емер.
Күреңбел Жетісудың кіндігіндей,
Туған жердің түсінсек парқын егер.
Жоламан, Сәмен менен Малайсары –
Қазақтың солар екен бар аңсары.
Қоянкөз, Бақтыбай мен
Жайнақ батыр,
Бірі – қару, екіншісі – қаламсабы.
Заманның бастан кешіп әрқалайын,
Жатыр ғой шуақ шашып Шанханайым.
Жырыма осы ауылдан бастау алып,
Өзім де шуда жіптей тарқалайын.
Шежіре түртіп қалсаң тіл қатады,
Ойға оралар Қызылқия, бірқатары.
Тұғырдың заңғарында Шоқан төре,
Қырандай биіктерден үн қатады.
Ойласаң бұл өмірдің сызы жатыр,
Көктемі, қысы менен күзі жатыр.
Жаз жайлау Тезек төре ауылында,
Шоқанның басып кеткен ізі жатыр.
Сол ізді басқан адам бақыт табар,
Бұл жерде алтын да бар,
жаһұт та бар.
Іңгә үні Жанболаттың үйінде деп,
Беріпті Тәңіріден уақыт хабар.
Жаһаннан жыртық үйге
құйылды нұр,
Бибі ана бабаларға сыйынды бір.
«Ұл болса, Үшкемпір деп атаңдаршы»,
Деп Жәкең туғандардан қиылды бір.
Көз тимесін деді ме ырымдады,
Бала сүйіп көрмеп ед бұрындары.
Көптен күткен шарана
кім болар деп,
Айналып сығалап жүр ұрын бәрі.
Ауылға, ағайынға сыйлы ана,
Құс етіне жерік боп Бибі ана.
Бір қыран туар деген үмітпенен,
Ойға келді жорамал қилы ғана.
«Қыз» деді босандырған
ардақты ана,
Жан-жаққа көзін салды салмақтана.
«Қыз болса да ер жүгін арқалайды,
Қол жұмулы ашулы бармақ қана.
Бармақтай бақ қонады бір басына,
Айналар бүкіл елдің тұлғасына.
Жанболаттың атағын шығарады»,
Деп ана дауыстады қырды асыра.
Болсын деп осы елдің сес, тірегі,
Кіндігін ер адамға кестіреді.
Атамқұл балтаменен бірақ шапты,
«Міне, батам!» деген даусы естіледі:
«Қызың сенің қызғалдақтай жайнасын,
Тағалы аттай тас қиядан таймасын.
Балтадайын өткір болсын өмірде,
Жаңқадайын дұшпандары жайрасын!».
Бет сипап жұрт Жанболатқа бұрылды,
«Аты кім?» деп шақалақтың бүгінгі.
Дастандарды көп оқыған адам ед,
Есім ойлап, қиссаларға жүгінді.
Жәкең сонда бірден атын атады:
«Зылихадай зор болсыншы атағы.
Жүсіптейін ер-азамат кездессін,
Тәтті болсын бұл өмірден татары».
«Тәубе» десті Бибі ана, Жанболат,
Астындағы арымасын арман-ат.
«Зықабас» деп атап кеткен қара қыз,
Ата-анаға болып жатты қолғанат.
Тоғыз жаста анасынан көз жазды,
Күні-түні буыршындай боздады.
Әке екеуі қалды үйде жабырқау,
Шеше кетті, үйдің іші тозған-ды.
Қу тірлікке қасарысып бой бермей,
Бостан-босқа езілуді жөн көрмей.
Білдірмеді сыртқа жүнін қампайтып,
Екеуі де қиындыққа өң бермей.
Күндер зулап, Зықабас та бойжетті,
Қызыл, жасыл киді әсем көйлекті.
Он шақты қыз бригада болды да,
Сауыншылық қолға алды бейнетті.
Ол кездерде бейнет еді бұл кәсіп,
Қора да жоқ салып қойған жымдасып.
Қолмен сауып, жемшөбін де таратар,
Желіндерде сүт қалдырмай бір қасық.
Он шақты қыз бүкіл ауыл көркі еді,
Жүрген жері күлкі еді, өрт еді.
Ферма айналып жүрген талай серінің,
Жүректерін жалын шашып өртеді.
Ерен шығып, еңбектері еленді,
Ел аузында алғысқа да кенелді.
Төрағасы – Базарбаев Игібай,
Завфермасы – Сарыбаев Төленді.
