Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын мұқият тыңдадым. Онда айтылғандарды толық қолдаймын. Әсіресе, өзім еңбек ететін денсаулық сақтау саласына қатысты тұстары менің көкейімнен шықты.
Президентіміз өз Жолдауында Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» атты арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды. Онда Мемлекет басшысы экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) бағдарламалары бойынша бөлінетін квотаның санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту қажеттігін қадап айтты. Бұл көп адамдар үшін үлкен қуаныш. Олай дейтін себебім, ЭКҰ əдісіне жүгіну халықтың басым бөлігіне бүгінге дейін қолжетімсіз болып келгені белгілі. Сəби сүйгісі келетін отбасылар ол мүмкіндікке бірнеше жыл сарғая кезек күтіп, əрең қол жеткізетіні рас. Сондықтан квотаны бірден 7 есеге ұлғайту – халық үшін үлкен мүмкіндік, зор жетістік екені айдан анық. «Аңсаған сәби» бағдарламасын жүзеге асырудағы басты міндет – адамдардың бақытты болуына бағытталады. Мемлекетіміздің ақшасы еліміздің демографиялық жағдайын жақсартуға жұмсалады. Бұл деген сөз, әрбір квотаға мемлекет тарапынан қомақты ақша бөлінеді. Оның бәрі де баласыз отбасыға қуаныш сыйлау үшін жасалатын қамқорлық.
Елімізде қаншама бедеу əйел мен белсіз ер адам бар. Міне, солардың үміті жанды. Бүгінде Қазақстанда жаңадан шаңырақ көтергендердің 5-20%-ы бедеулікпен бетпе-бет келеді екен. Бұл шамамен əрбір бесінші не алтыншы отбасы перзентке зар болып жүр деген сөз. Аталған бағдарламаны ойдағыдай жүзеге асыруда бұл мәселенің іске асырылу тетігі белгіленгеннен кейін бар салмақ ақ халатты абзал жандарға, осы саладағы ғалымдарға түседі деп ойлаймын. Сондықтан біз, әсіресе, медицина саласының мамандары өз тарапымыздан барымызды салып жұмыс істеуіміз керек. Сонда көптеген ұл-қыздарымыз квотаның арқасында бесік тербету бақытына ие болады. Маман ретінде айтарым, аталған бағдарлама – мемлекетіміздің демографиялық хал-ахуалын көтерудің аса бір маңызды мүмкіндігінің бірі және бірегейі.
Гүлзада Арынова,
Жамбыл аудандық орталық ауруханасы директорының ана мен баланы қорғау жөніндегі орынбасары
Жамбыл ауданы