Озат болып, облыстан Ту алды,
Ауыл түгіл бар Жетісу қуанды.
Алматыдан әдейі іздеп келіпті,
Қаламгерлер Қанабек пен Қуандық.
Шаңғытбаев шабыттанып шалқыды,
Байсейітов күш-қуатын сарқыды.
«Беу, қыздар-ай» пьесасы жазылып,
Қыздар даңқы көк жүзінде қалқыды.
Сол жастарды басқаратын – Зылиха,
Шығарған да асқарға атын – Зылиха.
Қызған шоқтай жанып тұрған – Зылиха,
Жастарға жол салып тұрған – Зылиха!
Нұршаруандар жалын тектес
емес пе,
Айымгүлді сақтап жатыр ел еске.
Ал Зылиха депутат боп сайланды,
23 жаста ең Жоғарғы Кеңеске.
Білім іздеп институтқа түскелі,
Өзін-өзі көп ізденіп күштеді.
Бір-біріне қамқор болып жүретін,
Ол заманда адамдар да күшті еді.
Рамазанова Бижамалды кім білмес,
Ұмытпайды кейінгі ұрпақ үлгіңді еш.
Жол көрсетті Зылихаға жалықпай,
Дос боп кетті өмір бойы тізгіндес.
Ұмытпайды Нұрмолданың
нұр жүзін,
Көп нәрсеге үйретті ғой қыр қызын.
Қолтығынан талай рет демеді,
Аға-інідей ғұмыр кешті бірге ұзын.
Қыран құстай кеңге қанат жайған-ды,
Елі-жұрты Зылихадан айналды.
Компартия сенім артып съезге,
Талай мәрте делегат боп сайланды.
Соның бәрі есейтті де жас қызды,
Алға қарай қадамдарын басқызды.
Мал дәрігер Тоқсанбай ғана жылытты,
Ешқай жаққа бұрылмайтын «тас» қызды.
Екі ғашық отау құрды жарасып,
Матай тау да елжіреді қарасып.
Шанханайы шаттық тілеп жастарға,
Жарқын жолға жіберді ғой
бал ашып.
Сол кездердің комсомолы жастарды,
Жіберетін бағындыруға асқарды.
Көксудағы «Еңбекші» деген совхозда,
Біраз уақыт партия ұйымын басқарды.
Жол ашылды неше түрлі жобаға,
Іс дегенің қиындықсыз бола ма?
Екі жылдай тәжірибе жинақтап,
Шаруашылыққа болып шықты төраға.
Артта қалған совхоз еді кезінде,
Өзін-өзі қайрап қойды «Езілме!».
Нұрмолдадан үйренгенін кәде ғып,
Еңбек етті белді буып, көз ілмей.
Көп кешікпей совхоз озат атанды,
Қонаевтың өзінен де бата алды.
Көрген көзге көрікті де сәулетті,
Еңбекші ауыл ең алдыңғы қатарлы.
Үміт оты жүректерге жағылды,
Тәжірибе деп бүкіл облыс ағылды.
Қызылшада Битай менен Зәкәрия,
Кеудесіне «Алтын Жұлдыз» тағынды.
Қызылша да жайнап кетер ексең бір,
Мал да өсті, жайлайтыны
тек сеңгір.
Қонаевтың өзі күліп қадады,
«Алтын Жұлдыз» мың тоғыз жүз сексен бір!
Ұзақ жылғы еңбек жанды – Зылиха,
Өміріңнен өрнек қалды – Зылиха.
Жетісудың жұлдыз қызы – Зылиха,
Қазағымның құндыз қызы –Зылиха!
Еңбегімен өрге шыққан – Зылиха,
Топты жарып төрге шыққан – Зылиха.
Еліміздің Еңбек Ері – Зылиха,
Ұлтымыздың маңдай тері – Зылиха!
Ақын жырын сан арнаған – Зылиха,
Еркеғали ән арнаған – Зылиха.
Жүректерде жүзің қалды – Зылиха,
Жетісуда ізің қалды – Зылиха!
Сіз туралы ойладық біз – Зылиха,
Өр тұлғаңа бойладық біз – Зылиха.
Айналды ғой әнге есімің — Зылиха.
Ұмытылмас мәңгі есімің – Зылиха!
Ахмет КЕНДІРБЕКҰЛЫ,
Алматы облысының
Құрметті азаматы





